Kyzylorda-news.kz Әр салада халықтың қажетіне жарауды мақсат етіп, артқан сенім үдесінен шығатын жандар болады. Мұндай абыройлы міндетті орындау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі көздеген мақсатына жетуде түрлі қиындықты еңсеріп, төзімділік пен табандылық танытқан жан ғана батыл қадам жасайды. Ішкі істер саласында 10 жылдан астам тәжірибесі бар Жасұлан Бекенов те саналы ғұмырын қоғам қауіпсіздігіне арнап, мемлекет алдында қабылдаған антына адалдық танытып келеді.

Кейіпкеріміздің осынша уақытта аудан төңірегінде орын алған қылмыстарды анықтауда жасаған ерлігі көп. Қазір оның әрқайссының тарихына тереңдесек, басылымның бірнеше бетін Жасұлан Бекеновтың биографиясына арнауға тура келеді. Әсіресе, осыдан 7-8 жыл бұрын ауданда көбейген мал ұрлығына қатысты қылмыстарды тежеуде тәртіп сақшысының еңбегі ерен. 

Осыған дейін аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің атқарған жұмысының нәтижесінде Жалағашта мал ұрлығы едәуір төмендегенін айтқан едік. Ал бұған қатысты орын алған қылмыстарды анықтауға Жасұланның қосқан үлесі зор. Осыдан 7-8 жыл бұрын өңірде барымташылардың қатысуымен бірнеше қылмыс орын алса, соның барлығының ашылуында Ж.Қыдырәліұлының қолтаңбасы бар десек, қателеспейміз.

Ұмытпасам, 2017 жылдың екінші жартысы болу керек, әйтеуір ауданда мал ұрлығын кәсіп еткен азаматтың қатысуымен орын алған қылмыс анықталған болатын. Өз үйін қасапқанаға айналдырған күдіктіні қолға түсіруде де батыл қадамға барып, ерекше көзге түскен осы Жасұлан Бекенов болатын. Түн жарымда үй ішінен жанып тұрған жалғыз жарықшамнан сезіктенген учаскелік полиция инспекторы мән-жәйді анықтап болған соң дереу әріптестерін жұмылдыру арқылы арам пиғылды қылмыскерлерді құрықтайды. Осылайша қорадағы малы қолды болған бірнеше жәбірленушінің ақ алғысын алды. Мұнан кейін де Есет батыр ауылында мал ұрлығына қатысты топтасып жасалған бір қылмыстың беті ашылды. Осылайша ауданда полиция бөліміне Талғат Лекеров басшы болып келгелі Жалағашта барымташылардың қолы байланды. Қылмыстың бұл түрі расында түлік асыраған жергілікті халықты алаңдатып қойған еді. Ал қазір жағдай мүлде басқа. 

Антына адалдық танытып келе жатқан кейіпкеріміз карантин кезінде Аққұм ауылының кіре берісіне қойылған блок бекетте жұмыс жасаған болатын. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бірінші кезекке қойған ішкі істер саласының қырағысы мұнда да екі жеп биге шығу салтынан жаңылмапты. Тек кірген-шыққан жолаушының белгіленген тәртіпке бағынуын қадағалаумен шектелмеген Жасұлан мұнда да бір қылмыстың ашылуына себеп болыпты. 

Тәулік бойы блок бекетте көз ілмей тұрған тәртіп сақшысына үлкен жолдың бойындағы сол төңіректе күдікті біреудің жүргені жайында ақпарат түседі. Мән-жайға қаныққан Ж.Қыдырәліұлы көп ұзамай жұрттың ақадал малын оңай олжа етуді кәсіп қылған әккі ұрыны құрықтайды. Осыған дейін бірнеше ауданда талайды сан соқтырған қақсал қасапшы бұл жолы тәжірибелі тәртіп сақшысынан айласын асыра алмады. Бетімен кеткен барымташының жолын кескен Жасұлан тек Аққұмда орын алған бір ғана қылмыстың бетін ашумен шектелген жоқ. Керісінше арам пиғылын жүзеге асыруды көздеген Қызылорда қаласының тұрғынына қатысты бүгінде бірнеше қылмыстың орын алғаны белгілі болып отыр. 

Полиция майоры қандай жағдайда да елдің тыныштығын күзетуді өзіне міндет санайды. Себебі ол мемлекет алдында қабылдаған антына адалдық танытудың негізгі бағытын да сонымен байланыстырады. 

– Әуел бастан жұмысқа кірерде халыққа қалтқысыз қызмет етуді мақсат еттім, енді сол өзіме өзім артқан сенім үдесінен шығуым керек. Алдағы уақытта да мұнан да үлкен қылмыстың ашылуында қолтаңбамды қалдырармын. Бірақ ешқашан тоқмейілсуге болмайтынын назардан шығармаймын. Қандай жағдайда да елдің тыныштығын күзетуді бірінші кезекке қоюға тырысамын, – дейді полиция майоры. 

Тәртіп сақшысының бұл сөзінде ешқандай жасандылық жоқ. Расында мемлекет артқан сенім үдесінен шығуды бірінші кезекке қоятын білікті кадр екенін ісі де аңғартып тұр. Осыған дейін бірнеше рет марапат төрінен көрінген Жасұлан Бекеновты қазіргі таңда әріптсетері құрметтейді. Осыған дейін елдің ықыласына еңбегімен бөленген жанның атқарған жұмы кейінгі буынға үлгі. 

Тағы да оқыңыз: