Kyzylorda-news.kz. Аралдықтардың қос қолына қысып ұстап мақтанарлық қос дүниесі бар. Бірі – тұз, енді бірі – балық және балық өнімдері. Біз бүгін Аралдағы балық кәсіпшілігі турасында айтпақшымыз. Кәсіпшілік дегеннен шаруашылық деген орынды ау. Өйткені дәл қазіргі күнмен алсаңыз да Аралда балық шаруашылығы бір тұралаған емес.
Теңіз табанына шығып, сіздің аузыңызға түскен өнімнің белгілі бер кезеңдер аралығындағы сұрыпталуы мен дайындалуында қанша жанның маңдай тер, табан ет бейнеті жатыр. Сондықтан балық шаруашылығы жайылы сөз болғанда қамтылмайтын мәселе қалмауы керек. Демек балық шаруашылығы аралдықтардың ата кәсібі. Өйткені қазіргі аралдықтардың ата-бабасы теңіздің ақжал толқындарымен алысып, талай тар жол тайқақ кешкен. Қазіргідей моторлы қайық немесе төрт тағанды көлі жоқ. Түйеге арба жегіп, ескекпен дос болған бабалар ерлігінің лайықты жемісі бізді осы күнге жеткізді. Ол замандарда Арал теңізі кемеріне келіп, асау толқындары аласұрған шақ еді.
Бүгінде сол алапат теңіздің адуын екпіні қайтып, табаны құрғап қалды. Нақты адамзат қолымен жасалған қиянаттың салдарынан теңізге құяр дария суы азайып, нәтижесінде суға шөліркеген Аралдың айдыны тартылып, жағалауы қаладан 100 деген шақырымға алыстап кетті.
Десе де көк айдынның кіші бөлігін сақтап қалу жобасы жемісін беріп, өмірге Көкарал бөгеті келді. Содан бері Кіші Аралды сақтап қалу мүмкін болып келеді. Бұл ғасырлық жоба қайығы тұралаған балықшы қауымға қайта үміт ұшқынын сыйлап, теңізден су маржанын сүзуге мүмкіндік берді. Бүгінде сол үмітпен күн кешкен аралдықтардың ата кәсіпті жандандыруда жұмысы алға басып келеді. Десе де соңғы жылдары аймаққа айналып соққан қуаңшылықтың салдары теңізге де әсерін бермей қоймады. Сырдағы көлдер жүйесі тартылып, салдарынан Қамбаш кері шегінді. Кіші теңіздің су мөлшері де 27-ден 18 млрд. текше метрге дейін азайып кеткен-ді. Қамсыз қалмайтын ел мұның да шешімін тауып, өткен жылдары көлдер жүйесінің суландырылғанына көз жеткізді. Қамбаш қайта оралды. Шөліркеген көк айдынның деңгейі 80 сантиметрге дейін көтерілді.
Сең жүретін уақытты сергелдеңге санаған балықшы қауым соңғы бір ай шамасында судан ауын, теңізден қайығын жағаға шығарды. Себебі абыржының уақытында теңізге мәлім жоқ. Табанда жел соғып, күн бұзылса ұстасқан мұздар ажырап, теңіз үстіндегі балықшы жұртқа қауіп төндіреді. Сондықтан бұл маусымда балықшыға маза керек. Бүгінде айдын беті айнадай. Қайық суға түскен шақ балықшы қауым үшін берекелі маусым болмақ. Сол маусымда тұрмыз. Бүгінде ау-құралын сайлап, жылымын майлаған балықшы бабаның ұрпақтары теңіз төсінде жүр. Су маржанын сүзіп, нәпақа айыруда. Мұның барлығы айдынды Аралдың қалыпты өмірі. Алайда мұндағы елдің теңіздің ендігі тағдырына алаңдаулы жайы бар.
Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Солтүстік Аралды сақтау жобасы қаржыландырылған болатын. Қазіргі таңда ғасыр жобасына айналған Көкарал бөгетінің гидроқұрылысын жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бұл бағытқа бүгінде 500 млн теңге қаржы бөлінген. Оған Қарашалаң көлінен 2 канал, Сарытерең көлінен 1 канал қазу жұмыстары басталып кетті. Алла сәтін салса, келер жылы жоба толықтай іске асырылады деп күтілуде. Күтілетін нәтиже де жоқ емес. Алдымен теңіздің тұздылығы төмендеп, су маржанының молаюына үлкен септігін тигізбек. Бұл – ата кәсіппен қауышқан балықшы қауымның қуанышы һәм берекесі мен мерекесі.
