Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданы Майлытоғай ауылында «Анаға тағзым» аллеясы ашылды.
Аллеяны осы ауылдың түлегі, білікті дәрігер, танымал кәсіпкер Дүйсенкүл Тәжікова өз қаражаты есебінен салғызды. Жаңа нысанның ашылуына аудан әкімі Нұржан Ахатов қатысты.
«Адам баласының бойындағы барлық жақсы қасиет ата тегінен, ана сүтімен дариды. Сондықтан әр баласын ақ сүт беріп, әлпештеп өсірген, тал бойына тәлім-тәрбие дарытып, жан жылуына бөлеген ананың орны әркез биікте. Бүгінгі «Анаға тағзым» аллеясының ашылуына осынау асыл аналарымыздың өнегелі өмірі себеп болды. Ұлтымыздың арғы-бергі шежіресінде еріне адал жар, баласына ардақты ана, отбасына ұйытқы, сондай-ақ, қилы кезеңде елге еге, ұлтқа ұран болған Бегім сұлу, Қарашаш, Айғаным, Зере, Домалақ ана сынды ақылы асқан аналар баршылық. Сол текті аналардың жалғасы, Шиелі топырағынан шыққан Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова, Зәкира Ержанова, Айша Меңдібаева сияқты еңбек даңқына бөленген асыл аналарымыздың есімін ел-жұрт ерекше құрмет тұтады. Сондықтан осынау ашылған аллея жас ұрпақтың жүрегіне анаға деген құрмет пен тағзым ұялатары сөзсіз», – деді Нұржан Ахатов.
Аналар аллеясын салудың негізгі идеясы-қазіргі қоғамдағы әйелдің рөлін мойындау. Шиелі ауданында еңбегімен еленген тұлғалар аз емес. Дәл осы жерден әр уақытта 41 жұмысшы Еңбек Ері атағын алды. Оның бесеуі әйелдер, олар: Айша Меңдібаева, Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Захира Ержанова және Жадыра Таспамбетова.
«Ана біз үшін қадірлі де қастерлі, ұлы да ұлық ұғым. Сондықтан ауылымыздан осындай «Анаға тағзым» аллеясының ашылуы кейінгі ұрпақ үшін өте тәрбиелік мәні зор шара. Бұл жерден өткен кез келген адам анасы жайлы толғанбай өтпейді. Сонымен қатар біздің ауылдан шыққан еңбеккер, көп балалы аналарымызға қойылған құрмет деп білеміз. Осындай бастаманы көріп өскен қыз-келіншектер отбасы мен шаңырағының берекесін ойлап, адал ұрпақ тәрбелеу ісінде өзіне күш-жігер алады десем артық емес», - деді 6 баланың анасы, «Күміс алқа» иегері Ләззат Шомбалова.

