Фото: kzvesti.kz.
Kyzylorda-news.kz. Алматыдағы зілзала қазақстандықтарды әбден алаңдатты. о: Istock
Осы орайда inbusiness.kz тілшісі "Қызылорда облысында да жер сілкінуі мүмкін бе?" деген сауалға жауап іздеп көрді.
Қызылордалық құрушы-инженер Бекназар Әбсадықов Қызылорданың жер сілкінісі болмайтын сейсмикалық аймаққа жататынын айтады. Десе де, "Жаман айтпай, жақсы жоқ" екенін ескертіп, қауіп-қатерге дайын болуға шақырады.
- Табиғи апаттың айтып келмейтіні анық. Әлемде небір қауіп-қатерлер болып жатыр. Сондықтан облысымыздағы ғимараттарды антисейсмикалық тәсілмен салып, апаттан сақтанған жөн.
Негізі, Қызылорда аумағы зілзала болмайтын сейсмикалық аймаққа жатады. Десе де, 1970 жылдары Өзбекстанның Бұхара облысында 8 балдық жер сілкінісі тіркелді. Бұл аумақтағы тұңғыш зілзала болды. Геологиялық зерттеулер бойынша мамандар сейсмикалық аймаққа саналмайтын жердегі зілзаланың себебін жер астынан табиғи газ бен мұнайдың алынуынан көрді, - дейді ол.
Сондай-ақ, инженер табиғи апаттан соң ғимаратты қайта тұрғызуға болғанымен, құрбандарды қайта тірілту мүмкін емес екенін еске салады. Сондықтан, "құрылыс сапасына мән беретін күн жетті" деп есептейді.
- Жер сілкінісіне шыдамды, сапалы құрылыс нысандарын салсақ, экономикалық тұрғыда зияны болмайды. Осы күні салынып жатқан кейбір ғимараттар зілзалаға төтеп береді деп ойламаймын. Құлаған тұрғын үйлерді қайта тұрғызуға болса да, құрбан болғандарды қайта тірілту қолдан келмейтінін Түркиядағы апат ұғындырды ғой. Сақтық пен саулықты сақтаған дұрыс, - деп жалғастырды сөзін.
Бір жыл бұрын Қызылорда облысы аумағында 2 балдық жер сілкінісі тіркелген болатын. Бұл ақпаратты уақытында Қызылорда облысы ТЖД хабарлады.
- 2023 жылғы 21 наурызда сағат 21-ден 57 минут өткенде Алматы Сейсмология институты операторының хабарлауынша, жер сілкінісі тіркелді, оның эпицентрі Ауғаныстан аумағында Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 848 шақырым жерде орналасқан.
Жер сілкінісінің энергетикалық класы – 16.1. MPV магнитудасы – 7.8. Қызылорда қаласында және Жаңақорған ауданында – 2 балл. Зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат болған жоқ, - деп хабарлаған болатын.
Қалай десек те, сақтансаң сақтайды. Сондықтан, табиғи апат кезінде не істеу керектігіне мән берген дұрыс.