Қызылорда қаласында «СПОРТ – ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ!» ұранымен көркем гимнастикадан турнир өтті. Іс-шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, өскелең ұрпақтың денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру және жастарды спортқа баулу.

Турнирді Қызылорда облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «ABSULTAN» көркем гимнастика мектебімен бірлесіп ұйымдастырды.

Жарысқа ең кішкентай бүлдіршіндерден бастап жасөспірімдер тобына дейінгі әртүрлі жас санатындағы гимнастшылар қатысты. Жас спортшылар өздерінің шеберлігін, әсем қимылдарын, икемділігін, төзімділігі мен жеңіске деген жігерін көрсетті. Әрбір өнер көрсетудің артында тынымсыз жаттығу, табандылық пен спортқа деген сүйіспеншілік тұрғаны анық байқалды.

Іс-шараға Есірткіге қарсы құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшелері де қатысып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және жас ұрпақты спортқа тартуға бағытталған бастаманы қолдады.

Турнир қорытындысы бойынша 35 қатысушы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталса, 12 гимнастшыға естелік сыйлықтар табысталды.

Жарыстың ерекше сәттерінің бірі – спорт шебері және спорт шеберлігіне үміткер атақтарына ие болған спортшыларға тиісті куәліктердің салтанатты түрде табысталуы болды. Бұл – жас гимнастшылардың қажырлы еңбегі мен жоғары спорттық жетістіктерінің лайықты бағасы.

Ұйымдастырушылар «ABSULTAN» көркем гимнастика мектебінің жаттықтырушыларына кәсібилігі, өз ісіне деген адалдығы, шыдамдылығы және жас спортшыларды тәрбиелеуге қосқан зор үлесі үшін шынайы алғыстарын білдіреді.

Осындай тағылымды шаралар спорттың тек жарыс пен жүлде ғана емес, сонымен қатар тәртіп, табандылық, күш-жігер, өзіне деген сенімділік пен жарқын болашаққа бастайтын дұрыс таңдау екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Тағы да оқыңыз: