Kyzylorda-news.kz  Тайланд елінің Бангкок қаласында пара пауэрлифтингтен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында Ашық Азия және Мұхит аралық чемпионат өткен болатын. 

Халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекеде қызылордалық спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. 

Нақтырақ айтсақ, ересектер арасында 59 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Шакиев Станислав үш тәсілдің қорытындысы бойынша 171 кг еңсеріп, күміс жүлдегер атанса,  жасөспірімдер арасында 67 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Айтжан Дилназ жекелей сында екінші орын, ал үш тәсілдің қорытындысы бойынша бірінші орынды жеңіп алып, аймақ абыройын асқақ етті. Сонымен қатар, жарыстың соңғы күнінде ерлер, әйелдер және аралас командалар арасында өткен қорытынды сайыста Шакиев Станислав тағы бір мәрте өз шеберлігін танытып, үздік нәтижемен қола жүлдені жеңіп алды. 

Осыған орай, әлемдік аренада көк Туымызды көкке көтерген чемпиондарды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.  Шараға басқармаға қарасты спорт мектептері және қалалық спорт және туризм бөлімінің қызметкерлері, жаттықтырушылар, спортшылар, БАҚ өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Сыр спортының жанкүйерлері жеңімпаз спортшыларға гүл шоқтарын ұсынып, жылы лебіздерін білдіріп, айтулы жеңісімен құттықтады. Өз кезегінде спортшылар және жеке бапкері Бахытбек Рысбаев алда өтетін маңызды бәсекелерде ел намысын лайықты түрде қорғайтындарын айтып, жиналған жұртшылыққа өз алғыстарын білдірді. Шара соңы естелік суретке түсумен аяқталды. 

Тағы да оқыңыз: