Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында «Халыққа қолайлы инфрақұрылым. Жайлы шаһар жасау бастамалары» тақырыбында өтіп жатырған семинар-кеңес жұмысы жалғасын табуда. Қызылорда қаласы әкімінің орынбасарлары Д.Тұрсынбаев, А.Кентуғаев «Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары туралы», Қызылорда қаласының сәулеттік келбетін жаңғырту, «Дизайн код» жобасы туралы және Қызылорда облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы Б.Шәменова «Бюджетті жоспарлау, орындалуын бақылау» мәселесі бойынша хабарлама жасады, семинар-кеңеске қатысушылардың сауалдарына жауаптар берді. 

Балжан Мөрәліқызы семинар-кеңес барысында облыс әкімінің тапсырмасымен бюджетті арттыру, тиімді игеру мәселелері бойынша қолға алынған тиімді жұмыстарды атап өтті. 

Соңғы үш жылда Қызылорда облысының бюджетінде айтарлықтай үлкен өсім бар. 2023 жылы облыс бюджеті 601,3 миллиард теңгеден асты. Бұл 2022 жылғы бюджет көлемімен салыстырғанда (208,9 миллиард теңгеге) 55,3 процентке артық. 

Бұл ретте, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлының табанды еңбегі мен іскерлігін атап өткен жөн. 

Облыс басшысының тапсырмасымен аймақ бойынша өзекті мәселелер жинақталып, жоба сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті Министрліктермен жүйелі жұмыстар жүргізілді. Нәтижесімен республикалық бюджеттен қаржыландырылған жобалардың үлесі артты. Бюджеттің ұлғаюына қызылордалық Парламент депутаттары мен сала басшылары да өзіндік үлестерін қосуда. 

Сонымен қатар, бюджет қаржысының тиімділігін арттыру үшін облыстық мәслихаттың экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының басшылығымен құрамына мүдделі облыстық басқармалар өкілдері енген жұмыс тобы құрылып, салалар бойынша бөлінген бюджет қаржысына зерделеу жұмыстарын жүргізді. 

Қорытындысында ауқымды қаржы үнемдеуге мүмкіндік туды. Атап айтқанда, облыстың білім беру ұйымдарына бөлінген қаржының бюджеттік заңнама нормаларына сәйкестігі зерделеніп, нәтижесінде жоспардан тыс қаралған қаржы, яғни, 12,9 миллиард теңге, спорт саласы бойынша 3,8 миллиард теңге бюджетке кері қайтарылған. 

Үнемделген қаржы аймақтың бірінші кезектегі мәселелерін шешуге жұмсалуда. 

Семинар-кеңеске қатысқан еліміздің сегіз өңірінен келген қалалық мәслихат төрағалары мен депутаттары өз ойларымен бөлісіп, сұрақтарға жауаптар алды. 

Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары Айдос Зейнуллаұлы өз сөзінде «Дизайн код қаламыздың көп жылдар бойы қалыптасқан ғимарттардың сыртқы қасбетінің үлгісі қандай болу керектігі, оның түсі, құрылыс жұмыстарына қолданылатын материалдар, оның ішінде ғимараттардың қасбетіндегі әртүрлі үлгіде жасалған жарнаманың бір биіктікте, бір деңгей мен көлемде орналастыру, қасбеттерді біркелкілендіру сондай-ақ, көшелердің сәулеті бірыңғай үлгіде (жарық шамдары, брусчатка, қоқыс жәшігі) тәртіптелетін құжаты болады» - деді. 

Семинар жұмысы Қызылорда қаласындағы әлеуметтік-экономикалық маңызды нысандарды аралау бағытында жалғасып тапты. Семинар-кеңес жұмысына Қызылорда қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев төрағалық етуде.

Тағы да оқыңыз: