2026 жылғы 23 сәуірде «Жастар және сайлау» республикалық форумы аясында ашық пікір алмасу форматында Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері сайлау үдерісінің өзекті мәселелерін талқылады.
Іс-шараға 400-ден астам жас сайлаушы қатысты. Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының, еліміздің барлық өңірлерінен Жас сайлаушылар клубтарының мүшелері, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, сондай-ақ Қызылорда облысының сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.
Кездесу барысында Жас сайлаушылар клубтары мен аумақтық сайлау комиссияларының жас сайлаушылар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысындағы рөліне де ерекше көңіл бөлінді.
Кездесу сұрақ-жауап сессиясымен жалғасты. Қатысушылар сайлауды ұйымдастырудағы шетелдік тәжірибе, сайлау үдерісін цифрландыру, сайлау комиссиялары мүшелерін даярлау мәселелерін көтерді.
Мәселен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Жұбаныш Нұртілеу сайлауды ұйымдастыру бойынша АҚШ пен Корея тәжірибесіне қызығушылық танытты. Осы оқу орнының студенттері Айғаным Қалиева - дауыс беру мәселелері туралы, Маханбет Пірмағанбетов - жас сайлаушылармен өзара іс-қимыл жөнінде, Рамазан Құдайбергенов - электоралдық дауларды шешудегі сайлау бойынша соттардың шетелдік тәжірибесі туралы сұрақтар қойды.
Өз кезегінде Қарағанды облысынан Жас сайлаушылар клубының мүшесі Асылай Қонысова сайлау үдерісін цифрландыру мәселесін көтерді. Ал Батыс Қазақстан облысынан Эльмира Тұрғалиева барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары құрамына жастардың қатысуын кеңейтуді ұсынса, осы өңірден Лиас Мейірхан - сайлау үдерісінде волонтерлік қызметті пайдалануды ұсынды.
Сонымен қатар Ортсайлауком Төрағасы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ашылған Жас сайлаушылар клубының кабинетінде болды. Университет өкілдерінің мәліметінше, арнайы жабдықталған аудиторияда студенттер «Сайлау құқығы» пәнін меңгеріп, сайлау комиссияларының өкілдерімен қонақ дәрістері мен практикалық кездесулерге қатысады.
