Kyzylorda-news.kz. Елімізде зейнеталды жасындағы жұмыссыздарға арналған «Күміс жас» жобасы жандануда. Арнайы жобаға өткен жылы бюджеттен 142 млн. 900 мың теңге қаржы бөлінген-ді. Бүгінде бұл жоба шеңберінде ауданда 60 азамат жұмыс істеуде.

Түсінікті болу үшін тарқатып айтайық. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнет жасына жақындаған жұмыссыз жандарды жұмыспен қамту мақсатында «Күміс жас» жобасын іске қосты. Бұл арнайы бастаманы жүзеге асыру 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүргізіледі. Шиелі ауданы бойынша биыл аталған жоба негізінде 42 адамды жұмыспен қамтылу көзделген.

Айта кетейік, «Күміс жас» жобасы шеңберінде жұмысқа орналасқан адамдар үшін субсидияның ай сайынғы мөлшері салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды ескергенде жалақы мөлшерінің 50 процентін құрайды. Бірақ 30 АЕК-тен, яғни 91 890 теңгеден аспайды.

«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі – 12 ай. Жобаға қатысу мерзімі аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті. Жоба бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына немесе «еnbek» электронды еңбек биржасына жүгіну қажет.

Мемлекет тарапынан жүргізілетін кешенді жұмыстар зейнеталды адамдардың әлеуетін де бағамдап бермек. Шындығында, 40 жасты қамал алатын жас деп анықтаған. Яғни жеке өмірінде, қоғамда біршама жетістікке жетіп, тұлға болып қалыптасудың басында болса, 60 жасты жан-жағына сыйлы, кәсіпті меңгеріп, әулеттен басқа өз ортасының тұлғасы болып қалыптасқан деп есептеледі. Бұл – адамның кәсіби және тұлғалық дамуының шыңына жеткен кезі. Осы кезеңде, әдетте, адамның психологиялық дамуы қалыптасып, өресі тұрақты деңгейде қалады. Психологиялық тұрғыдан алғанда, жастықтың соңы – 40-49 жас және кәріліктің басы 49-60 жас аралығын анықтайды.

Адам баласы өмірдің келесі бір сатысына өткенде өз-өзіне сұрақ қоятыны белгілі. Осы кезеңде алдағы жоспарын, асыл мұратын анықтап алады. Адамның ішкі мүмкіндігінің барынша ашылуы, кемелденуі 50-ден кейін басталады. Бұл кезде балалар ержетіп, алды отбасын құрып, немере сүйіп, көңіл жайлана бастайды. Өмірдің түрлі сынағынан өтіп, қалған уақытындағы өз мүдделерін, басымдықтарын, өмірдегі өз орнын нақты бағалап, айналасындағылардың да қадірін түсінетін кезең.

Сонымен, зейнеталды «күміс жас» – адамның ең әлеуметтік белсенді және өнімді кезеңі. Толыққанды барға қанағат етіп, мәнді-мағыналы өмір сүруге барынша мүмкіндік ашылған сәт. Сол мүмкіндікке қол жеткізу үшін мемлекет тарапынан жасалған «Күміс жас» жобасы зейнеталды адамдардың әлеуетін ашуға күш салады.

Тағы да оқыңыз: