Kyzylorda-news.kz 25 қараша мен 10 желтоқсаны аралығында республика аумағында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтуде. Мақсат – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу және оған жол бермеу, осы бағытта атқарылып жатқан шаралар туралы халықты кеңінен хабардар ету, сондай-ақ қоғамдағы отбасының рөлін нығайтып, құқықтық мәдениетті арттыру.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның екіншісіне дене немесе психикалық зардап келтіретін, не осындай қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана әрекет. Көп жағдайда оның құрбандары әйелдер мен балалар болып жатады.
Отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың басым бөлігі моральдық қысымнан, қоғамның айыптауынан қорқып, құқық қорғау органдарына жүгінуден бас тартады. Осыған байланысты әйелдер мен қыз-келіншектер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін түсіндіру, сондай-ақ мұндай қылмыстық әрекеттердің алдын алу бағытында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Отбасы – кішігірім мемлекет. Оның тату-тәтті өмір сүруі ең алдымен ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы мен түсіністігіне байланысты. Балаға берілетін тәрбие де, отбасы ішіндегі жауапкершілік те екеуінің бірдей атқаратын міндеті. «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дегендей, әр отбасында түсініспеушілік болуы мүмкін. Алайда бүгінде тек ұсақ-түйек жанжал емес, тұтас отбасының шайқалуына себеп болатын жайттар жиілеп кетті.
Әлеуметтік желілерден күйеуінен таяқ жеген, өз-өзіне қол салуға талпынған, тіпті бала-шағасына да қол көтеретін оқиғаларды жиі көреміз. Осындай қиындықтарға қарамастан, көп әйел отбасыны сақтап қалу үшін өздерін құрбандыққа шалып жатады. «Бір күні бәрі жақсы болады» деген үмітпен өмір сүретін әйелдер қаншама…
Осы және өзге де тақырыптар аясында кәсіби отбасы және балалар психологы, ҚР дәрежесіндегі консультант-тренері Эльзара Нұрланқызы пікір білдірді.

– Отбасының берік болуы сол үйдің басшысына, ер азаматына байланысты. Еркегі мықты отбасының іркетасы әрдайым мықты болады. Себебі басшы жақсы болса, қосшы әрдайым қызметте. Әйелмен еркек арасында қазіргі таңда мәміле бірең-саран, тіпті жоқ десең де болады. Отбасылық құндылық – отбасылық механизм сияқты. Отбасының ішінде әке, ана, бала, ата-әже бәрінің өзіндік рөлі бар, әркім өз рөлінде өз орнында, өз қызметінде болса отбасы да ұрыс-керіс болмайды. Құрмет пен сыйластық бар жерде әрдайым береке бар. Ажырасу бірден келетін дүние емес, ажырасуға көп отбасы, көп уақыт бойы шешілмеген мәселелер, талқыланбаған әңгімелерден туындайды. Әйел гүл ғой, оны қанша мәпелем аяласаң, сонша құлпырып жан-жағына нұрын шашады. Сол үшін әр отбасы үнемі алға қарай қадам басар алдын құндылығын көтеруді де ұмытпау қажет. Құндылық – бұл отбасы. Махаббатта, жылулықта сеніммен байланысып қаланады.
Жас отбасы тату-тәтті өмір сүру үшін оларға бастапқы 5-жыл кезеңінде тыныштық беру керек. Себебі еркекте, әйелде екі түрлі жаратылыс, екі түрлі жеке тұлға. Екі тұлға бірігіп бір кемеде жүзуді үйренгенге дейін оларға ешкімнің дауылда, таста болмағаны дұрысырақ. Баяғы заманда ата-ене, қайын-әпке, сіңлілер әрдайым қолдап барын берсе, қазіргі таңда ең жақын адамдардың отбасының ортасына кірігіп, шаңырақты шайқалтып жатқаны көңілді түсіреді. Екі жас отау тіккен соң қиыншылығында, бақытында, сынағында қол ұстасып өтсе ғана мықты отбасы бола алады. Баяғыда ақылды дана, көркем мінезді, мақалдатып сөз астарымен жеткізген аналарымыз азайып кетті. Бәлкім бұл салт-дәстүріміздің, құндылығымыздың төмендегенінен болар. Бірақ шындық әрдайым ащы. Қол көтеруге келетін болсақ, адам дүниеге келген соң ата-анасы, бауыры, ортасы арқылы мінезін қалыптастырады. Ер адам бір рет қол көтерді ме? Екінші рет оған қайтадан ұру қиын болмайды! Денесін, ашуын, мінезін, өзін басқара алмаған адам әрдайым қауіпті, әрдайым шындыққа жанаса бермейді әрекеттері. Сол үшін отбасы болуға дайындалған әрбіз азаматша, қара көз-қыздарымыз көзін жеткізіп, мінезін сынап, ашуын басқара ала ма? Тіпті соған дейін тексеріп алуы керек деп ойлаймын.
Бұрынғы заманда әрдайым екі жаққа кетеміз деген отбасыға, екі жақты дана кісілер, аналар ортаға салып екі жақты татуластыруға әрекет етуші еді. Ал қазір мүлдем басқаша түсінік, маған келгендердің басым бөлігі дәл осы қиындықпен күресуде. Ортаға бәрінің араласуы, күйеуінің өз ойы болмауы, жауапкершілікті өз мойнына ала алмауы. Қазіргі уақытта шыдап емес, сынап өмір сүретін заман. Шыдаумен мәселе ешқашан шешілмейді. Ортаға салынып, талқыланылып шешілмесе бәрі бос. Бәрі бекер.
