Kyzylorda-news.kz. Биыл күзде мәдениет және архив саласының барлық деңгейдегі қызметкерлерінің айлығы өсуі мүмкін. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы 12 жылда мәдениет саласында, әсіресе облыстық деңгейдегі мәдениет, өнер, музей қызметкерлерінің еңбекақысы өспеген болатын. 2020 жылдың қаңтарында мәдениет пен архив саласындағы республикалық ұйым қызметкерлерінің айлығы 50 пайызға, жергілікті деңгейдегі қызметкерлердің айлығы 35 пайызға көбейтілген болатын», – деген сала жетекшісі биылғы жоспарға пандемияның кері әсер етіп жатқанын жеткізді.

«2020-2021 жылдарда пандемияға байланысты бюджет шығындар қайта-қайта түзетіліп жатыр. Биыл күзде елдегі эпидемиологиялық жағдай түзелсе Қаржы министрлігі біз берген өтінімді мақұлдайды деп ойлаймыз. Негізінде Үкімет мәдениет пен архив саласындағы барлық деңгейдегі қызметкерлердің айлығын көбейту туралы бастамамызды қолдап отыр. Күзде кезекті өсім болады деп ойлаймын», – дейді Ақтоты Райымқұлова.

Министр биыл екі театрға академиялық мәртебе, 5 ұйымға ұлттық мәдениет нысан атағы берілгенін еске салып, соның арқасында аталған нысандардағы қызметкерлердің айлығы өсетінін мәлім етті.

«Мәдениет ұйымдарында айлықпен бірге баспана мәселесі де өзекті. Қазақстан иопетекалық компаниясымен меморандумға қол қойған болатынбыз. Соның аясында 2020 жылдан бастап пәтерлер бере бастадық. Биыл да, алдағы жылы да бұл жұмыс жалғасады», – деді Мәдениет және спорт министрі.

Тағы да оқыңыз: