Kyzylorda-news.kz Мемлекеттің басты байлығы - халық. Сол байлықты сақтау жолында Үкімет әрдайым елдің талап-тілегіне құлақ асып, мәселелер межесіне жетіп, қолға алған шаруалар оңынан шешілуі тиіс. Мәжіліс мінберіндегілердің де алға қойған мақсаты сол, елдің дегеніне құлақ түру. Осы арқылы бұқараның базынасын билікке жеткізіп, қос жақты көпірді нығайту. Осы ұранмен, өткен аптада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «ЖСДП» фракциясының мүшесі  Наурыз Сайлаубай Қызылорда өңірінің сайлаушыларымен кездесіп, аймақта атқарылған жұмыстарды көзбен көрді.

Депутат сапары барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын және тұрғындардың өзекті мәселелерін зерделеді. Көптеген нысандарды аралап, халықтың ұсыныс-тілектерін тыңдады.

“Сыр жастары” - аймақ жастарының көзқуанышы болса, “Оқушылар сарайы” бірегей бастама

Наурыз Сайлаубай сапарының алғашқы күні Қызылорда қаласындағы «Отбасы банк» филиалындатұрғындармен және банк басшылығымен кездесуден басталды. Кездесу барысында тұрғын үй бағдарламаларының тиімділігін арттыруға арналған ұсыныстар қарастырылды. Банк басшылығы «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары арқылы көптеген отбасының баспана мәселесін шешкенін, жастар үшін «Сыр жастары» бағдарламасының аймақта ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Депутат бұл бағдарламаның жастарға жасалған маңызды қолдау екенін атап, алдағы уақытта оның ауқымын кеңейту қажеттігін айтты.

Депутат одан әрі Оқушылар сарайының жұмысымен танысты. Бұл мекеме – аймақтағы дарынды балаларды қолдап, олардың шығармашылық және техникалық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Хореография, робототехника және вокал үйірмелерінің жетістіктері, балалардың республикалық және халықаралық байқаулардағы жеңістері мақтанарлық. Айта кетерлігі, бұл сынанды “ҚазГерМұнай” АҚ Сыр өрендеріне өз демеушілігімен салып берген еді. Наурыз Сайлаубай: «Бұл мекеме – талантты балалардың болашағына жол ашатын ерекше орын. Мұндай орталықтардың көп болуы – ел болашағына салынған инвестиция», – деді.

 

Сонымен қатар, депутат облыстық Жастар ресурстық орталығында аймақ жастарының басын қосып, олармен еркін форматта кездесу өткізді. Шара барысында жастар ресурстық орталықтарының тиімді жұмыс істеуі үшін тұрақты қаржыландыру және кәсіби мамандардың қажеттілігі туралы ұсыныстар айтылды. Депутат бұл мәселені Парламент деңгейінде көтеруге дайын екенін мәлімдеді. «Жастар – ел болашағы. Біз олардың қажеттіліктерін тыңдап, оларды қолдауға әрдайым дайын болуымыз керек», – деді Наурыз Сайлаубай.

Аудандағы ағайынның да айтары бар

Сырдария ауданында Наурыз Сайлаубай аудан әкімі Берік Сәрменбаевпен кездесті. Ауыл шаруашылығы, құрылыс және инфрақұрылым салаларындағы атқарылған жұмыстар талқыланды. Сонымен қатар, аудан ардагерлері мен мәдениет саласының өкілдерімен кездесуде зейнет жасын қысқарту, ауыл тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету, жастардың әлеуметтік мәселелері сияқты сұрақтар көтерілді.

- Біздің ауданда тұрғындардың басты мәселесі – баспананың қолжетімділігі. Жастарымызға қолжетімді шарттармен баспанаға ие болудың тетіктері бар ма? Мемлекеттік бағдарламалардың шарттары ауыл тұрғындарының табысына сай келмей жатады, себебі табыс деңгейі төмен. Осындай бағдарламаларды ауылдық жерлерге бейімдеп, пайыздық мөлшерлемені азайту немесе ауылдық квоталарды қарастыру керек деп ойлаймыз. Зейнет жасын қысқарту туралы ұсынысымыз да маңызды, себебі ауылдағы еңбек жағдайлары қалаға қарағанда ауыр. Ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндер үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылса, дұрыс болар еді, -  деді аудан тұрғыны.

 

- Бұл көтерілген мәселелер өте өзекті. Әсіресе, баспана қолжетімділігі – мемлекеттің басты назарындағы сұрақтардың бірі. Ауыл тұрғындарына арналған ипотекалық бағдарламаларды жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар дайындап, Парламентте көтеремін. Сонымен қатар, зейнет жасына қатысты сіздердің пікірлеріңіздің жауабы бар. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша мораторий жарияланған. Оны қайта қарау нәтижесіз болуы мүмкін. Сол үшін өзге өзекті мәселелерді қозғауды күн тәртібіме енгіземін.  Біз осындай ұсыныстарды нақтылау арқылы тиісті органдардың назарын аударуға жұмыс жасаймыз. Ауылдағы еңбек жағдайларын жеңілдету мен әлеуметтік қолдауды арттыру – біздің басты міндетіміз, - деді Мәжіліс депутаты.

 

Шиелі ауданында депутат әкіммен кездесіп, егін шаруашылығы, құрылыс, инфрақұрылым игілігі турасында пікір алмасып, қазіргі шығып жатқан заң нормалары мен үкімет қарауындағы құқықтық шешімдерге байланысты өз ойын білді. Сонымен қатар, «Гежуба Шиелі» цемент зауытының жұмысымен танысты. Зауыт басшысы У Чженьхуа кәсіпорынның толық автоматтандырылған жүйесі, еңбек жағдайлары мен экологиялық стандарттардың сақталуы туралы баяндады. Депутат бұл зауыттың заманауи технологиялардың үлгісі екенін атап өтіп: «Мұндай кәсіпорындар аймақ экономикасына үлкен үлес қосады», – деді.

 

Жалағаш ауданында Наурыз Сайлаубай белгілі меценат, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаевтың бастамаларымен танысты. Ауыл шаруашылығында күріш пен жүгері өсірумен айналысатын меценаттың ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланды. Оның бастамасымен салынған өндіріс орындары мен жұмысшыларға арналған тұрғын үйлер депутат тарапынан ерекше қолдау тапты. «Бұл бастамалар ауылдың әлеуетін көтеріп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді», – деді депутат.

 

Имамзада Шағыртаев ауыл шаруашылығы саласындағы бәсекелестікті арттыру үшін ірі өндірістік кешендерді дамыту қажеттігін айтты. «Бәсекелестікті қалыптастыру – ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтерудің басты жолы. Бұл халықты жұмыспен қамтуға және аймақ экономикасын нығайтуға мүмкіндік береді», – деді меценат.

Наурыз Сайлаубайдың Қызылорда облысына сапары аймақтың даму бағыттарын анықтап, тұрғындардың көкейіндегі мәселелерін тыңдауға мүмкіндік берді. Барлық аудандардағы ұсыныстар мен талап-тілектер Парламент деңгейінде қаралып, шешімін табуы үшін нақты қадамдар жасалатынына сенім білдірілді.

«Сыр елі – ұлттың рухани, мәдени және экономикалық байлығының айқын көрінісі. Мұндағы әрбір бастама елдің жарқын болашағы үшін жасалуда», – деп атап өтті Наурыз Сайлаубай.

Бұл сапар өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын арттырып, халықтың сенімін нығайтуға үлес қосты.

WhatsApp Image 2025-01-14 at 10.18.44.jpeg

Фото: ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: