Соңғы жылдары елімізде алаяқтық қылмыстар көбейген. Жалағаш аудандық полиция бөлімі онымен күресте жүйелі шараларды қолға алуда. Бірақ оның нәтижесі бар ма? Ауданда басқа да қылмыстармен күресуде нендей шаралар қолға алынуда? Осы және өзге де бірқатар сауалымызға жауап алу үшін Жалағаш аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мәулен Өсермен сұхбаттасқан едік…

– Мәулен Жайшылықұлы, жалпы ауданда қылмыспен күресте нендей шараларды қолға алдыңыздар және оның нәтижесі қалай? 

– Ішкі істер органдарының қылмыспен күресте басым-бағыттарының бірі кезекші тәулікте қылмыстарды ізін суытпай ашу  және қылмыстың алдын алу профилактикасы болып табылады. Біз осы мақсатта жұмыс жасап, неқұрлым ауданда қылмыспен күресіп келеміз. Негізінен онымен күрескеннен алдын алған әлдеқайда тиімді. Сондықтан бүгінгі таңда біздің ұжым қылмыстың алдын алуда бірқатар жобаларды қолға алуда. Бүгінде оның барлығы өз жемісін беруде. Осы бағытта біршама жұмыстар атқарылып,  2024 жылдың 5 ай 10 күнінде тіркелген қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 48-ден 45-ке,  яғни  6,3 пайызға төмендеді, ал ашылу көрсеткіші 72,2 пайызды құрап отыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті әлі де төмендетуге жұмыс жасаймыз. Әзірге ауданда ахуал тұрақты. Бірақ оған тоқмейілсуге тағы болмайды. Сондықтан әлі де жұмысты ширатамыз.  

– Осы күнге дейін тіркелген қылмыстарға талдау жасасаңыз. Жалпы оның қай түрінде өсім байқалады? 

– Тіркелген қылмыстардың  ішінде алаяқтық қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 3-тен 7-ге, яғни 133,3 пайызға өскен. Ашылу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 50 пайыздан 83,3 пайызға жоғарылады.

Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл жерде алаяқтық қылмыстар артып отыр. Бүгінгі таңда тіркелген 7 алаяқтық қылмыстың 5 дерегі ашылып, 1 дерек бойынша күдікті анықталып отыр. Аудандық полиция бөліміне күдікті тұлғаны жеткізу мақсатында жеке тапсырма жіберілді. Қалған 1 дерек бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тіркеліп жатқан барлық алаяқтық қылмыстарына талдау жасалып, мәселенің алдын алу мақсатында нақты жұмыстар атқарылды. 

– Қазіргі таңда алаяқтық қылмыстың ішінде қайсысы көп тіркелген? 

– Қазіргі уақытта, ең көп тіркеліп жатқан алаяқтық қылмыстардың ішінде әлеуметтік желі арқылы көп пайда табу немесе азаматтардың сыртынан онлайн несие алу, оңай жолмен табыс табу болып отыр. Сондықтан тұрғындар банк қызметкері болып немесе жақындары болып хабарласқан алаяқтардың құрбанына айналмауы тиіс. Қазіргі таңда осындай қылмыстардың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл қарапайым шара секілді көрінгенімен қылмыстың алдын алуда үлкен көмек болатынын білуіміз керек.

Алаяқтық әрекеттердің құрбаны болудан  сақтану үшін тұрғындар назарына орын алған алаяқтық қылмыстарына  сәйкес, соңғы уақыттардағы байланыс жүйесі арқылы жасалатын   алаяқтық түрлерін түсіндіру жұмыстары және халық көп шоғырланатын  орындарда ескертпе қағаздары ілініп, бұқаралық ақпарат құралдарына және интернет ресурстарға мақалалар жарияланды.  Алдағы уақытта аудан көлемінде алаяқтық қылмыстардың  алдын алу бағытында жеке құрам қызметкерлеріне тапсырмалар беріліп, сұраныс жасалып, профилактикалық жұмыстар жүргізу жалғасын табады.

Одан бөлек халықты құлақтандыру мақсатында фейзбук, инстаграм әлеуметтік желілеріне күнара алаяқтықтың түрлеріне қатысты үздіксіз материалдар шығып жатыр. Сонымен бірге бейнеролик жасалып, аудандық полиция бөлімінің ресми парақшасына жариялануда. 

– Жалпы ауданда қылмыстық ахуалды күрделендірмеуде профилактикалық шаралардың маңызы бар ма? 

– Жаңа сөз басында айттым, тағы да қайталап айтамын. Кез келген профилактикалық шараның қылмыстың алдын алуда маңызы жоғары. Тек ол мақсатты әрі жүйелі түрде жүргізілуі керек. Мәселен, жыл басынан бері ауданда 2 рет «Антифрауд» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп, қызметтік көлікпен арнайы жарнама парақтарын іліп, халық көп шоғырланған жерлерде дауыс күшейткіш арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік желілерге бейнероликтер көрсетілді. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа, оның ішінде телефон және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес жоспар құрылып, сол бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. 

– Жалпы бұл бағыттағы әріптестеріңіздің жұмысына көңіліңіз тола ма? 

– Аудандық полиция бөлімі басшылықтан бастап қарапайым қызметкерлеріне дейін қазіргі таңда қылмыспен күресуде және оның алдын алуда нәтижелі еңбек етіп жатыр. Сондықтан мен олардың жұмысын жоғары бағалаймын. Себебі уақытпен санаспай тәулік бойы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Әлбетте ол біздің негізгі міндетіміз екенін де жақсы білемін. Сондықтан алдағы уақытта да қылмыспен күресте, оның алдын алуда нәтижелі жобаларды қолға алып, жұмысты жандандырамыз. 

– Алаяқтардан сақтану үшін қарапайым халыққа қайтпек керек? 

– Тұрғындар біз айтқан ескертпелерге, түсіндірме жұмыстарына немқұрайлы қарамаса деймін. Сонда біздің жұмыс та жеңілдер еді. Себебі алаяқтар соңғы жылдары небір айла-тәсілмен қарапайым халықтың қалтасын қағуды әдетке айналдырған. Біз олармен мейлінше күресеміз. Бірақ халық та біздің түсіндірме жұмыстарымызға селқос қарамаса дейміз. 

– Сұхбатыңызға рақмет!

Тағы да оқыңыз: