Kyzylorda-news.kz. Өңірде ел игілігіне қызмет ететін жобалар жүзеге асып жатыр. Жыл басынан бері облысымыз әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасына қол жеткізген. Яғни, ауыл шаруашылығының өнімі 1,6, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,9, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,4, сауда көлемі 2,5, инвестициялар тарту 42,1, құрылыс көлемі 44 пайызға артқан.
Шикізатқа тәуелділікті қалай азайтамыз?
Шикізатқа тәуелділікті азайту – Сыр өңірінің ғана емес, ел экономикасындағы көкейтесті мәселе. Қолда бар мәліметке сүйенсек, өнеркәсіп өндірісінің 70 пайызға жуық үлесін алатын тау-кен секторында 2013 жылдан бері қордың сарқылуы салдарынан мұнай өндіру 6,5 млн тоннаға азайған. Бүгінде жаңа мұнай кен орындарын игеру үшін «Шу-Сарысу» бассейнінде геологиялық геофизикалық зерттеу жұмыстары аяқталып, мұнай қорын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Шикізатқа тәуелділікті азайту мақсатында экономиканы әртараптандыру бағытында ірі жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы «Қармақшы құс» ЖШС, 36 мың тонна бие сүтін өңдейтін «Айғасар» ЖШС, 700 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін «Казах камел» ЖШС зауыты, 172,8 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін «Арал кварц» ЖШС жобалары жүзеге асуда.
Сонымен қатар, өткен жылдың қазан айынан бастап шыны зауытының іске қосылуы да өңір экономикасына серпін беруде.
Өткен жылы шыны зауыты елімізді 32 мың тоннадан астам өніммен қамтамасыз еткен. Биылғы жылы 3,5 млн текше метр шыны өнімі өндірілді. Зауыт өнімі республика өңірлеріне, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, және Ресейге экспортталуда. Шыны зауытының жанынан 32 млрд 800 млн теңгені құрайтын 3 ілеспе кәсіпорын ашылады. Бұл жобалар жаңа жұмыс көзін құруға, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ құрылысы биыл басталады деп жоспарланған «Шалқия» кен орнындағы тау-кен байыту комбинаты да өңір экономикасы үшін маңызды жобалардың біріне айналмақ. Ал «Баласауысқандық» кен орнында қара тақтатасты автоклавты өңдеу бойынша тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс жасауда. Өткен жылы кешенде 454 тонна, биылғы 4 айда 81 тонна өнім өндіріліп, Ұлыбритания, Ресей елдеріне экспортталған.
Қызылорда – инвестиция тартудан көш басында
Аймақта Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, құны 907 млрд теңгеден асатын 36 жоба енгізілген. Өткен жылы құны 5 млрд 100 млн теңге болатын 4 жоба іске қосылса, биыл құны 13 млрд 400 млн теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге аспақ.
Бұл ірі жобалардың жүзеге асуы өңірде инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік бе-реді. Атап өтер жайт, біздің аймақ инвестиция тарту қарқыны бойынша республика көлемінде үнемі алдыңғы қатардан көрінеді. Биыл өңірге 424 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған.
Шағын кәсіп ел экономикасын өрге сүйрейді
Аймақта шағын және орта кәсіпті дамыту жұмыстары да нәтижесін беруде. Цифрларды сөйлетсек, соңғы 5 айда кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 23 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып, 1700 жобаға қолдау көрсетілген екен.
«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жыл басынан бері несие портфелі 8 миллиард 600 миллион теңгені құрайтын 168 жоба субсидияланды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 76 мың бірлікті құрап, 33 пайызға ұлғайған. Жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны 39,2 пайызға ұлғайып, 72,1 мың бірлікті құраған.
Сонымен қатар, Ел Президентінің тапсырмасына сай өңірде жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 2,5 пайызбен 1 миллиард 300 миллион теңге жеңілдетілген несие берілген. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 454 жобаға жеңілдетілген несие берілмек. Қосымша 19,5 миллиард теңгеге салалық министрлікке 2756 жоба ұсынылған.
Жаңа жұмыс орны көптеп құрылуда
Жұмыссыздықты азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Бұл проблеманы шешуде жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасы сай жұмыс жүргізілуде.
