Kyzylorda-news.kz Қазан айында бүкіл әлемде «Қызғылт қазан» атты жаһандық бастама өткізіледі. Бұл науқан сүт безі қатерлі ісігі, оның алдын алу, диагностикасы мен емделуі жайлы халықтың хабардарлығын арттыруға арналған.

Қызылорда облысында сүт безі қатерлі ісігі өкпе және асқазан обырдан оқ бойы озып тұр, деп хабарлады облыстық онкологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Нұрлыбек Құлмаханов. Өңірде барлығы 6 241 онкологиялық науқас диспансерлік есепте тұрса, оның 1 205-і сүт безінің қатерлі ісігі бар.

Маманның айтуынша, онкологияның бұл түрі әйелдермен қатар, ерлерде де болады. Бірақ, әйелдерде ең көп кездесетін дерттің бірі. Әдетте, бұл ауру сүт безі тінінде киста немесе түйін түрінде пайда болады. Бұл жасушалар лимфа жүйесі немесе қан тамырлары арқылы қоршаған тіндер мен мүшелерге таралуы мүмкін. Ауруды асқындырып алған жағдайда емдеу қиынға соғады. Маммография және өзін-өзі пальпация секілді медициналық тексерулер сүт безі обырын ерте анықтап, сәтті емдеу мүмкіндігін айтарлықтай арттыруы мүмкін.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Айгүл Аханова түсіндіргендей, онкоскринингтер бұрын МӘМС медициналық қызметтері пакетіне кірген. Яғни скринингтен өту үшін сақтандырылған мәртебесі болуы қажет еді. Сондықтан қауіпті ісіктерді анықтауға мүмкіндік беретін осы маңызды зерттеулерге барлық пациенттер қол жеткізе алмады.

Бірыңғай пакетті әзірлеу кезінде сарапшылар осыны ескеріп, скринингтерді мемлекет кепілдік беретін негізгі медициналық көмек пакетіне енгізді. Енді сүт безі қатерлі ісігіне, жатыр мойны және тоқ ішек қатерлі ісігіне скринингтік тексерулерді МӘМС төлемдері болмаса да, емханада өтуге болады.

40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер 2 жылда 1 рет сүт безі обырын ерте анықтау үшін скринингтік тексеруден өте алады.

Оған келесі тексеру түрлері кіреді:

  • сүт бездеріне ультрадыбыстық зерттеу, мақсатты маммография (1 проекция),
  • маммография (4 сурет). 

Қажет болған жағдайда дәрігер қосымша тексеруге жолдама береді: пункциялық/ стереотактикалық бақылаудағы аспирациялық биопсия, трепанобиопсия, күрделілігі 3 санаттағы операциялық-биопсиялық материалдың 1 блок-препаратын гистологиялық зерттеу. 

Нәтижесі бойынша келесі дәрігерлерге жолдама беріледі: акушер-гинеколог, рентгенолог (рентгенограмманы 2-ші мәрте қарау), онколог немесе онколог-хирург, маммолог.

Жыл сайын қазан айында ұйымдастырылатын айлық аясында еліміздің медициналық орталықтарында ашық есік күні өтеді. Онда тегін тексеруден өтіп, маммолог-дәрігерлерден кеңес алуға болады.

Егер сұрақтарыңыз болса, сіз оларды емханаңыздан пациенттерге қолдау көрсету қызметіне хабарласып сұрай аласыз.

Сондай-ақ, ыңғайлы байланыс арнасы арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш жібере аласыз: fms.kz ресми сайты, 1414 байланыс орталығы, Telegram-да SaqtandyryBot және Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы.

Тағы да оқыңыз: