Kyzylorda-news.kz. Өткен жылы өз күйеуі қатігездікпен өлтірген Ажар Шадиеваның туыстары әділдік іздейді. Олар осы іске қатысты полицейлердің де жазаға тартылуын сұрайды.
Аталған оқиға желі қолданушыларын бей-жай қалдырмауда. Осы іске қатысты «Facebook» әлеуметтік желісін қолданушы Дәурен Сейітжанұлы да жазба жариялады.
«Қыркүйекте қызылордалық келіншек Ажар Шадиеваны аяусыз, қатігездікпен өлтірді. Өз күйеуі. Әуелі кафеде, көшеде ұрған. Сосын үйінде... Ар жағы қалай болғанын айтуға ауыз бармайды. Мына видеодағы бер жағы... Оқиға болған жерге полиция бөлімшесі жақын, бірақ «құқық қорғаушылар» көмектесуге асықпайды. Қоңыраумен шақырып алдырғанда да олар араша түспей, кетіп қалады. Келіншектің күйі қандай екенін білсе де, көрсе де. Бәрі бейнежазбада жазылған. Қараңыз тағы. Қанқұмардың арам ойының іске асуына кедергі келтірмеген. Сондықтан, қорлықпен қаза тапқан келіншектің туыстарының уәжі орынды: «Қылмысқа жол берген полицейлер жазасыз қалуы қажет пе?», - деп жазады Дәурен Сейітжанұлы.
Жазбаға Қызылорда облыстық полиция департаменті жауап берді.
«Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағымен (аса қатыгездікпен, басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшыратып, адам өлтіру) қылмыстық іс тіркеліп, Қызылорда облысы Полиция департаментімен сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілген. Осы қылмысқа 29 жастағы күдіктінің қатыстылығы анықталып, оған Тергеу сотымен «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылған. Қылмыстық іс бойынша тиісті сот-сараптамалары тағайындалып, қорытындылары алынып, іске тіркелген. Тергеу барысында қылмыстық істің толықтығы және объективтілігі қамтамасыз етіліп, күдіктінің қылмыстық әрекеті толық дәлелденген. 31.12.2022 жылы сотқа дейінгі тергеп-тексерулер аяқталып, қылмыстық іс Қызылорда қаласының мамандандырылған ауданаралық арнайы сотына жолданды. Жәбірленуші тараптың арыз-шағымына байланысты Полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне құқықтық баға беру үшін, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», - делінген жазбада.
