Kyzylorda-news.kz Ел ризығын еселеуде мал шаруашылығының атқарар рөлі зор. Себебі төрт түлік халықты азықпен ғана емес, ауыл шаруашылық өндірісін күш-көлікпен және табиғи тыңайтқышпен қамтамасыз етеді. Тарих беттерін парақтасақ, мал шаруашылығының осыдан ондаған мың жыл бұрын пайда болғанын аңғарамыз. Ал ғалымдардың зерттеуі қазақ жеріндегі мал шаруашылығы қола дәуірінен бастау алады дейді. Бұған археологиялық қазбалар мен көшіп-қонып жүрген жұрттың атақонысы дәлел бола алады. Сондай-ақ, 1743 жылы Қалдан Серен қолынан Абылай ханды босатуға барған қаз дауысты Қазыбек бидің «Біз мал баққан елміз...» деген толғауы да осы шаруашылықтың атакәсіп екенін айғақтайды. Демек, қазақ елі үшін қой бағып, жылқы асырау жат емес. Ата-бабадан жалғасып келе жатқан үрдіс.

Шиелі ауданы да шаруашылықтың бұл бағыты бойынша алға жылжып келеді. Мәселен, осыдан екі жыл Шиелі ауданында мүйізді ірі қара саны – 89 253-ке жетсе, қой мен ешкі – 128 539, түйе – 1656, жылқы – 22 956, ал құс –30 315 болған. Бүгін осы көрсеткіштер тарих беттерінде таңбаланып қалған өткен жылғы көрсеткіштерден едәуір өскен. Осының арқасында 2022 жылы 4404,0 тонна ет, 17279,8 тонна сүт, 2476,9 мың дана жұмыртқа өндірілген. 

Әлімсақтан атакәсіппен айналысып, болмыс-бітімін мал шаруашылығымен байланыстыра білген өңірде мал бордақылау, қолдан ұрықтандыру сынды шаруа да оң нәтиже көрсетіп келеді. Кезінде соның арқасында Шиелі ауданында 50 бастан 120 басқа дейін мал бордақылайтын орындар болған-ды. Олардың қатарындағы Керделі ауылдық округінде «Халық», Ақмая елді мекенінде «Әсет», аудан орталығындағы «Шорабаев Ә» бордақылау алаңдары көш бастады. Сондай-ақ, жеке кәсіп ашып, елдің экономикасының дамуына сүбелі үлес қосуға атсалысып жатқан жеке кәсіпкерлер де жетерлік.

Олар шежірелі өлкеде мал бордақылау алаңының артуы үшін жұмыс істеуде. Мәселен, Бәйгеқұм ауылындағы «Бәйімбетов», Иіркөлдегі «Жерұйық», Керделідегі «Дидар», Төңкерістегі «Жылқыайдаров» алаңдарының бүгінде тасы өрге домалап отыр. 

Бүгінгі таңда ата кәсіп мал шаруашылығына жұрттың қызығушылығы артқан. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, «Құлан», «Алтын асық», «Сыбаға», «Ырыс» атты бағдарламалар арқылы осы кезге дейін қаншама елді мекендердегі кәсіпкерлер ісін қаржыландырудың тиімді бағытын пайдаланды. Бұл өңірде мал шаруашылығының тың серпінмен дамуына әсер еткені анық. 

Тақырып мал шаруашылығы турасында болғандықтан одан өндірілетін өнімдерді айналып өте алмаймыз. Жесең азық, ішсең сусын болатын төрт түліктің өнімдері де елдің есінен шыққан емес. Қазір егінмен қоса мал шаруашылығын бірге дамытып отырған қожалықтар бүтіндей бір ауылды ағарғанмен қамтамасыз етуге қауқарлы. Мысалы, «Ақмая» шаруа қожалығында мал фермасы жұмыс істейді. Мұндағы сүт өнімдері аудан орталығындағы дүкендерге және Ақмая ауылының тұрғындарына жөнелтіледі. Ал шипалы шұбат өндіретін «Ару ана» цехы Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларына түйе сүтін тасымалдайды. Мұнда тәулігіне 400 литрдей шұбат өндірумен қатар, сүт, айран, құрт, балмұздақ, қымыз секілді сүт өнімдері дайындалады. Жалпы өңірде алып өнеркәсіптерден бөлек, тұрғындар да ағарғаннан алыс қалған емес. Қорасында бірді-екілі сауынды сиыры барлар қаймақ шайқап, май дайындаудан алдына жан салмайды. Ал дәмі тіл үйіретін қазақтың бренді құртты сатып, нәсібін тауып отырған жандар қаншама?!

Рас, атакәсіп тоқырау тұсында тұралап қалды. Амандық-саулық сұрасқанда да «Мал-жан аман ба?» дейтін халық үшін ол оңайға соқпады. Ал қазір бұл саланың тамырына қан, өңіне нәр жүгіргенін жоғарыда сөйлеткен сандардан аңғара аламыз.

Тағы да оқыңыз: