Kyzylorda-news.kz Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанына дайындық барысы талқыланған кеңейтілген отырыс өтті.
Жиынға көктемгі шақыру науқанын ұйымдастыруды пысықтау, комиссия мүшелерімен кездесу, облыстық және қалалық шақыру пункттерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен қамтамасыз етілуін бақылау мақсатында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Сәкен Жүсіпов арнайы қатысты. Комиссия мүшелерімен кездесіп, шақыру науқанын сапалы әрі талапқа сай ұйымдастыру туралы бірқатар нақты міндет жүктеді.
Отырыста Қызылорда облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Жасұлан Шаңқұлов өткен жылғы мерзімді әскери қызметке шақыру қорытындылары туралы баяндама жасап, кемшіліктерді болдырмау үшін қабылданған шараларға тоқталды. Туындаған мәселелер жөнінде облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Марат Құрманбаев айтып, бірқатар ұсынысын жеткізді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, медициналық комиссия төрағасы Жаңыл Абубакирова медициналық комиссиялардың дәрігер-мамандармен қамтамасыз етілуі, көктемгі науқанға дайындық тыңғылықты екенін айтты.
Жиын қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға көктемгі әскерге шақыру науқанын сапалы әрі белгіленген мерзімде өткізу бойынша нақты тапсырмалар берілді.
