Kyzylorda-news.kz. Диқан қауымының астық дақылдарының көтеріліп, дән толтыру үшін нағыз ылғал тілейтін шағы — осы шілде айы. Еңбек етпей, жетістікте жету мүмкін емес. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен, Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай ауылындағы «Ақжол» шаруа қожалығында баспасөз туры өтті.
Өндіріс бригадирі Жетпісбай Ерденов БАҚ өкілдерін күтіп алды. Былтыр «Ақжол» шаруа қожалығының диқандары су тапшылығына қарамастан әр гектардан 60 центнерден жоғары өнім алған. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, облыс бойынша барлығы 195,6 мың гектарға ауылшаруашылығы дақыларын орналастыру жоспарланған. Негізгі дақыл − күріштің көлемі 83,9 мың гектарды құрайды. Өткен жылға қарағанда дән егу көлемі 7 мың гектарға артқан. Диқандар өткен жылы күз айларында 4,8 мың гектар күздік бидай егуді және 41,2 мың гектар сүдігер жыртуды қамтамасыз еткен. Биыл көктемде 250 гектарға дейін егін еккен.
1997 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысатын «Ақжол» шаруа қожалығында бүгінде 15 адам еңбек етеді. Өндіріс бригадирі Жетпісбай Ерденовтің айтуынша, биыл су тапшылығына байланысты егіс көлемі азайған. Егін егуге қажетті техникалар толық қамтамасыз етілген. Жерді тыңайту үшін 3 жыл күріш, 3 жыл жоңышқа егеді. Күрішті бастыру үшін судың көлемі көп болуы қажет. Диқандар жерді «MARA» лазерлі құрылғысымен тегістеген. Жалпы жерді тегістеу суды үнемдеуге септігін тигізеді. Ал өңірдегі су тапшылығы биылғы егін шаруашылығына да қолайсыздық тудыруда. Дегенмен диқандар қол қусырап қарап отырмақ емес. Шамасы келгенше аз сумен мөл өнім алуды көздеп отыр.
Күн сәскеден ауғанда егінтайға барған біз күн ұясына батар тұста қайтуға ыңғайландық. Ал диқандар күнделікті қауырт тірлігіне кірісіп, жұмыстарын жалғастырып жатыр. Іштей «Өнімдеріңіз мол болсын», − деген тілек айтып, қалаға қарай бет бұрдық.