Kyzylorda-news.kz. Мамандар отбасындағы зорлық-зомбылықтың неден туындайтынын, оның несімен қауіпті екенін, берекесіз отбасында өскен бала есейгенде ата-анасының әрекетін қайталауы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы  Sputnik Қазақстан жариялады.

Психолог Серікгүл Сәлі бұл қоғамдағы өзекті мәселе екенін, әрі кейбір әйелдер күйеуінің ерсі әрекетіне шыдап жүргенін жеткізді.

“Қазақ әйелдеріне оны түсіндіре алмай жүрміз. Отбасында зорлық-зомбылық болды ма? Онда ол жерде шыдап отырудың еш қажеті жоқ. Әйелін ұратын еркекті тастап кету керек. Бірақ бұл сөзді әйелге туысқандары мен жанында жүрген адамдар да айтады. Өкінішке қарай, олар бұл кеңеске құлақ аспайды”, – дейді ол.

Оның пікірінше, мұндай әйелдер бала кезінде ата-анасынан зорлық-зомбылық көріп, психологиялық соққы алған болуы мүмкін.

Мамандар кейбір әйелдер ұрып-соғатын күйеуіне кешіріммен қарап, мәселенің түп-төркініне бармай, ары қарай өмір сүре беретінін айтады. Бұл шығыс қыз-келіншектеріне тән менталитет екен. Олар ешқашан өз ерін жаманатты қылғысы келмейді. Ал Серікгүл Сәлі “балаларым өсіп алсын, мүмкін күйеуім өзгеретін шығар деп уақыт өткізудің қажеті жоқ” деген пікірді ұстанады.

“Әйел өзін алдап жүр”

Осы орайда ол жаны мен дені сау әйел мұндай жағдайда қалай әрекет ететінін түсіндірді.

“Бұл сылтау. Адам өзін алдап жүр. Әкесі баласының көзінше оның өмірдегі ең сүйікті, ең жақын анасын ұрып жатқанда бала үшін жақсы өмір болмайды. Ол жастайынан психологиялық соққы алып өседі. Баласын ойлайтын әйел “оған мұндайды көрсетпеймін” деп мұндай адаммен байланысын үзеді”, – деді психолог.

Айтуынша, ер адам бірінші рет қол көтергенде, әйелдердің көбі оны кешіреді. Алайда маман мәселені ушықтырмауға кеңес береді.

“Олар қайталап ұрмауы мүмкін деп үміттенеді.  Бірақ екінші рет қол көтерді ме? Онда бұл жерде бір нәрсе дұрыс емес. Бірден отбасы психологының көмегіне жүгіну қажет. Бұл мәселені күрделендірмей, басынан шешіп алу керек”, – дейді Серікгүл Сәлі.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының судьясы Айгүл Молдыбаева  “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” дейді. Оның пікірінше, бала жастайынан әкесі анасын ұрып жатқанын көрсе, есейе келе ол да осындай әрекетке баруы мүмкін.

“Әйелдер балаларым кішкентай, шыдай тұрайын” дейді. Ол дұрыс емес. Сізге қарсы зорлық-зомбылық жасалса, оған шыдаудың еш қажеті жоқ. Әрине, заң аясында күресу керек. Мысалы, бір күні маған жас отбасы келді. Күйеуі әйеліне “мен сенің бетіңнен тек шапалақпен ұрдым. Мені әкем анаммен бірге аязда далаға қуып шығып, ұратын” дейді. Түсінесіз бе? Бұл өте қорқынышты жағдай. Бала есейіп, отбасы құрған кезде мұндай әрекетті істеуге болмайтынын түсінбей отыр”, – дейді судья.

Заң аясында күресу керек

Ол зорлық-зомбылыққа шыдайтын әйел баласының алдында беделін жоғалтатынын айтады. Сондықтан судья мұндайға жол бермеуге кеңес береді. Себебі, бұл – қоғам үшін қауіпті құбылыс.

“Бүгін сот процесі өтті. Ерлі-зайыпты бірге 17 жыл өмір сүрген, 3 баласы бар. Қазір ажырасып жатыр. Әйелі зорлық-зомбылыққа 15 жыл шыдапты. Ол күйеуінің көңіл-күйі болмаса, өзін және балаларын ұратынын айтады. Балалар жылап, 21 жастағы үлкен ұлы “мама ажырасшы” деп айтады екен. Мұндай мәселені бірден шешіп алу керек. Егер бала кішкентай кезінде үйде зорлық-зомбылықты көрсе, бұл оның психикасына әсер етеді”, – дейді Айгүл Молдыбаева.

Судья күйеуі ұрып-соққан, психологиялық қысым көрген әйелдер заңмен құқығын қорғай алатынын атап өтті.

“Ондай әйелдерге әкімдіктердің жанындағы орталықтарға бару керек. Онда психологтар жұмыс істейді. Ең маңыздысы, әйелдер өзіне қарсы жасалған жаман әрекетке шыдамауы тиіс. Неге басқа әйелді күйеуі ұрмайды? Себебі, олар мұндайға шыдамайды. Егер күйеуі әйеліне қоқан-лоққы көрсетсе, ұрып-соқса, біз ондай жұптарды бірден ажырастырамыз. Егер ол бұрынғы әйелінің артынан қалмай, оны аңдып, қысым көрсетсе, бұл әрекеттерде қылмыстық істің құрамы бар болып саналады”, – дейді ол.

Мұндай адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Айгүл Молдыбаева жастарға саналы түрде отбасы құруға кеңес береді. Айтуынша, отбасы құру, ерлі-зайыпты болу үлкен жауапкершілік пен үлкен еңбекті талап етеді. Ал бала өмірге келгенде, жауапкершілік екі еселенеді. Ата-аналар балаларға жақсы тәрбие мен білім беру керек. Отбасы мықты болса, қоғамда да келеңсіз жайттар азаяды.

Қайда хабарласу керек?

Егер отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз, алдымен полицияға хабарласқаныңыз жөн. Әр облыста ішкі істер органдарының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелері бар. Телефон нөмірін мына жерден таба аласыз.

Сондай-ақ әкімдіктерге де хабарласа аласыз. Бұл жерде әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Тұрғылықты тіркеудің қажеті жоқ.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған кризистік орталыққа баруға болады. Сенім телефоны (анонимді, тәулік бойы жұмыс істейді) – 150 немесе 8 (777) 225-53-26.

Тағы да оқыңыз: