Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар автожолдарда 300-ден астам авариялық-қауіпті учаске бар. Жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі - үй жануарларының жол бойына шығып кетуі.
Осыған байланысты, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының авариялық-қауіпті учаскелеріндегі қауіпсіздікті арттыру мақсатында қосымша іс-шараларды қолға алынды. Осылайша үй жануарларының иелері (республикалық автожолдардың жанында тұратын) жарық шағылыстырғыш ленталармен, сондай-ақ жарық шағылыстырғыш аэрозольмен қамтамасыз етіледі. Республикалық трассалардың авариялық-қауіпті учаскелерінде шу жолақтарының санын ұлғайту жоспарлануда. Қосымша стробоскоптар мен торлы қоршаулар орнатылады. Сонымен қатар, түсіндірме жұмыстары одан әрі жалғасады.
Жоғарыда аталған шаралар жыл сайын республикалық трассаларды күтіп-ұстауға бөлінетін қаражат есебінен жүзеге асырылады.
Естеріңізге сала кетейік, республикалықмаңызы бар автомобиль жолдарында 320 мал айдау және 1,1 мың қума метр тор орнатылды.
Республикалық маңызы бар жолдардың учаскелерінде үй жануарларының қатысуымен болатын автомобиль апаттарын алдын алу үшін «электр-бағбан» құрылғысы орнатылды. Бірқатар өңірде орнатылған бұл құрылғының жалпы ұзындығы бүгінгі күні 250 шақырымды құрап отыр.
Кешенді мақсатты бағдарлама аясында республикалық трассаларда 10 мың жол белгілері орнатылып, ауыстырылды. Алты мың дана жарық диодты катафот, 320-дан астам ақпараттық панно және 250-ге жуық жол буфері орнатылды.
Полиция қызметкерлерімен, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесе тұрақты негізде елдімекен тұрғындарының қатысуымен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады. Автомобиль жолдарының бойында мал жаюға жол бермеу мәселелері бойынша кездесулер өткізіп, бірлескен хаттамалар жасақтап, жадынамалар таратылады.
Неғұрлым жүріп-тұру қарқыны жоғары учаскелерде жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдерін салу жұмыстары жүргізілуде. Биыл Түркістан өңірінде жаңа үш жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға берілді (765, 755, 766 шақырым А-2 «Алматы-Ташкент-Термез» тасжолында). Ерекше қажеттілігі бар тұрғындарға жағдай жасауға назар аударылды (пандустар, арнайы көтергіштер орнатылды). Жыл соңына дейін Алматы өңірінде бес жаңа жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Үй жануарларының кесірінен болатын жол-көлік оқиғалары Сыр өңірінде өзекті мәселе. Жалпы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің 800 шақырымнан астамы Қызылорда облысының аумағынан өтеді. Елдімекендер үлкен жолдың бойында орналасқан. Бүгінде аймақта төрт-түлік малдан болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп, қайғылы жағдайлар азаймай тұр.
«Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде еліміздің жол инфрақұрылымын дамыту мен ондағы өзекті мәселелелер кеңінен қаралды. Парламент мінберінде сала министрі Қайырбек Өскенбаев үй-жануарларының жолға шығып кетуінен болатын көлік апаттарына қатысты тоқталып, оның алдын алу бағытында атқарылатын шараларды жеткізді. Мәселен, енді республикалық маңыздағы автожолға жақын орналасқан елді мекендердегіүй жануарлары жарық шағылыстырғыш ленталармен, сондай-ақ жарық шағылыстырғыш аэрозольмен боялуы тиіс. Яғни, түнгі уақытта жүргізуші жолға шыққан малды алыстан көруі керек. Сондай-ақ, республикалық трассалардың авариялық-қауіпті учаскелерінде шу жолақтарының санын ұлғайту жоспарлануда. Қосымша стробоскоптар мен торлы қоршаулар орнатылады. Және бұл шаралар жыл сайын республикалық трассаларды күтіп-ұстауға бөлінетін қаражат есебінен жүзеге асырылады. Міне, осы арқылы жол бойындағыжағымсыз статистика азайып, оқыс оқиғалардың алдын алуға болады деп есептеймін» - деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Ерболат Көштаев.
Айта кетейік, республикалық маңызы бар жолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселелері бойынша 1403 қысқа нөмірі бойынша хабарласуға болады. Тек биылғы 9 айдың ішінде колл-орталық операторлары 150 мыңға жуық қоңырау өңдеді.
