Kyzylorda-news.kz. Ақ күріштің отаны – Сыр өңірі десек, күзгі жиыннан қалған сол күріштің сабағы мен қауызынан қызылордалық студент жастар қағаз жасап жатыр екен. Бұл өнімнің сапасы күнделікті пайдаланып жүрген кеңсе қағаздарынан әлдеқайда жоғары дейді тәлімгерлер.

Бір қызығы, күріш қалдығынан қағаз жасау тәжірибесі бұған дейін елімізде болмаған екен. Жалпы, Қызылорда облысында жылына 500 мың тоннадай күріш өсіріледі. Шаруалар бұл дақылдың тек дәнін ғана пайдаланады. Ал сабағы мен қауызын жаратпай, өртеп жібереді. Сондықтан күз мезгілінде егіс алқаптары көк түтінге оранып, табиғатқа орасан зор зиянын тигізеді. Ал Қорқыт ата атындағы университеттің студенттері жақында осы күріш қалдықтарын пайдаға асырудың тиімді тәсілін ойлап тапқан.

«Күріш сабанын өртеудің орнына біз одан целюллоза жасап шығардық. Бұл целюллоза бізде қарапайым қолданыстағы А4 парағы болып табылады. Біз жасаған целюллозаның проценті толығымен стандарттық жобаларға сай келеді», – дейді студент Мағжан Биқожаев.

Қалдықтан қағаз жасау үшін студенттер 6 жыл уақыттарын сарп еткен. Қазір зертханада жасалған қағаздар мынадай түйіршік күйінде тұр. Оны әрі қарай дайын өнімге айналдыру – зауыттардың жұмысы екен. Тіпті, күріштің сабағынан кеңсе қағаздары, қатты қағаздар, дәретхана қағаздарын да шығаруға болады дейді жас өнертапқыштар. 

Ал зертханада жұмыс істеп жүрген тәлімгерлер тобы жетекшісінің айтуынша, бүгінде бұл тәжірибеге қызығушылық білдіріп жатқандар қатары көбейген.

«Жақында Алматыдағы қағаз шығаратын зауыт біздің жобаға қызығушылық танытты. Сол зауыттың өкілдері келіп бізден үлгілерін алып та кетті. Одан бөлек, ресейлік ғалымдар да бізбен әріптестік жасап, осы бойынша жұмыс атқаруда», – дейді «Инжинирингтік технологиялар және экология» кафедрасының зерттеуші-профессоры Нұрбол Аппазов.

Қазір оқу орнының зертханасындағы жұмыс қызу. Мұнда тәжірибелерін арттырып жатқан тәлімгерлер күріш қалдығынан қағаздан бөлек, биотыңайтқыштар да жасап жатыр.
 

2022-11-18_13-47-47.jpg

Тағы да оқыңыз: