Kyzylorda-news.kz. Н.Бекежанов атындағы театрда өткізілген «Отбасы - тәрбие бесігі» атты кеңесте Қорқыт Ата университетінің профессоры, академик, 5 баланың әкесі Нурбол Аппазов ата-аналарға бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты өз үндеуін жолдады.

«Құрметті ата-аналар! Адамзат баласының ең ұлы ерлігі – ұрпақ жалғастырып, оны өрелі етіп өсіру, еркін білім алуына және оның барынша еркін ойлы болып өсіп-өнуіне жағдай жасау, ұлттық құндылықтарға негіздеп тәрбие беру. Осы мақсаттарға жету жолында біздерде, яғни, ата-аналарда қандай кемшіліктер кетуде, оның салдары қандай? Осы сұрақтарға біз жауап іздеуіміз керек?

Біз көбіне ең бірінші жауапкершілікті тек қана мектеп пен мұғалімнен талап етіп жатамыз. Мөлшерлі уақытқа икемделген оқу мен тәрбиенің әдістемелері бала санасын барынша ізгілендіргенімен, ата-ана мейрімі мен ықыласынсыз ол - нәрсіз! Біз осыны түсінуіміз керек, құрметті ата-аналар!

Баланың бұрмаланған ой-өрісінен, негізсіз талаптарға икемделіп өсуінен, тым кінәмшіл болып қалыптасуынан мектеп пен мұғалім ғана емес, тұтас қоғам зардап шегуі мүмкін. Осы жауапкершіліктің салмағын біздер, яғни ата-аналар толық сезінуі керек деп ойлаймын.
Жас ұрпағымыз қанымызда болмаған «суицид», «ерте жүктілік», «игромания», «буллинг», «кибербулинниг» секілді оқиғалар кейіпкері болуда. Осы жағдайларға жол беріп, қол қусырып отырудың арты орны толмас зардаптарға әкелетінін әсте ұмытуға болмайды. Біз олардың алдын ала аламыз, алдын алуымыз керек және алдын алуға міндеттіміз құрметті ата-аналар!

Атап айтатын тағы бір мәселе балаларымыздың ғаламтор желісіне шырмаулануы. Әр түрлі ойындар бала бойына түрлі жағдаяттарды туындатып өсіп келе жатқан жас буындарды қылмысқа,  өздерін тежей алмайтын әрекеттерге  алып келуде. Осындай әркеттерді тоқтату үшін ата-ана баласына ұялы телефондарына шек қою және қымбат дүниелерді  алып беруде жас ерекшеліктерін ескеруі қажет деп ойлаймын.

Ұлы сөзде ұят жоқ демекші, ерте жүктіліктің, зорлық-зомбылықтың алдын алуда репродуктивті денсаулықты балаға түсіндіруде ата-ана маңызды рөл атқаратынын ескеруіміз керек. Себебі баламен ол туралы сөйлесудің қажеттілігі мен маңыздылығы балаға зорлық көрсетудің алдын алуында жатыр. Көбіне бүгінде ата-ана мен бала арасында мәміле жоқ. Біздер баламен жиі әңгімелесіп, сырласып, сұхбаттасуымыз қажет. Баланың жасына қарай бейімделіп, балалармен солардың тілінде сөйлесуіміз керек.

Тағы бір ерекше тоқталып өтетін жәйт, суицид. Отбасыларда түрлі жағдайлардың қалыптасуы бала тәрбиесіне кері әсерін тигізуде. Отбасындағы дағдарыс, ерлі-зайыптылардың жанжалдасуы, ажырасуы, маскүнемдік, заңсыз отбасын құру т.б келеңсіздіктер сөз жоқ, баланың жан дүниесіне ауыр соққы болып тиеді. Мұндай ортада өскен бала әрине өте қамкөңіл, тез ренжігіш, күйгелек мінезді болып өседі, ата-аналық мейірімді қатты аңсайды. Сол себепті баламен тығыз-қарым қатынас орнатып, олардың сырласы да, досы да болуымыз керек.

Құрметті ата-аналар! Баланың мінез құлқы, тәрбиесі, білімі біздің көрсеткен үлгіміз арқылы өлшенетінін естен шығармауымыз керек. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Ата-ананың тәрбиесі үлкен із қалдыратынын ескерсек, бала тәрбиесінде біз қателеспеуіміз қажет. Бала – әр жанұяның бақыты ғой. Ендеше ата-аналар, өз бақытымызды бағала білейкші.

Отбасын бақыт жағалауын бетке алып, өмір айдынында жүзіп келе жатқан қайыққа теңесек, оның қос ескегін әке мен ана дер едік. Сондықтан біздің ең үлкен басты мақсатымыз – өз баламыздың үлкен әріппен жазылатын АЗАМАТ етіп тәрбиелеу», - делінген үндеуде.

Тағы да оқыңыз: