Kyzylorda-news.kz Қызылордадағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығында тұрып жатқан 39 жастағы келіншек тиран күйеуінің тоқпағына 17 жыл шыдаған. Көпбалалы ана үйреніп қалған әдетке бұдан кейін де баланы әкесіз өсірмеу үшін шыдауға бел буған. Бірақ күйеуінің соңғы рет пышақпен дене жарақатын салып, қызын өзіне қосып сабағаны үйден кетуіне сеп болды.  

«Шаңырақ көтерген 17 жылдың ішінде, ағайын-туыспен араласып, той-жиындарына қатысқан адам емеспін. Күйеуім қарсы. Жұмыс та істетпейді, қызғанады. Бес балаға алатын жәрдемақымен өмір сүремін. Үлкенім студент кішкентайым екі жаста. Осы уақытқа дейін шыдап келдім ғой, енді балалар өскен соң қайда барайын, бәріне көніп отырғанмын. Соңғы жағдайда шыдамадым. Масаң күйде пышақпен ернімді тіліп, араға түскен қызыммен қосып сабады. Өзім шыдармын қызымды ұрғанда шыдамай төркінге кетіп қалдым» - дейді атын атамауды өтінген келіншек. Ал біз болсақ мақаламызға ол кісінің есімін Салтанат деп енгіздік. Иә, Салтанат дедік. Оқырман қауым себебі күйеуінің қолынан қаза тапқан Салтанатпен, жалпы қоғамдағы қазіргі жағдаймен байланыстырса болады. Бірақ біздің Салтанат күйеуінің қолынан қаза таппай тұрып, кетіп үлгерді.

Төрт баласымен төркінде отырған келіншек қорғансыз қалған әйелдердің үйі барын балалардың мектептегі мұғалімдерінен естиді. 

Біз сөз етіп отырған бұл оқиға бір ғана отбасының жайы. Мұндай тұрмыстық қысым кез келген отбасында кездеседі. Әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты жақсы, сырт көзге идеал, мәдениетті болып көрінетін отбасыларда да қысым көрген әйел, буллингке ұшыраған бала өмір сүріп жатыр. Отбасындағы зорлық-зомбылық ұрып-соғумен шектелмейді. Қорғансыз жандардың арасында күйеуі ұрмайтын, жақындары физикалық тұрғыда қысым көрсетпейтін, бірақ ол шаңырақта тұрғысы келмейтін әйелдер де бар. Олар сексуалдық, психологиялық, экономикалық, медициналық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар. Зорлық-зомбылық әлемнің кез келген жерінде бар және мұны тек заң арқылы «емдеуге» болады. Десек те жауапты құқық қорғау органдарының қызметкерлері тұрмыстық жанжалдың көбеймесе азаймай тұрғанын жеткізді. 

Қызылорда облысында биылғы 3 айда отбасының шырқын бұзған 596 азамат есепке алынған. Денсаулыққа қасақана зиян келтірген 95 адам жауапкершілікке тартылып отыр. Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамассыз етіп, профилактикалық жұмысты жандандырғанның өзінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдардың саны екі есе өскен.

«Қылмыстың  90 пайызы жәбірленушілердің тұрғылықты мекен-жайларында орын алған ұрыс-керістен болады. Басым көпшілігі спирттік ішімдіктерді қабылдау салдарынан туындаса,  орын алған қылмыстардың көпшілігі ұрып-соғу, орташа ауырлықтағы дене жарақатын салу, зорлау оқиғалары. Бұл қылмыстар  жәбір көрген әйелдердің күйеулері немесе жақын туыстары не таныстары жасаған. Қазіргі таңда Қызылорда облысында әйелдердің құқығы мен мүдделерін қорғаумен айналысатын мемлекеттік емес әйелдер паналайтын 3 үй бар. Онда зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге құқықтық, психологиялық көмектер көрсетіліп, қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.  Жыл басынан бері полиция қызметкерлері зорлық-зомбылыққа ұшыраған және зорлық-зомбылықтың салдарынан кейінгі әйелдерді бейімдеу мақсатында «Жан» дағдарыс орталығына 3 адам жолдаса, «Ана үйі» орталығына 2 азаматша орналастырылды. Ал «Қамқорлық» дағдарыс орталығына жыл басынан 6 отбасы, яғни 16 адам орналастырылды», - делінген Қызылорда облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің  Kyzylorda-news.kz. ақпарат агенттігінің тілшісіне берген жауабында.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары қалай қорғалып жатыр?

2017 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы бап қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін жауапкершілік Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылды. Былтыр 9 қарашада бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев мейрамханада әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып-соғып өлтіргеннен кейін республика жұртшылығы бұл қылмыс үшін жазаны қатайту қажеттігін айта бастады. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Экс-министр 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  

2024 жылы Мәжіліс депутаттары тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасады. Қазақстандықтар мұны «Салтанат заңы» деп те атайды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 сәуірде әйелдердің құқығын қорғап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойды. Заңға әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді. Біз өз кезегінде заңгердің де пікірін білген едік.