Мәселен, Президенттің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес 2022 жылы өңірде 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 263 пайызға орындалған. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға, жастар арасындағы жұмыссыздық 4 пайызға тұрақтады. Биыл «Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» аясында жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызға дейін төмендету жоспары бар. Өңірлік картадағы жоспардың 43,3 пайызға орындалуына қол жетті, яғни 19 мың жұмыс орны құрылды. Оның 16 мыңға жуығы жаңа жұмыс орны, оның ішінде тұрақтысы – 6952, уақытшасы – 12055 жұмыс орны болып отыр.
Ата кәсіпке қолдау бар
Сырбойылықтардың негізгі кәсібі саналатын ауыл шаруашылығын қолдау жайы да шет қалған емес. Мәселен, саланы әртараптандыру мақсатында мал азықтық дақылдар көлемі 2300 гектарға, картоп, көкөніс және бақша дақылдары 222 гектарға, негізгі дақыл – күріш көлемі 5400 гектарға ұлғайған.
Биыл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сыр диқандарын мемлекеттік қол-дау мақсатында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясымен» күріш өнімін форвардтық сатып алу келісілген. Келісімді тиімді іске асыру үшін Үкіметтің қолдауымен 1 миллиард 200 миллион теңге қаралған.
Саладағы тағы бір жағымды жаңалықтың бірі – бүгінде Украина ғалымдарымен бірлесіп демонстрациялық алаң ашылуда. Негізгі мақсат – су тапшылығына байланысты тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы әртараптандыру бағытындағы дақылдар, кү-ріштің бірнеше сорттарын тәжірибе ретінде енгізу. Сонымен қатар Сыр өңірінде бақша дақылдарын егу үшін тұрғындарға арнайы жер телімдерін дайындап беру жыл сайын жүзеге асуда. Биыл да қала мен аудандарда 5488 отбасына 3 мың гектардан астам жер берілген.
Сырдария жайы алаңдатады
Дария жағасында тіршілік еткен елдің әрдайым Сырдария жайына алаңдаулы екені рас. Дария суының азаюы соңғы жылдары жергілікті халықтың базынасына айналған еді. Бұл қалыпты да. Себебі, Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халықтың тыныс-тіршілігі өзен суымен тікелей байланысты. Сырдария өзені мен Арал теңізіне қатысты жағдай қашан да өзекті. Соңғы 12 жылда Арал теңізінің суы Солтүстік бөлігінің суы 8 миллиард 500 миллион текше метрге азайып кетті. Тұтас өңірдің тағдырына байланысты ахуал Парламентте, Үкімет алдында үнемі көтеріліп жүр. Мем-лекетаралық келісімнің нәтижесінде өткен жыл ішінде теңізге 816 миллион текше метр су келсе, биылғы жылдың 5 айында 1 миллиард 600 миллион текше метр су түсті.
Мемлекет басшысының қолауымен өткен жылдан бастап құны 4 миллиард 500 миллион теңгені құрайтын «Көкарал» бөгетін сақтап қалу жобасы іске асырылуда. Оған 2022 жылы 500 миллион теңге, 2023 жылы 1,9 млрд теңге бөлінді. Жоба келесі жылы аяқталады. Нәтижесінде «Көкарал» бөгетінің бұзылу қаупі жойылып, теңіздегі су айналымы қалыптасады.
Ауылдарды көркейтудің үлгісі
Мемлекет басшысының ауылдарды дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша Сыр өңірінде ауылдарды көркейтудің жаңа үлгісі бар. Биылдан бастап «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілмек. Бұл үшін облыстық бюджеттен 467 млн теңге бөлінген. Конкурс аясында «Үлгілі ауыл», «Үлгілі аудан орталығы», «Қызылорда қаласының үлгілі шағын ауданы» аталымы бойынша жеңімпаздар анықталып, 14 техника табысталмақ. Сонымен қатар жеңімпаз шағын аудандарға жарықтандыру, скверлер салынбақ.