Иә, айдынды өлкенің айбынына айналған Арал теңізінің тағдырына алаңдаулы жұрттың қолға алған қай ісі де қайырлы. Ендігі тілек сол жұмыстар нәтиже беріп, теңіз кемеріне келсе дейміз. Ата кәсіптен ажырамаған ағайынның да тілегі сол.
Тағы бір айта кетерлігі жыл басында Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан Қазақстан басқа мемлекеттермен салыстырғанда балық өнімін аз тұтынантын елдер санатында екендігі айтылды. Осындай көрсеткіштің нәтижесінде мемлекеттік ұйымдарды балық сатып алуға міндеттеу ниеті байда болыпты-мыс. Әрине тіршілікке талғажау, жеңсік ас болып саналатын теңіз маржандарының пайдалау үлесі бізде мардымсыз болғанмен, тіршілігі теңізбен сабақтас елдің балық тұтынбауы мүмкін емес. Бірақ ресми көрсеткіш қазақ балықты аз жейді саяды.
– Қазақстан жан басына шаққанда, балықты аз тұтынатын ел екенін атап өткен жөн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір адамға жылына кемінде 16 келі балық өнімдерін тұтынуды ұсынады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 келіден аз», – деді министрлік өкілі.
Экономикалық зерттеулер институтының дерегіне сүйенсек, көрші Ресейде бір жылда бір адам 23 келі, ал Қытайда 43 келі балық өнімдерін тұтынады. Министрдің айтуынша, балық экспорттауға болатын ең ірі нарық Қазақстанға жақын орналасқан.
Сондай-ақ 2025 жылдан бастап балық өнімдерін өткізуде қиындықтар болуы мүмкін екенін де айтылып жатады. Мұндай пайымның артында алдағы уақытта балық өнімдерін өткізу мәселесін заңнамалық деңгейде шешу мәселесі тұр. Ол үшін білім, денсаулық жүйесіндегі мемлекеттік ұйымдарында, ішкі істер, қарулы күштер, қылмыстық-атқару жүйесі органдарында балықты тамақтану рационына енгізуді және отандық өндірушілерден балық өнімдерінің кепілдік берілген көлемін басым тәртіппен сатып алуды міндеттеу мәселесі күн тәртібіне шығуы мүмкін. Бұл өз кезегінде еліміздегі теңізді аймақтардың балық аулу көрсеткішін де еселеп арттыруға мұрындық болары сөзсіз.
Қазірдің өзінде аудан көлемінде ауланатын теңіз өнімдерінің нақты көрсеткіші көңілге медеу болғанмен бұл да сұранысқа сай жұмыстың нәтижесі. Өз кезегінде өңделген өнімнің дені өзімізге емес шет елге экспортталып жатқанын ескерсек, расында бізде балық өнімдеріне деген сұраныстардың төмен екені байқалады. Жалпы аудан аумағында балық шаруашылығы үшін маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. Бүгінде теңіздің 18 учаскесімен 20 көлдің 18 көлі табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге беріліп, 2 көл резервте тұр. Кіші Арал теңізінде балықтың 22 түрі мекендесе, кәсіпшілік балық аулау мақсатында балықтың 14 түрін аулауға рұқсат етілген. Балық аулау лимиті биылғы жылға 7430 тонна балық болып бекітілсе, есепті мерзім ішінде оның 6590 тоннасы ауланып, 1600 тонна балық өнімдері өңделді. Ауданда жылдық қуаттылығы 23900 мың тоннадан астам 9 балық өңдеу зауыттары жұмыс істейді. «Еврокод» белгісін «Арал балық өңдеу зауыты» және «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-гі алған. Еліміздегі балық өнімдеріне деген сұраныс алдағы уақытта еселеп артатын болса, ата кәсіпті қолға алған балықшы қауым бұл бағыттағы жұмыстарды одан сайын жандандыра түспек. Сонда барып бізде межелі көрсеткіш толығымен орындалып, сапа белгісіне сай жұмыс істейтін өндіріс ошақтарының да жұмысы жанданатыны белгілі.