«Бұл заңның негізгі мақсаты - әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік негіздерін жетілдіру. Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді.
Осы заңның қабылдануы арқылы қоғам қандай нәтижелер күтеді: әйелдер мен балалардың құқықтарын, қауіпсіздігін қорғау күшейтіледі, өмірлік қиын жағдайдағы отбасылар үшін жағдайды жақсарады, арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы жақсарады, неке және отбасы институты нығаяды, өз-өзіне қол жұмсау және тұрмыстық зорлық-зомбылық барынша азаяды», - дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Құқықтану» кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Қуаныш Жарекеев.

cff6a923-14bb-4147-b0bf-df5952056d13.jpg
Қызылордадағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығы

 

Қорғансыз әйелдер қайда барып паналайды?

Қазіргі таңда Қызылорда облысында әйелдердің құқығы мен мүдделерін қорғаумен айналысатын әйелдер паналайтын мемлекеттік емес 3 үй бар. «Жан», «Ана Үйі» және «Қамқорлық» дағдарыс орталықтарында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге құқықтық, психологиялық көмектер көрсетіліп, қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Мұндай уақытша паналайтын үйлерде әйелдер 6 айға дейін тұрады. Сол уақыт ішінде әйелдер мен балаларға әлеуметтік-медициналық, психологиялық, педагогикалық, құқықтық, әлеуметтік-еңбек бағыттары бойынша қызмет көрсетіледі. Бес мезгіл тамақ беріліп, жатын орындармен қамтамасыз етілген. 

Бірақ бұл мәселені шеше ме? Иә, мұндай орталықтардың барын біліп, қызметін пайдаланып жатқан әйелдер бар. Бірақ «балалармен баратын жерім жоқ» деп ойлап, күйеуінің сұраған кешіріміне көніп, уәдесіне сеніп, өзгереді деген үмітпен қаншама әйелдің өмірі өксумен өтіп жатыр. Мұндайда мамандар «бәрі жақсы болады деген үмітті үзіп, құқығы қорғалған адам екенімізді есте ұстауымыз керек» дейді. 
Болашағыңды аргессор күйеумен байланыстырмау, зорлық-зомбылықтың алдын алу мүмкін бе? Отбасын құрарда мұндай күйеулердің болмысын алдын ала болжай аламыз ба? Бұл сұрақтарымызды Қызылорда қаласындағы «ДостарМедline» клиникасының психологы Ғазиза Жетпісбайқызына қойдық.

«Тұрмыс құратын болашақ жарыңыздың мінез-құлқын байыппен бақылаңыз. Махаббат, ғашықтық сезімдерін ақылға жеңдіріңіз. Тұрмыста қысым көрсететін  абьюзер еркектер сізбен шаңырақ көтермей тұрып, жеке шекараңызды бұзуға тырысады. Сіз үшін шешім шығарады. Не кию қажеттігін, тіпті қалай сөйлеу керек екеніне дейін бақылау жасайды. Қызғаныш белгілерін жиі көрсетеді. Көп жағдайда осындай қарым-қатынасқа балалық шақтан көп қысым көрген жандар түсіп жатады. Себебі мұндай қатынас ол үшін дұрыс болып көрінеді. Сондықтан осы күйден шыға алмайды. Әйел адам үнемі өзін дамытып отыруы қажет. Ақпараттың дамыған заманында сізге қажет деген білім қол жетімді. Сен өз бағаңды, жеке шекараңды білген кезде өз өзіңді қорғай аласың. Өзін қорғай білген әйел балаларына да қорған болады. 
Әйелдерге қоғамда тек күйеулерінен ғана қысым болмайды. Әсіресе жас отбасылардың өміріне араласып, оларды тәрбиелегісі келіп тұратын жандар аз емес. Алайда ешкім ештеңені біліп келмейді. Барлығын уақыт өте үйренеді. Сондықтан әйеліңіздің немесе келініңіздің жақсы болғанын қалайсыз ба? Онда оған мүмкіндік беріңіз», - дейді психолог.

Қоғам пікірі екіге бөлінді. Себепсізден себепсіз әйел таяқ жемейді. Күйеуінің ашуына тиіп, «тілін тартпаған» әйел ғана мұндай сұмдықты өзі тілеп алады дейтіндер де табылып жатыр. Ашуыма тиді екен деп әйелді баласына қосып сабау әйелді сабасына түсірмейтінін отағасылар түсінсе екен. Ерлердің көпшілігі физикалық күш қолданбай да агрессиясын көрсетеді. Мұндай мінез-құлыққа да шыдауға болмас. Мамандар өзгелерді қорлау, қысым көрсету адамның ішкі жайсыздығының нәтижесі дейді. Демек әйеліне көңілі толмай, жұдырығын ала жүгіретін азаматтар бірінші өздерімен жұмыс істеуі керек шығар? Әйтсе де біздің бір ұққанымыз күйеуінен қорлық көрген Салтанаттар Сырда да жеткілікті екен.


Фариза ОМАРОВА
 

Фото: elements.envato.com

Тағы да оқыңыз: