Kyzylorda-news.kz. Биылдан бастап бірқатар әлеуметтік төлем мөлшері көбейді. Атап айтқанда, ең төменгі зейнетақы мөлшері 53 076 теңгені құрап, 15 пайызға артса, ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңге болып бекітілді. Ал айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңгені құрады. Жалпы былтыр 265 мыңнан астам адамға республикалық бюджеттен 148,3 млрд.теңге көлемінде зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы төленді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ертілеу Жалғасбаев хабарлады.
Былтыр халықты зейнетақымен және әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етуде, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңнаманың сақталуын бақылауда бірқатар жұмыстар атқарылды. Соның бірі – елдегі инфляция деңгейін ескере отырып, «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына сәйкес, жасына байланысты зейнетақы, мемлекеттік базалық зейнетақы және барлық жәрдемақы түрлерінің мөлшері артты. Осыған орай былтыр зейнетақы және жәрдемақы алушылардың төлем мөлшері 2 рет қайта есептелінді. Бұдан бөлек, облыста мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік көмектермен қамтамасыз ету бағытында да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жалпы өңірде 32 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тіркелген болса, халық саны бойынша негізгі үлесі 3,8 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, есепті мерзімде жеке және заңды тұлғалардың 915 өтініші қаралды. Ондағы 675 өтініш әкімшілік рәсім тәртібімен тексерілсе, қалған 240 өтініш оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен қаралған. Сәйкесінше, қаралған өтініштер 15,3 пайызға төмендеді, - деді департамент басшысы Ертілеу Жалғасбаев.