Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысында инвестициялық ахуалды жақсарту және өңірге жаңа өндірістерді тарту мақсатында инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі түрде кеңейтілуде.
Өңірде инвестициялық жобаларды іске асыруда «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы маңызды рөл атқарады. Жалпы аумағы шамамен 550 гектарды құрайтын аймақ аясында өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялы өндірістерді дамыту көзделген.
Инвесторлар үшін келесі мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған: корпоративтік табыс салығы, жер және мүлік салығы бойынша 100% жеңілдіктер, импорттық қосылған құн салығы мен кедендік баждардан босату, сондай-ақ инвестициялық субсидиялар мен заттай мемлекеттік гранттар беру тетіктері.
Сонымен қатар, өндірістік инфрақұрылымды жүргізу, инженерлік желілерге қосу, жеңілдетілген қаржыландыру және инвестициялық жобаларды «бір терезе» қағидаты негізінде сүйемелдеу қызметтері ұсынылады. Қазіргі таңда өңірде 6 индустриялық аймақ жұмыс істейді, олардың жалпы аумағы шамамен 515 гектар, онда 160 млрд теңгеден астам инвестиция құны бар жобалар шоғырланған.
Сонымен қатар, индустриялық аймақтарда қазіргі таңда шамамен 176 гектар бос жер телімі бар, бұл жаңа инвестициялық жобаларды орналастыруға және өндірістік әлеуетті одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, ірі инвестициялық жобалар бойынша инвестициялар туралы келісімдер жасалып, салықтық режимнің тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. Бұл ұзақ мерзімді инвестициялық жоспарлауға қолайлы жағдай қалыптастырады.
Қабылданып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа өндірістерді іске қосуға, экспорттық әлеуетті күшейтуге және тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал етеді деп күтілуде.