Әр әйел – жеке тұлға. Әр әйел құнды, әр әйел бағалы. Әр әйел бірінші орында өзіне жауапты. Әйел өз жаратылысын толық түсінсе, білім алып ізденсе, балаларына өзіне дұрыс тәрбиені бере алса, өзі үшінде арман-мақсатты алдына қоя алса, сол кезде әйелдің бойында әйелдік даналық пайда болады.
Саналы өзіне жауапты, өз бағасын білетін, әрдайым өсектен, ғайбаттан тиылып отырған жан, өзін дамытумен әрекет ететін әйел әрдайым зорлық-зомбылықтан алыста болады.
Себебі зорлық-зомбылықты өзін қорғай алмайтын, қорқақ, өзін әбден жеп, өзін кінәлап, күйзелістің ішінде жүрген әйелдер көріп жатыр. Яғни жасы үлкен болуы мүмкін, бірақ қорқынышы өте кішкентай баланыкі сияқты. «Өзімді қорғаймын маған бұлай жасауға болмайды» деп нық айтып аяққа тұра алмайтын қыз-келіншектеріміз жапа шегуде. Және жоғарыда айтылғандай «балаларым үшін шыдаймын» деп тіпті мына өмірмен қоштасып кеткендер де аз емес, – дейді психолог.
Petrelli Previtera сияқты кейбір рейтингтер бойынша Қазақстан ажырасу деңгейі бойынша әлемде екінші орында, ал ТМД елдері арасында бірінші орында. Алайда Ұлттық статистика басқармасы мұны жоққа шығарып, 2022 жылы ажырасу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 2,27 болғанын, бұл басқа жетекші елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен екенін мәлімдеді.
Қылмыстың алдын алу, ерлі-зайыптылар арасындағы жан-жалды шешу, олардың қарым-қатынасын ашып, балаларды қорғау мақсатында да жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Аталмыш акцияға байланысты Сыр өңіріңде жүргізіліп жатқан жұмыстарға Қызылорда облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Замира Сайғондықызы тоқталып өтті.
Замира Сайғондықызы, Қызылорда облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры:
– «16 күн» акциясы – 25 қараша мен 10 желтоқсанда дейін өткен халықаралық бастама. Оның мақсаты – әйелдер мен қыздарға, жалпы жыныстық/гендерлік зорлық-зомбылыққа (соның ішінде тұрмыстық, кибер-, психологиялық, физикалық және т.б.) қоғамның назарын аудару, алдын алу, құрбандарға көмектесу және нөлдік төзімділік қағидаттарын насихаттау. Биылғы науқанда ерекше назар аударылған тақырып – цифрлық зорлық және балалар мен қыз-қыздарға қатысты цифрлық кеңістіктегі қауіптер. Аймақтарда – әкімдік, полиция және құқық қорғау органдары қатысқан іс-шаралар ұйымдастырылуда (ақпараттық тренингтер, құқықтық түсіндіру, профилактика, қолдау қызметтері туралы ақпарат). Акция – зорлық-зомбылық туралы айтылмайтын, жабық болып келген мәселелерді қоғам назарында ашық қарастыруға – әркімнің қатысуын, қолдауды әкеледі. Бұл – құрбандар үшін моральдық қолдау, ашық сөйлесудің, көмек сұраудың мүмкіндігі.
Цифрлық зорлық, балаларды онлайн қауіптен қорғау секілді жаңа тақырыптар науқан аясында көтерілді – бұл замана талабы, әрі маңызды. Әлеуметтік белсенділік, ақпараттық-насихат жұмыстары, құқықтық түсіндіру – бұл азаматтық сана өзгерісіне ықпал етуі мүмкін. Мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың қатысуы – заңнамалық және институционалдық деңгейде де жағдайды жақсарту мүмкіндігін арттырады. Бізбен бірге өткізілген ақпараттар мен шаралар көрсеткендей, «16 күн» акциясы – өте маңызды әрі қажетті бастама. Бірақ – бұл тек бастама, зорлық-зомбылықпен күресу – бір тек 16 күндік оқиға емес, күнделікті, үздіксіз жұмыс.
Маңыздысы – акция барысында ғана емес, ол арқылы туындаған құндылықтар – теңдік, құрмет, қауіпсіздік, қолдау – жыл бойы қоғамда өмір сүруі. Заңдар, қолдау орталықтары, білім беру, қоғамдық сананың өзгеруі – бәрі бірігіп, нақты нәтижеге апаруы тиіс, – дейді полиция майоры.
Түйін. Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық – қоғамның ең өткір және өзекті мәселелерінің бірі. Бұл тек жеке адамның құқығы мен қауіпсіздігіне ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығы мен болашағына төнген қауіп. Осыған байланысты жыл сайын өткізілетін халықаралық «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы әлемнің әр түкпірінде әйелдер мен қыздарға жасалатын зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсы күресті күшейтуді мақсат етеді.
Фото: oiyl.kz