Сондай-ақ тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан өңірде айырықша атап өтетін жаңалықтың бірі – «Сыр жастары» бағдарламасының қабылдануы. Бұл жас от-басыларды баспанамен қамту үшін жасалған мүмкіндік. Бағдарлама аясында алғаш рет 100-ден астам жас отбасына тұрғын үй беріледі. Бұған жергілікті бюджеттен 1 млрд 200 мың теңге, «Отбасы банкі» арқылы 500 млн теңге, барлығы 1 млрд 700 млн теңге қаржы бөлінген.
Жол, жылу, көлік жайы
Тұрмыс тіршілігімізде маңызды саналатын инфрақұрылым жайын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар да жетерлік. Әсіресе, аймақ үшін өзекті әрі маңызды жоба «Қызылорда-Жезқазған» автожолының құрылыс жұмыстары жүйелі жүріп жатқаны, орталықтандырылған жылу мәселесін шешу мақсатында жаңа жылу-электр орталығының іргетасы қаланғаны құптарлық іс болды. Сондай-ақ облыс орталығында қоғамдық көлік қызметін жақсарту мақсатында 150 жаңа автобус әкелінді. Енді тағы 150 автотобус келетін болады.
Жаңа жобалар аз емес
Аймағымызда биыл қолға алынған жаңа жобалар қатары аз емес. Бүгінде құрылыс алаңына айналған облыс орталығында құрылыс жұмыстары қыза түсті. Ел игілігіне қыз-мет етер жаңа әлеуметтік нысандар қатары аз болмайды. Тізбектеп айтсақ, 300 орындық көпбейінді аурухана, қан орталығы, перинаталдық орталық, физика-математика бағы-тындағы мектеп-интернат, көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешені, «Қайсар» футбол командасының заманауи стадионы, «Неке сарайы, «Өнер орталығы» және биыл 10 мектептің құрылысы басталатын болады.
Билік пен бизнес бірлескенде...
Облыста кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асқан жобалар қатары аз емес. Бұл ретте сыр кәсіпкерлері туған жерге қызмет етудің айрықша үлгісін көрсетіп жүр. Бүгінде аймағымызда демеушілікпен барлығы 30 миллиард 100 миллион теңгенің жобалары жүзеге асуда. Атап айтқанда, Болат Өтемұратовтың демеушілігімен 15 миллиард теңгеге «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. Терминал 2024 жылы мамырда ел игілігіне табысталады. Қызылорда қаласында белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтің демеушілігімен 1 миллиард 500 миллион теңгеге «Анаға тағзым» орталығының құрылысы жүруде. Жақында тамыз айында пайдалануға беріледі. Жерлесіміз, белгілі кәсіпкер Асқар Әубәкіровтің қолдауымен 1,5 миллиард теңгеге орталық алаң жаңғыртылады. Жаңақорған ауданында құны 790 миллион теңге болатын заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында құны 450 миллион теңге болатын «Еңбекшілер паркі» бой көтерді. Демеушілердің қолдауымен Арал ауданы Тоқабай ауылында апатты мектептің орнына 500 миллион теңгеге жаңасы салынуда. Ол алдағы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.
Сәуір айында Қызылорданың Түркістан облысымен шекарасында демеушілік есебінен құны 230 миллион теңге болатын облыстың кіреберіс қақпасы ашылды.
«ҚазГермұнай» ұлттық компаниясмен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында 2 миллиард 500 миллион теңгеге замануи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы осы жылдың шілде айында басталады.
«Балалар жылы» аясында аймағымыздың демеушілері 1 миллиард 600 миллион теңгеге 80 спорт-ойын алаңын салды. Өткен айдан бастап демеушілердің қолдауымен 1 миллиард 100 миллион теңгеге облыс орталығында 50 үйдің қасбеттері заманауи панельдермен жаңғыртылуда. 1 миллиард теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылуда, яғни замануи спорт алаңдары, тротуарлары, жарық бағаналары жаңартылуда.
Бүгінде Сыр өңірінде ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Өңір экономикасына дем берер ауқымды жобалар, ел мұқтаждығын өтейтін әлеуметтік нысандар да көптеп салынуда. Бір сөзбен айтқанда, аймақтағы қызу тірлік, қолға алған жобалар нәтижесін мақтаусыз-ақ ел сезінуде. Елге қызмет етем дегендердің басты мақсаты да осы.