Kyzylorda-news.kz Биыл Жалағаш ауданында 37 365 гектар алқапқа егін егілді. Оның ішінде Сырдың басты дақылы 18 500 гектар болып межеленген еді. Аудандық ауыл шаруашылығы мен жер бөлімі кейін судың көп келуіне байланысты 19 300 гектар алқапқа күріш егілгенін айтады. Биыл күріш көлемінің қысқаруына басты себеп аяқсу болғаны айтпаса да түсінікті. Мұнан бөлек 770 гектар жаздық, 129 гектар күздік бидай, 40 гектар арпа, 700 гектар сүрлемдік жүгері, 530 гектар мақсары, 90 гектар қант құмайы, 65 гектар соя, 5 гектар сұлы, 650 гектар картоп, 1115 гектар көкөніс, 1296 гектар бақша дақылы, 650 гектар картоп, 4850 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 7825 гектар ескі жоңышқа күтімге алынды.

Аудандық ауыл шаруашылығы мен жер бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 199 шаруашылық егін егу жұмыстарын тәмамдаған. Оның ішінде 152 шаруашылық күріш еккен. Нақтыланған 19 300 гектар күріштің 19 173 гектарына шаруашылық құрылымдары су жеткізіп беру қызметіне келісім-шартқа отырса, 127 гектар күрішті сумен қамтамасыз ету үшін механикалық су беру арқылы қашыртқыдан су алынады. 

Қазіргі таңда 19300 гектар Сырдың басты дақылына толық тұқым себіліп, суға бастырылған. Шаруашылықтар тарапынан көктемгі егін орналастыру жұмыстарына «ГосАгро» порталы арқылы 2 335 тонна жеңілдетілген дизель жанармайына өтінім берілген. Бүгінде 49 шаруашылық 1 735 тонна дизель жанармайын алып, егін орналастыру жұмыстарына пайдалануда. Дизель жанармайының 1 литрі 248 теңгеден жеткізіліп берілуде.

Биыл егін орналастыру жұмыстарына шаруашылық құрылымдарына қажетті 6 500 млн теңге бүгінде 100 пайыз дайын, яғни қаражаттан мәселе болмайды.

Аталған бөлім 2024 жылы егінді күтіп-баптау барысында 32 сутартқыш насос қондырғысын пайдалану жоспарлануда. Оның ішінде 13 насос «Қазсушар» өндірістік учаскесі тарапынан шаруашылықтарға берілсе, қалған 19 насос шаруашылықтардың өз қаржысына алынған. Қазіргі таңда 2 насос қондырғысын аудандағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығы оңтүстік коллекторға, «Ақниет» шаруа қожалығы Жаңашайхы каналына күріш дақылын сумен қамтамасыз ету мақсатында пайдалануда. 

Ауданда аймақ басшысының тапсырмасымен бақша салуға ниетті тұрғындарға жер ашып беру дәстүрге айналды. Бұл бір жағынан ауданда бақша дақылдары бағасының тұрақтауына, тіпті арзандауына айтарлықтай сеп болды. Биыл да ауданда жеке тұрғындар тарапынан 500 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егу жоспарлануда. Қазіргі таңда 265 гектар жер дайындалып, 110 гектар жерге картоп, бақша дақылдары егілді. Шаруашылықтардың демеушілігімен картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастырылатын жерлер дайындау әлі де жалғасуда.

Тиісті сала мамандары аудандағы суармалы жерде дақылдарды егу тәртібіне тұрақты бақылау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін күріш дақылын артық егіп, ауыспалы егіс тәртібін өрескел бұзған 21 шаруашылық анықталған. Заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған. Қазіргі таңда көктемгі егін егу жұмыстары толығымен бақылауға алынып, қадағалануда. 

– Суармалы жерлерге ауыл шаруашылығы дақылдарын межеге сай егу бойынша мониторинг жұмыстары жалғасады. Жергілікті шаруашылықтар «одан артық табысқа кенелемін» деген түсініктен арылуы керек. Себебі артық өнім еккеннен өнім сапасы жоғалады. Екіншіден, аяқсудан тапшылық болады. Біз осындай олқылыққа жол бермеу үшін мониторинг жұмыстарын жалғастыра береміз. Ауыл шаруашылығы жерлері өз мақсатына игерілуі керек және артық өнім егуге жол берілмейді, – дейді бөлім басшысы Алтынбек Дәрібаев. 

Иә, жалағаштық диқандар саланы жыл сайын табысты қорытындылап келеді. Биыл да дәстүр жалғасатын сияқты. Себебі мамандар жоспардан артық су келгенін айтады. Оның үстіне егінді әртараптандыруға жергілікті шаруашылықтар басымдық берген. Яғни Сыр салысының көлемі қысқарып, керісінше суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық берілген. Демек, биыл диқандар аяқсудан айтарлықтай қысылмайтын секілді.

Тағы да оқыңыз: