Kyzylorda-news.kz. Денсаулық сақтау саласы бойынша жалпы құны 9,7 млрд теңге болатын 27 нысанның құрылысы жоспарланған. Бұл жайында Қызылорда облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Аманжол Оңғарбаев жеткізді.
Қазіргі таңда құны 6,5 млрд теңге болатын 15 дәрігерлік амбулатория және 1 медициналық бекет құрылысының жергілікті бюджет есебінен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне аталған 16 жобаны биылғы жылы қаржыландыру үшін жыл басында бюджеттік өтінім ұсынылып, республикалық бюджет есебінен 15 дәрігерлік амбулатория құрылысына - 5,7 млрд теңге қаржы бөлінген.
«Бүгінгі күні, 2023 жылы жоспарланған Ұлттық жоба аясындағы 15 дәрігерлік амбулатория құрылысы бойынша 14 нысанның мердігері анықталған, ал қалған 1 нысан бойынша ағымдағы жылдың маусым айының 21 дейін конкурс нәтижесі аяқталып, мердігерді анықтау жоспарлануда. Ұлттық жобадағы 2024 жылы іске асырылатын қалған 11 нысан құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін жергілікті бюджет есебінен - 39,1 млн теңге қаржы бөлінді. Сонымен бірге биылғы жылы Қызылорда қаласында ірі 2 нысан құрылысы бастау алды, олар - ауысымына 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсекке арналған көпбейінді аурухана құрылысы және облыстық қан орталығының құрылысы. Жалпы бүгінгі таңда ағымдағы жылдың соңына дейін толығымен аяқталатын барлық іс-шаралар бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде» деді ол.
Айта кетейік, бүгін облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Аманжол Оңғарбаев сайлауалды бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар аясында ақпар берген болатын.