Осы тұста тағы бір ескере кететін жайт еліміздегі балық өнімдеріне деген сұраныстың төмендігі. Бізге бәлкім мұның салдарымен емес себебімен күресу керек шығар. Мәселен өзге елдердегідей балық өніміне деген сұраныстың жоғарылауы үшін арнайы балық өнімдерінен тұратын дәмханалар мен мейрамханалар немесе арнайы дайын өнімдер сөресін қалыптастыру маңызды болар. Бұл тұрғыда бізге керегі өз өніміміздің өзімізде қолжетімді бағада болуы маңызды. Қазіргі уақытта балық өнімдеріне сұраныс жоғары болса оны аулау мен өндірудің мөлшері артып, жұмыс өнімділігі елеулі көрсеткіштерге жетері сөзсіз.
Қазір қарап отырсақ елімізде балық экспорты еселеп артқан. Айталық Қазақстанның табиғи су айдындарында жыл сайын шамамен 40-45 мың тонна балық ауланады екен. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Үкімет сағатында бұл мәселе де назардан тыс қалмады. Мәліметке сүйенсек 2021 жылы 15 мың тоннаға жуық тауарлық балық өсірілген. Бұл 2017 жылғы деңгейден 5,5 есе жоғары. Сонымен қатар, Қазақстанға 41 мың тоннаға жуық балық өнімдері, негізінен мұхиттық және теңіз балық түрлері (скумбрия және майшабақ) әкелінеді және шамамен 25 мың тонна экспортталады. Бұл ретте, отандық балық өнімдері әлемдік нарықта табысты бәсекеге ие. Соның бірлігі ретінде Арал теңізінің өңделген балық өнімдері де бүгінде шекара асып жатыр.
Расында теңізді өлкенің негізгі күнкөрісінің бірі балық шаруашылығы болғандықтан бұл кәсіптен шетқақпай қалған жан жоқ десе де болатындай. Балық аулайтын балықшылардың заңды учаскелік аймақта тіркелгені өз алдына, бұл жұмысты тіршілік көзіне айналдырып, балық аулу ісінде табысты еңбек етіп жатқандары да жоқ емес. Алайда «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» демекші, балық аулау ісінде рұқсат етілмеген құрал түрлерін пайдалану да қазіргі таңда тиылар емес. Айталық, былтырдың өзінде құқық бұзушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту жағдайлары көбейген. 2020 жылы - 54, 2021 жылы - 67, 2022 жылдың 9 айында - 53 адам жазаланды. Әрине мұндай статистиканың денін браконьерлік жолмен жүріп, балық аулау ережелерін бұзған азаматтар тарапы құрап отырғаны белгілі.
Бұл көтерілген мәселенің бір шеті біздегі балық аулау кәсіпшілігіне де қатысты болмақ. Егер көтерілген ұсыныс шын мәнінде қолдау тауып, күшіне енер болса мұндай маусымдарда белгілі бір деңгейдегі шектеулерге құлақ аспаған балықшылардың арқалайтын айыппұлдары да ауыр болғалы тұр. Сондықтан табиғат берген ризық-несібені теріп жеуде бейбастыққа жол беріп, жабайы кәсіптің жанын кіргізе беруге болмас. Бұл көп тілегі. Балық аулау әрине кәсіп, нағыз байлық. Алайда заңды жолмен жасалған жұмыстың нәтижесі де қайырлы болмақ. Сондықтан айтылған ескертулерді ескеріп, тиісті салалалық министрліктің мәліментіне құлақ түре жүргеніміз жөн болар.
