Kyzylorda-news.kz Медицина қызметкерлері күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында еліміздің денсаулық сақтау саласының үздік мамандары мен медициналық ұйымдары марапатталды. Мерекелік іс-шара барысында Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы жоғары кәсіби жетістіктері мен ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы нәтижелі қызметі үшін республикалық деңгейдегі «Үздік перинаталдық орталық» номинациясының жеңімпазы атанды.
Мәртебелі марапатты орталықтың бас дәрігері Олег Ким Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің қолынан қабылдап алды. Бұл марапат – ұжымның көп жылғы қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігінің, сондай-ақ, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын үздіксіз арттыру жолындағы жүйелі жұмысының жемісі.
Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы өңірдегі ана мен бала денсаулығын қорғау саласында жетекші медициналық мекемелердің бірі саналады. Орталықта білікті дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері тәулік бойы қызмет көрсетіп, жүкті әйелдерге, босанушыларға және жаңа туған нәрестелерге жоғары деңгейде медициналық көмек ұсынады.
Жыл сайын мұнда мыңдаған сәби дүниеге келіп, күрделі жағдайдағы аналар мен нәрестелерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген орталықта озық технологиялар енгізіліп, диагностика мен емдеудің халықаралық стандарттары кеңінен қолданылуда.
Соңғы жылдары мекеме ұжымы перинаталдық көмектің сапасын арттыру, ана мен бала өлімін төмендету, жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Бұл жетістіктер өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға елеулі үлес қосып келеді.
«Үздік перинаталдық орталық» атағы – Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің, сондай-ақ, ұжымның бірлескен еңбегінің жоғары бағалануы. Бұл марапат медицина қызметкерлерін жаңа жетістіктерге жігерлендіріп, халық денсаулығын сақтау жолындағы маңызды міндеттерді одан әрі табысты жүзеге асыруға серпін береді.
