Kyzylorda-news.kz Өзгенің қауіпсіздігі жолында өз өмірін тәуекелге тігетін сала мамандарын қалай құрметтесек те артық емес. Төтенше жағдайлар қызметі – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін һәм үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Сондықтан мұнда білегі құрыш, жігері қылыш, рухы мықты мамандар ғана жұмыс істей алады. Өрт, сел секілді табиғи апат кезінде басқалар сол аумақтан тезірек кетуге қам жасайтыны белгілі. Ал мұндайда өз еркімен сол жерге құтқарушылар ғана асығады.
Егемендік алғанға дейін елімізде кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған. Төтенше жағдай кезінде құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттері жүргізсе, қызметтің бір бөлігін милициялар атқаратын болған.
Міне осындай мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін жасау үшін 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан құтқарушылар күні болып белгіленді.
Тосыннан бір жағдай туындай қалса 102-ге хабарласып, арнайы қызметкерлерге сенім артуға болатынын көбі біледі. Дегенмен «аймақта бұл сала қалай дамыды, қандай жұмыстар атқарылуда, құтқарушыларға қандай талап қойылады, олар қайда оқуы керек?» деген сұрақтардың жауабын біле бермейтініміз рас.
– Жалпы өңірде құтқару саласы КСРО-дағы өрт сөндіру мекемелерінің құрылуына байланысты, 1918 жылы 17 сәуірде отпен күрес декреттік шаралар қабылданған уақытта өрттен қорғау мекемелерінің құрылуына орай қалыптасты деп айтуға негіз бар.
1926 жылы қалада 10 адамнан тұратын өрт командасы құрылған. 1950 жылдары 2 кәсіби өрт сөндіру бөлімі біріктіріліп, ішкі істер құрамына алынды. Яғни 1981 жылға дейін шенсіз кісілер еңбек етті. 1997 жылы ішкі істер саласынан бөлініп, өз алдына Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігіне қарады. 2008 жылы үш мекеме – өнеркәсіптік қауіпсіздік, өрттен қорғау, төтенше жағдайлар саласы біріктіріліп, бір мекеме атанды, ол – өңірдегі Төтенше жағдайлар департаменті. Ал қазіргі ТЖМ-нің негізі 1995 жылы 19 қазанда қаланды, – деді департаменттің «Қоғаммен байланыс» тобының бас маманы Айгүл Нұрманова.
Биыл қардың күрт еруіне байланысты туындаған су тасқыны біршама жұртты әбігерге салғаны рас. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салып, сала мамандары күндіз-түні жұмыс істеді. Олардың қатарында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 100-ге жуық қызметкері де бар. Сыр елінен арнайы жіберілген мамандар 90 күн бойы су тасқыны болған аймақтарда еңбек етті.
Статистикаға сүйенсек, су тасқыны болған өзге өңірлерде 1133 адам эвакуацияланды. 1488 бас малды және 2 көлікті қауіпсіз жерге көшірді. Гуманитарлық көмектерді таратты.
Құтқарушылар қандай жағдайда да батыл шешім қабылдап, күн мен түнге қарамай моральдық та, физикалық жағынан да сақадай сай тұратыны белгілі. Соның нәтижесінде қауіптің алдын алып, адамның амандығын күзетеді.
Дерек пен дәйек. 2024 жылдың 9 айында 2848 оқу-жаттығу өтіп, 47 қызметкер азаматтық қорғаныс саласына оқытылды.
Өзен жағасында орналасқан облыс тұрғындары үшін суға түсу маусымы аса сақтықты қажет ететіні рас. Суға түсу кезеңінде 2731 рейд өткізілген. Осы уақыт аралығында туындаған әр түрлі оқиғалар кезінде 307 адам құтқарылды. Оның 194-і бала. 82 адам эвакуацияланды.
Ал осы 9 айдың ішінде жедел құтқару жасағының мамандары 592 рет оқиға орындарына шыққан. 315 өрт оқиғасы болған, бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 11%-ға аз. Өрт қауіпсіздігі бойынша 1134 нысан тексерілді. 323 адам құтқарылды. Ал 201 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Құтқарушылар 1873 авариялық- құтқару жұмыстарына шықты.
Ер балалар кішкентайынан ел мен жерді қорғайтын нар тұлғалы азамат болып қалыптасуды армандап, өсе келе сондай мамандықтарға ұмтылатыны белгілі. Ол үшін ең алдымен шыдамды, психологиялық төзімді, іскер, жан- жақты болуы шарт және кәсіби білімі болуы, дене даярлығы маңызды. Салалық оқу орнына келсек, құтқарушылар негізінен Көкшетау техникалық академиясын тәмамдауы керек. Ал өрт сөндіру қызметіндегі құтқарушы болғысы келетін талапкерлердің техникалық колледжде білім алуына болады.
Электр энергиясымен байланысты техника көбейген сайын тұрғындар өрттен ерекше сақтанатыны белгілі. Тілсіз жаудың бетін қайтаруға физикалық әрі эмоционалды тұрғыда мығым жігіттер таңдалады. Солардың бірі – №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға жүргізуші-қызметкері, азаматтық қорғау аға сержанты Нұрболат Есекеев.
33 жастағы құтқарушы 6 жылдан бері көптеген өрт оқиғасына қатысқан. Ол бала күнінен қызыл көлікке отырып, адамдарға көмектесуді армандапты.
– Өртке кіру үшін ең алдымен моральды түрде дайын болу маңызды. Себебі басқалар сол аумақтан қашып жатқанда, сен батыл түрде оқиға орнына баруың қажет. Күндіз ғана емес, түнде де шұғыл хабар түсуі мүмкін. Мұндайда жолда рация арқылы жағдайдан хабардар болып, кімнің қандай жұмысты атқаратынын ақылдасып аламыз. Ең бірінші адамдарды аман алып шығу міндеті тұрады. Мұнан кейін құжаттар мен құнды дүниелерді шығаруға тырысамыз. Өрт көбіне адамдардың салғырттығынан туындайды. Осы салада еңбегі сіңген әріптестерімнің арасынан Жандос Рысбеков, Сәкен Есжанов, Хасен Аманжол, Өмірбек Шахмарал, Темірбек Мағжанды ерекше атар едім. Олардың ең азы осы салада 4-5 жыл қызмет атқарған, – деді Нұрболат Қарғабайұлы.
Өзгелер қиын жағдайға тап болғанда ең бірінші қасынан табылып, жедел әрі батыл қимылдайтын құтқарушылар үшін әрбір минут маңызды. Бұл қызметте енжарлар мен жауапкершілікке селқос қарайтындарға орын жоқ. Сондықтан төтенше жағдайлар саласының әрбір маманы құрметке лайық.
А.НҰРТАЙҚЫЗЫ