Kyzylorda-news.kz Тұрғындардың тәулік бойы тыныштығын күзетуде аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің еңбегі ерен. Сыртынан қараған жанға сала жұмысы жеңіл болып көрінуі де мүмкін. Бірақ орын алған қылмысты уақытылы ашып немесе алдын алуда олар небір қиын жайттарды еңсереді. Нәтиже де жаман емес, алдын алу шаралары жемісін беріп, бірқатар қылмыс түрі кеміген. Оған Жалағаш аудандық полиция бөлімінің бастығы Талғат Лекеровпен сұхбатта көз жеткіздік. 

Биыл І тоқсанда ауданда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жалпы қылмыстардың тіркелуі 29 пайызға төмендеген. Мұны Талғат Шоқанұлы алдын ала атқарылған профилактикалық шаралармен байланыстырады. Сон­дай-ақ ол осы мақсатта еңбек еткен әріптестерінің жұмы­сын жоғары бағалайды. 

– Атқарылған профилактикалық жұмыстардың нәти­жесінде ауданда биыл бірқатар қылмыс түрі азайды. Мәселен, былтыр 3 айда 1 тонау қылмысы орын алса, биыл мүлде мұндай қылмыс тіркелмеді. Бұзақылық қылмысы 50 пайызға азайды. Есірткі қылмыстары 4-тен 1-ге кемісе, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 62,5 пайызға төмендеді. Сондай-ақ көшеде жасалған қылмыстар да айтарлықтай азайған. Мас күйінде жасалған қылмыстар 50, бұрын сотты болғандар жасаған қылмыстар 53,8, отбасылық тұрмыстық қатынаста жасалған қыл­мыстар 100 пайызға төмендесе, адам өлтіру, зорлау, қалта ұрлықтары, суық қарумен жасалған қылмыстар мүлде орын алған жоқ. Мұның бәрі алдын ала жасалған профилактикалық шаралардың жемісі деп ойлаймын және осы мақсатта жұмыла еңбек еткен әріптестерімнің жұмысын жоғары бағалаймын. – дейді полиция бөлімінің бастығы. 

Ауданда ахуалды жақсарту мақсатында олар күн­делікті нақты тапсырмамен жоспарлы жұмыс жасайды. Яғни күнделікті полицияның барлық құрамы ахуалы күрделі жерлерге орналастырылады. Ал жекелеген қылмыс түрлеріне байланысты «Құқық тәртіп», «Тұр­мыс», «Борышкер», «Автобус» және басқа да жедел профилактикалық іс-шаралар өткізіліп, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстардың нәтижелі орындалуы тікелей бөлім бастығының бақылауында. 

Ауданда көлік апатының алдын алуда да нақты жұмыс бар. Биыл 2 жол көлік оқиғасы болып, 2 адам жарақат алған. Бөлім бастығы жол қауіпсіздігі бойынша қалыптасқан ахуалдың күрделенуінің бірнеше себебі барын жасырмайды. Сондықтан ол кезек күттірмейтін ке­шенді шаралар қабылдауда.

Биыл 1015 әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкерлері 1023, учаскелік полиция инспекторлары 725 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде ҚР Ішкі Істер министрлігі құқық бұзушылыққа «Мүлдем төзбеушілік» қағидатын жүзеге асыру бағытында 191 құқық бұзушылық анықталған. ҚР «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңының талаптарына сай тұрмыстық ортада құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты 17 қорғау нұсқамасы шығарылып, аудандық сотпен құқық бұзушының мінез-құлқына 13 ерекше талап белгіленген.

Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстардың алдын алу, оған жол бермеу мақсатында ІІО-ның профилактикалық және тізімдік есебінде тұратын тұлғалармен үнемі профилактикалық жұмыстарды жүргізіп, нәтижесінде маскүнемдер есебінде тұратын еріксіз емдеу мекемесіне биыл 6 азаматты маскүнем ретінде бөлімнің тізімдік есебіне алып, еріксіз емдеу мекемесіне 3 маскүнем жатқызылған. Сондай-қ учаскелік по­лиция инспекторларының өз ынтасымен 10 қылмыс ашыл­ған.

Қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында «Құқық тәртіп», «Құрық», «Есептегі адам», «Мал ұрысы», «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Түнгі Жалағаш», «Заңсыз жүргізуші тасымалдау», «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шаралары өткізіліп тұрады.Ювеналды полиция тобы саласы бойынша жалпы ауданда 20 орта білім беру орны бар. Оның бірі – индустриалды аграрлы колледж. Былтыр түрлі құқық бұзушылық жасаған 46 жасөспірім анықталса, биыл 20 жасөспірім анықталған. Бұл көрсеткіш сала мамандарының осы бағытта жасаған жұмыстарының нәтижесінде азайған. 

Қоғамдық тәртіпті бұзған жасөспірімдердің әрқай­сысына талдау жасайтын болсақ, биыл ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігімен 20 дерегі, былтыр 29 дерегі анықталып, ата-аналарға әкімшілік хаттама рәсімделіп, шаралар көрілген. Қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында да бірнеше рет «Абайлаңыз, балалар» және «Түнгі қаладағы балалар» профилактикалық іс-шаралары өткізілген. Жасөспірімдерді жыныстық зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында дәріс оқылып, жиналыстар да жиі өткізілуде. Қуантарлығы, мұның бәрі бүгін нәтижесін беруде.

Тағы да оқыңыз: