Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында халықтың 96,5 пайызы қазақ ұлты болса, 3,5 пайызын 35 өзге ұлт өкілі құрайды. Этностардың басым бөлігі Қызылорда және Байқоңыр қалаларында орналасқан.
Жыл басынан бері Қызылорда облысында этносаралық саладағы ахуал және этностық топтар арасындағы өзара қарым-қатынас тұрақты әрі қалыпты деңгейде сақталды. Этникалық белгілеріне сәйкес кикілжіңдер тіркелген жоқ.
Мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыруда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы құрамында 11 этномәдени бірлестіктер, аудандарда 5 этнобағытталған үкіметтік емес ұйымдар және 8 қоғамдық құрылым жұмыс атқарады. Сонымен қатар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» орталығымен тығыз әріптестік байланыс орнатылған. Сондай-ақ жоспарлы түрде және жоспардан тыс онлайн және офлайн форматта барлығы 237 шара ұйымдастырылған. Бұл іс-шараларда 22 мыңнан аса адам қамтылды.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясымен жыл бойы «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы аясында облыстық этномәдени бірлестіктердің ашық есік күндері, түрлі бағыттағы семинарлар, этностардың мәдени күндері және ұлттық мерекелері аталып өтілуде.
Биылғы жылдың 21 маусымда Қызылорда облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аймақтық Қазақстан халқы ассамблеясының XXIV сессиясы өтті. Кеңес отырысында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық негіздегі орынбасары болып өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Кахар Дадашев тағайындалды.
Жыл басынан бері ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен аймақта түрлі форматтағы 50-ден іс-шара ұйымдастырылып, оған 8000-нан аса адам тартылды. Сонымен қатар облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі 5 отырысын ұйымдастырып, ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында 13 кездесулерге қатысты.
Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі жыл басынан бері түрлі шараларды ұйымдастырып келеді. Атап айтқанда биыл барлық аудандарда «Мәдениетті ана - мәдениетті ұлт» жобасы аясында Аналар кеңесінің форумы өткізілді. Жоба бойынша қыркүйек айының екінші он күндігінде Қызылорда қаласында аталған форум қорытындыланды.
Аймақта медиация қызметін үйлестіруде облыс көлемінде биылғы жылы облыстық Қазақстан ассамблеясымен бірлесіп жұмыс атқаратын 45 медиатордың тізімі жасақталған.
Жыл басынан бері ассамблея медиаторларына барлығы 11 өтініш келіп түскен. Оның ішінде этносаралық даулар орын алған жоқ. Есепті мерзімде облыс көлемінде медиацияға қатысты 22 түрлі форматты кездесулер, жиындар мен түсіндіру шаралары ұйымдастырылса, аталмыш шараларға 400-ден астам тұрғын қамтылды.
Мемлекеттік тіл саясаты шеңберінде этнос өкілдеріне арналған мемлекеттік тіл үйрету курстары тұрақты ұйымдастырылады.
Жыл басынан бері облыс бойынша «Мәміле» клубы аясында 9 іс-шара ұйымдастырылып, оған 100-ден астам адам қамтылды.
Ассамблея ұжымы қайырымдылық акцияларына үнемі атсалысып келеді. Жыл басынан бері 53 іс-шара ұйымдастырылып, 3000 адамға қайырымдылық көмек көрсетілді. Атап айтқанда, «Мектепке жол» акциясы шеңберінде 102 отбасының 127 баласына 1 500 000 теңге көлемінде мектепке қажетті құрал-жабдықтармен және киім-кешектермен қамтамасыз етілді.