Хош... Біздің балық шаруашылығы десе елеңдейтініміз теңізді өлкені түлегі болғандықтан шығар. Соның ішінде тағдырлы теңіздің нақ жанында өмір кешкендіктен табиғат анаға қандай да бір серпіліс сыйлайтын жобалар мен бағдарламалардың нәтижесі жемісті болғанын қалаймыз. Сондағы тілек қайтсек аңқасы кепкен көк айдынға көмектесе аламыз деген перзенттік бір тілек еді. Расында бүгінде бәрі басқаша ғой. Өткен тарихтың өшпейтін ақтаңдақтары қайран Аралдың кемелді кезеңін айғақтап берсе де көзбен көрген қазіргі көріністе бәрі басқаша. Кешегі портқа балаңызды ертіп барып, «Бұл жерге кеме келген, жүк артып көш түзеген. Қайнаған қызу тіршілікке ілесіп балықшы аталарың бұл теңізде бейнет кешкен» десеңіз сенбеген болар еді. «Бәлду-бәлду бәрі өтірік» десе нанғандай-ақ. Ақиқаты сол, кешегі 50-60 жылдарға дейін Сырдария мен Амударияны қатар емген қарт Аралдың бүгінгі тағдыры аянышты халде. Міне, сол жылдардан бастап, сүрлеулі-соқпақты жолға түскен теңіз-ананың жағдайы біртіндеп нашарлай берді. Енді, міне, араға салған 60 жыл 60 ғасырдан әрі өмір сүрген теңізді тұзды суға айналдырды. Жағдай мұнша күрделене түсерін ойламаса керек-ті. Адамзат қолынан жасалған алапат катастрофаның зардабын бүгінге де тұтас дүние тартты. «Қайтсек теңізді қайта қалпына келтіреміз?» деген тағдырлы ой талай пенденің жарғақ құлағын жастыққа тигізбеді. Бұл жағдай әлем елдерінің назарына ілігіп, айдынды Арал осылайша ғалымдар мен экологтардың тәжірибе алаңына айналды. Ал солай болса да бұл Аралдың мүшкіл халінен бүгінгі елі ешқашан теріс айналмады. Ертеңіне алаңдаған ел арада осыншама уақыт өтсе де ата кәсіптен қол үзбей, теңізбен тілдесті, бірге күн кешті.
Тарихтың қатпарлы қырларында қалған Аралдың жағдайы бүгінге дейін әлем елдерінің назарында тұрғанмен, оған қатысты қандай да бір қадамның нәтиже берер түрі жоқ. Жабырқау көңілге жұбаныш болатын жылт еткен жылы хабар осыдан 15 жылдан әрі болған еді. Кіші Аралды сақтап қалу жобасы айтарлықтай нәтиже береді. Алайда ол тұтас теңізді сақтап қалуға қауқарсыз еді. Жағдайды бағамдап, осы кезге дейін дабыл қағып келген теңіз жанашырларының ендігі тілегі – теңізге түсетін судың қорын молайтып, құяр көздерді қайта калпына келтіру. Алайда бұл байламға қатысты дүдәмал болжамнан басқа дым айтылмай келеді. Жобаның екінші кезеңін бастандыру туралы болжамды деректер айтылуда. Алайда қаржы мәселесіндегі кедергілерге байланысты САРАТС жобасының екінші кезеңі нақты басталды деуге ертелеу болып тұр. Қолдан істелген кеселді қолдан келсе кетірейік деген перзенттік тілек талай пенденің санасында сайрап тұрғанын білеміз. Бірақ қолдан келер қайран бар ма?
Жақында осы Аралға қатысты жақсы хабарды құлағымыз шалды. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, биылдың өзінде Арлға келіп құйылған судың мөлшері 2022 жылы құйылған судың көлемімен пара-пар екен. Бұл жақсы көрсеткіш емес пе?! Тап осы қарқынмен теңізге су келетін болса, жыл бойы Аралға 5 миллиард текше метрге жуық су құйылады екен. Бұл шөліркеген теңіздің аз да болса шөлін басуға себепші көрсеткіш. Жергілікті биліктің таратқан мәліметіне сәйкес, Арал теңізінің деңгейі жарты метрге жуық көтерілген. Яғни, 2023 жылдың екі айының өзінде Аралға 803 миллион текше метрге жуық су құйылған.
Теңізін аңсаған елдің ендігі тілегі де осы болатын. Лайым жақсы жаңалықтың соңын жақсы ырымға балап жатырмыз. Расында да Теңіз-Ана қайтып оралар. Оған тілекші жұрттың ықыласы мен таза ниеті дәлел.