Kyzylorda-news.kz. Ел астанасында «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы өтті. Форум халық қалаулылары мен Үкімет басындағыларды бір арнаға тоғыстырған мүмкіндік алаңына айналды. Оның жұмысына 3 мыңға жуық адам қатысса, олардың 2500 мыңы немесе еліміздегі барлық мәслихат депутаттарының 77 проценті – жергілікті өкілді органдардың аманаттық депутаттары болды. 

«Әділет пен адалдық – ажырамас ұғымдар. Ал, осы ұғымдардың салтанат құруы үшін қоғамдық сана мен әлеуметтік құндылықтар өзгеруі керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз. Бұл бізге де қатысты. Осы жолда «AMANAT» партиясы барлық игі істердің алғы шебінде жүруі тиіс. Халықтың сенімі бізге күш береді. Сол сенімнің арқасында, өткен сайлауда Мәжілісте де, мәслихаттарда да басым дауысқа ие болдық. Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсындық. Министрлерді тағайындадық. Мәслихаттағы фракцияларымыз облыстар мен мегаполистердің әкімдерін тағайындады», – деді «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов.

Партия Төрағасы аманаттық депутаттар әкімдіктермен өзара тиімді қарым-қатынас жасауы тиіс екенін, себебі сайлауалды уәделерді орындау осыған келіп тірелетінін ерекше атап өтті.

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Сайлауалды тұғырнамасын және «AMANAT» партиясының бағдарламасын іске асыру Үкімет жұмысының негізі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға биыл 100 миллиард теңге бөлінетініне тоқталды. «Жоба 7 жылда 1 миллионнан астам ауыл тұрғынын қамтиды. Бұған 1 триллион теңге қарастырылды. Агроөнеркәсіптік кешенде 536 миллиард теңгені құрайтын 300-ге жуық жоба жүзеге асырылуда. Көктемгі егіс және орақ науқанын жеңілдікпен несиелендіру көлемі биыл 140 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен несие беру мөлшері 145 миллиард теңгеге жетті», - деді Үкімет басшысы.

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин қоғамдық сана өзгермей, мемлекет пен қоғамның жаңа сапасы қалыптаспайды деп есептейді. Ол президенттік реформалардың мәні негізгі саяси институттарды нығайту екенін атап өтті.

«Ең басты міндет – реформаларды жүзеге асыру ғана емес, оларды бүкіл қоғам болып жүргізу. Сондықтан, саяси жаңғырту бағдарламасын іске асыру Конституцияға өзгерістер енгізуді талап еткен кезде, Президент жалпыұлттық референдум өткізу жөнінде бастама көтерді. Референдум нәтижесі қоғамдық топтасудың сапалы жаңа деңгейге шыққанын айғақтады. Мұны президенттік және парламенттік сайлау қорытындысы да растады», - деді ол өз сөзінде.

Өз кезегінде Қызылорда облысынан аттанған облыстық, қалалық мәслихат депутаттары да Үкімет басындағы министрлермен кездесіп, аймақтың түйткілді мәселелерін көтеруге мүмкіндік алды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып облыстан барған аманаттықтардың бірқатары  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа сауал жолдады. Оның ішінде аймақта туризм саласын дамыту, бес мыңға жетпейтін халқы бар елдімекендегі аурухананы жабу мәселесі, мүгедек бала бағатын аналарға еңбек өтілін жүргізу және мүмкіндігі шектеулі жандарды жыл сайын тексеруден өткізбей-ақ, мүгедектік дәрежесін бірден анықтау мәселесі айтылды. 

Халықтың мұң мұқтажын Үкіметке жеткізуде – форумның берері мол болды. Бұл бұқара жүгін арқалаған халық қалаулыларына Үкімет басындағылармен өзара ашық диалог құруға, ел аманатын орындауға берілген мүмкіндік болды.

Тағы да оқыңыз: