Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гаухар Мананбай «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Бұл – отыз жылдан астам ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен білім беру ісіне арнаған білікті педагогтің еселі еңбегіне берілген лайықты баға.
Гаухар Абайқызы 2014 жылдан бері Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде қызмет етіп келеді. Ұстаздың кәсіби ізденісі мен әдістемелік еңбегі білім беру мазмұнын жетілдіруге бағытталған. Ол 9-сыныпқа арналған оқулықтың, мұғалімдер мен оқушыларға арналған бірқатар әдістемелік құралдардың авторы. Сонымен қатар оқу бағдарламаларын, емтихан тапсырмалары мен бағалау материалдарын әзірлеуге атсалысып, білім беру саласындағы сарапшылық қызметті де қатар алып келеді. Педагог еңбегінің жемісі – шәкірттерінің жетістігі. Оның жетекшілігімен оқушылар жыл сайын облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында топ жарып, жүлделі орындарға ие болып келеді.
