Kyzylorda-news.kz. Жастар саясаты қашан да өзекті. Себебі жастарға, оларды қолдауға салынған инвестиция мемлекет болашағына көрсетілген қолдаумен тең. Жыл басындағы статистикалық мәліметке сәйкес, Қызылорда қаласында 321 мың халық орналасқан болса, оның ішінде 94 мыңы – 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Бұл қала халқының 29,4 пайызын құрайды.

Облыс орталығы – Қызылорда қаласындағы жастардың қаншай пайызы жұмыссыз? Жұмыссыздықпен күрес бағытында қандай шаралар қолға алынуда? Бұл сұрағымызға қалалық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Әліби Басаров жауап берді. 

«Жұмыссыз жастардың үлесін төмендету мақсатында @jumys.bar жобасы іске асырылып келеді. Инстаграм әлеуметтік желісінде өзекті әрі соңғы бос жұмыс орындары тұрақты түрде жарияланып отырады. Қазіргі таңда парақшаның оқырмандар саны 2 мыңнан асып, жыл басынан бастап 64 бос жұмыс орны жарияланды. Жұмыс жасауға ниетті кез келген жас, парақшада орналасқан вакансиялар бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар «Мүмкіндіктер керуені» жобасы аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жыл басынан бастап 3 мәрте бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 107 мекемеден 1632 бос жұмыс орны ұсынылды», – дейді қала жастарының көшбасшысы.

Айта кету керек, «Qosyl kenes» жобасы арқылы жастарға үздіксіз кеңес берілуде. Жоба аясында жастарға мемлекеттік бағдарламалармен жобаларды кеңінен насихаттау, кеңес беру мақсатында, қалаға қарасты 2 кент және 7 ауылдық округте «Көшпелі кеңес» шарасы ұйымдастырылды. Шараға арнайы сала мамандары қатысып, жастарды қолдауға бағытталған жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларға енгізілген өзгерістер туралы және орталық тарапынан ұсынылатын қызметтер жайында ақпараттар берілді. Титов қыстағы, Гагарин, Шанхай және Ақмешіт мөлтек ауданы секілді қаланың шет аймақтарында «көшпелі кеңес» өз жалғасын тауып, жастарға мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктер жайында кеңінен насихатталды. 

Түлектерге дұрыс мамандық пен оқу орнын таңдау бойынша кеңес беру мақсатында «1.2.3. Старт» жобасы ұйымдастырылып келеді. Жоба бойынша, Республикамызда танымал университеттерімен тікелей эфирлер өткізілді. Атап айтар болсақ, Евразия Ұлттық университеті және ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясымен жасалған тікелей эфирді 1277 оқырман тамашалап, 1248 қаралым жинаған. 

Жастар болашақтың тұтқасы екені айқын. Ал отбасы шағын мемлекет деп танысақ, әрбір шағын мемлекеттің іргетасын қалайтын да – жастар. 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні қарсаңында «Бала мен ата-ананың арасындағы қарым-қатынас» тақырыбында жас отбасыларға арналған тікелей эфир жүргізілді. Эфир қонағы «Сеніммен болашаққа» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Шерхан Жұмабекұлы болды. Тікелей эфирді 233-тен астам оқырман қараған.

«Жастардың психологиялық денсаулығы және суицидтің алдын алу» әлеуметтік жобасы аясында ЖОО және ОАОО-ның студенттері арасында  «Жастар арасындағы суицидтік әрекеттерден қорғау» тақырыбында семинар-тренингтер және «Жасөспірімдер мен жастар арасында психикалық денсаулықты нығайту» тақырыбы бойынша Қызылорда облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ-нің қызметкерлері арасында кездесу ұйымдастырылды. 

Сондай-ақ «Жастардың психикалық денсаулығы» және «Суицидтің алдын-алу профилактикасы» тақырыбында 2000 дана әдістемелік құрал әзірленді. Әдістемелік құрал жастармен жұмыс жасайтын психолог мамандарға ұсынылатын болады. Айта кетейік, жастарға тәулік бойы анонимді түрде психологиялық кеңес беру желісі іске қосылып, әлеуметтік желілерде кеңінен ақпараттандырылуда. 

Қазір ақпарат пен технология ғасыры. Заман ағымына сәйкес қалалық жастар орталығының жоспарлы жұмысына бейресми білім беру арқылы жастардың өмірлік маңызды дағдыларын, құзыретін және дербестігін дамыту да кіріп отыр. 

– «Target intensive» 10 қаңтар күні қала жастарына арналған таргеттік жарнама бойынша 1 күндік тегін интенсив курсы ұйымдастырылды. Курсқа 13 жас тіркеліп, оқытылды. Интенсивті орталықтың SMM-маманы, таргетолог А.Сахи жүргізіп, таргет жарнамасының қыр-сырын үйретті.

«Жастар бастамаларын қолдау» әлеуметтік жобасы аясында қала жастарының арасынан бастамашыл топ құрылып, «Жоба менеджменті» тақырыбында жоба жазу бойынша семинар-тренинг өткізілді. Бастамашыл топтар ұсынған жобалар арасында конкурс ұйымдастырылып, үздік жоба анықталуда. «Аула клубтары» әлеуметтік жобасы бойынша 2022 жылы Титов қыстағы және Тасбөгет кентінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қажеттіліктерін қанағаттандырумен қызығушылығын анықтау мақсатында аула клубтары құрылып, жастар қолданысына берілді. Аталған жоба аясында Шанхай мөлтек ауданымен Белкөл кентінде аула клубын құру жоспарлануда. 

Шығармашыл жастар да назардан тыс қалған емес. Оларға қолдау білдіру, қолайлы орта қалыптастыру және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – ортақ міндет. «Qosyl acoustic» шығармашыл жастар жобасы қала жастары арасында аса танымалдылыққа ие болып, 2 жылдан бері ай сайын тұрақты өткізіліп келеді. Қазіргі уақытта жобаның 25-тен аса резиденті мен 150-ден аса тұрақты көрермені бар, – дейді Әліби Басаров.

Жайдарман ойындары да қала орталығында тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан шараның бірі. Жыл басынан бері 1 республикалық және 2 облыстық деңгейдегі жайдарман ойындары өткізілді. Жастардың бос уақытын ұйымдастыруда спорт саласы да назарда. «Qosyl Sport» спортшы жастар жобасы аясында үстел теннисінен турнирлер тұрақты ұйымдастырылып, жаз айларында волейбол сайыстарын өткізу жоспарлануда. 

Орталыққа үстел теннисіне келуші жастар саны орталық қызметін пайдаланушы жастар санының 34 %-ын құрап отыр. Әрине, сан түрлі саланы қамтыған қалалық жастар орталығының жұмысы жастармен тікелей байланыс, диалог болмаса, іске аспайды. Ақпараттандыру, олардың үніне құлақ түріп, пікірін назарға алу да бір мақсат. Жыл басынан бері орталық шаралары мен жобалары бойынша БАҚ-та 22 материал жарық көрсе, @qosyl.mrc инстаграм парақшасында 124 пост жарияланған. Онда тұрақты 5110 оқырман бар. Демек жастар орталығы мемлекет саясатының бір бөлігін, қоғамның бір толқынын басқарып келеді деген сөз. Жастарға қолдау білдіруді материалдық жағынан ғана өлшемей, рухани, психологиялық, физикалық тұрғыдан да қарастыра білетін орталық мамандарының еңбегі елеулі.

Тағы да оқыңыз: