Kyzylorda-news.kz Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жалпы, ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн.Қазіргі таңда зиялы қауымның қоғамдағы рөлі аса маңызды. Мәдениет қайраткерлері халыққа, ең алдымен, өз туындыларымен танымал болуы керек, қоғамға, әсіресе, жастарға жол көрсетіп, үлгі-өнеге болуы қажет. Жұртымыз зиялы қауымнан сабырлықты, парасаттылықты күтеді», деді.

Сыр елі – жыр елі. Бұл  – Сыр бойы халқының ұраны, барша қазаққа таныс түсінік. VIII-ІХ ғасырларда ғұмыр кешкен ұлы Қорқыт бабалардан бастау алған Сыр бойының ақын-жырауларының есімі көпшілікке таныс. Жауын жыр мен төкпе терменің қасиетін ұғынып, қалың жұртшылықтың қошеметіне кенеліп, өз есімін елге әйгілі еткен жастар осы бір дәстүрдің желісін үзбей жалғастырып келеді. Солардың қатарында ауданның өнерпаздары да бар. Әрісі Астана, берісі көршілес аймақтардың барлығын өнерімен тәнті еткен олар жайлы бір ауыз сөз айтайық.

Осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын талай дүлдүлдің мекеніне айналған киелі Маңғыстау жерінде жыршы, жырау, қобызшы Айтуған Тайұлының 220 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық жыршы-термешілер байқауында алдына қара салмай дара шыққан кешегі Еспембет, Бітімбай, Нұртуған шайыр мен Жаңаберген, Кәрібоздардың ұрпағы Хасенхан жайында бар қазаққа танымал Светқали Нұржанов:

– Бұл Хасенхан Кішкене дейтін оғлан Аралдың Ақбастысынан. Кәдімгі корифей Әбдіжәміл Нұрпейісовтен Берік Жүсіповке дейін шыққан азғантай ауылдың нән-талап перзенті. Кеше ғана Ақтауда өткен Айтуған Тайұлы атамыздың жыр сайысынан бас жүлдені бөксеріп барады. Елдос бастаған төрешілер оған бәйгені "құда" болғаны үшін бермегені белгілі. Маңғыстаудың жырларын осы өлкенің төл ұлдарынан асырып орындап, жүлдені жұлып алды. Бағың ассын, талабың тасысын. Қызылорда жыршыларынан Маңғыстаудан бас жүлде алған бір ұл емес. Ізденістегі жан бір бұтақтан жүз жеміс жейді. Ал маңғыстаулық жыршылар атқа шындап қамшы басу керек. Елдос пен Ақылбегі бар ел ұстазға да, қазынаға да кенде емес. Алайда Алмасы мен қос Берігі, Елмұрасы мен Ұлжаны, Күнсұлулары бар Сырынан іңкәрі, жырынан жұпары бұрқыраған жұрағаттан үйренетін үлгілері көп-ақ, – деп батасын берген еді. Бұл сөзінен Маңғыстау өлкесі біздің жыршыларды жатсынбайтынын байқап қалдық. Бірақ асыл өнерді асырып орындаса, кім жат деп танысын?! Өмірі өнерге, өлеңге байланған халық шын жүйрікті қашанда төбесіне көтеріп жүреді емес пе?!

Иә, дәл солай. Кеше ғана тағы бір Аралдың күміс көмей аруы ақтаулықтардың алғысын алып, марапаттың төрінен көрінді. Жеткізген Сейітовтың 70 жылдығына арналған республикалық жыршы-термешілер байқауында І орынды еншілеп, бір миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды.

Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Астана, Алматы облыстарынан барлығы 24 жыршы қатысқан үлкен додада жүлде салған бұл қызымыз – Арайлым Өмірбекова.

Арайлымның жыршылыққа жақын болуы да тегін емес. Тегінен осы бір қазыналы өнердің қасиеті тамырындағы қанмен біте қайнасқан жыршы жерлесіміз бала күннен домбыраның құлағында ойнап, талай дүлдүлдің термелерін жатқа орындап өсті. Себебі оның туған жері – Аманөткел ауылы, әйгілі шайырлар шыққан Мырзас. "Аманөткел қала болады, Мырзас дала болады" деп күні бұрын көрегенділікпен жырлаған Нұртуған жыраудың туған топырағы бұл ауылда қолына домбыра түссе, әуелете ән салмайтын жан жоқ. Солардың ортасынан шығып, өнер сахнасына көтерілген Арайлым Асылханқызы – бүгінде бір әулеттің келіні. Келін боп түскен шаңырағы жайлы айта кетпеу тіпті, әбестік болар. Өйткені бұл шаңырақтың перзенті, Арайлымның өмірлік азаматы да біз айтқан Светқали Нұржановтан бата алған Хасенхан Кішкенеев. Осындай өнердің өр перзентін тәрбиелеп өсірген ата-анасы Арайлымның да өнер айдынында кең қанат жаюына қолдаушылардың бірі болып шыға келді.

Қос бірдей қонысы қос қанатындай қалықтатқан кәсіби жыршыны құттықтап, тілдескен болатынбыз. Алғаусыз ризашылығын білдірген ол:

– Мен бірінші кезекте Маңғыстау халқына рахметімді айтқым келеді. Біз қазақ қашанда өліге құрмет қылудан қателеспеген елміз. Бірақ "Тіріде сыйла, ағайын, өлгенде "Сарай" салдырмай" деген аталы сөзді естен шығарып бара жатқан бүгінгі қоғамда ортамызда жүрген алыптарымызды ардақтаудан қалып барамыз. Оның жасыратыны жоқ. Десе де қазаққа белгілі ақын Қаныбек Сарыбаев «Өмірден кетсем де, өлеңнен кетпеймін» дегеніндей арамызда өмірін өлеңмен ұштастырып, сол өлеңі, өнері арқылы баршаға үлгі болып келе жатқан жандар жоқ емес. Солардың бірі – Жеткізген Сейітовтың. Жыршылықты жанына жалау еткен жыршы-термеші Жеткізген Сейітовтің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілген бұл байқау баршаға үлгі боларлықтай дүние. Көзі тірісінде өнер иесіне құрмет көрсету арқылы бүгінгі таңдағы бізге ең бір қажетті дүниені бастап берді десем болады, – дейді. Одан әрі байқау барысына көшкен кезінде:

– Жыршылар бәйгесіне 24 жыршы қатысты. Ұйымдастыру форматы да бөлек болды. Мұнда кәсіби жыршы да, кәсіби емесі де сахнаға шығып, сыналуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ жас шамасына шектеу қойылмады. Бұл біріншіден, жас буынның деңгейін алдыңғы буын ағалармен салыстырып қарауға мүмкіндік берсе, екіншіден жастар үшін үлкендермен сахнаға шығу үлкен тәжірибе алаңына айналғандай көрінді. Мен осы байқауға басқа байқауларға қарағанда ерекше ынтамен дайындалдым. Бір айдан астам уақыт жүргізілген дайындықтың арқасында сахнадағы қобалжуды жеңіп, өзіме деген сенімділікпен сынға түстім. Алғашқы кезеңнен кейін іріктеліп 13 жыршы қалдық. Осы өнердің дүлдүлдері қазылық еткен жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Нағыз жыр алыптарының қазылығы мен халықтың ыстық ықыласының арқасында жүлделі І орын бұйырды, – дейді.

Міне, бар қазақты мойындатып, дәстүрлі өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген осындай жерлестеріміз тек аралдықтардың ғана емес, жырды сүйген бар қазақтың мақтанышы бола бергей.

Тағы да оқыңыз: