Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданының құрылыс саласы жылдан-жылға дамып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын жайлар бой көтеруде. Бірер жыл бұрын ағаш жарып, көмір таситын, пештің күлін алып, беймезгіл уақытта от жағып әбігерге түсетін халықтың қазір қатары сиреген. Көгілдір отынның игілігін көріп отырған көпшілік пештегі от басылса, үй суып кетеді деп алаңдамайды. Әрбірден соң алысқа жол тартатын болса, жылу батареясы жарылады деп те уайымдамай, барар жеріне қамсыз кете барады. Жауынды-шашынды күндері тобықтан балшыққа батып, әсіресе мектеп жасындағы балаларына алаңдаған көше тұрғындарының да көкейіндегі мәселесі де шешімін табуда. Билік органдары сол «бауырмал жолдарды» жою үшін кезең-кезеңімен тақтайдай тегіс асфальт жол мен қиыршық тас төсеп беруді жолға қойған. Түнгі жарықтар да аудан орталығында ғана емес, ауылдық елді мекендерде де көшелерге сән беріп, тұрғындардың қауіпсіз өміріне қызмет етуде. Туған жерімізде жаңадан салынып, халық игілігіне берілген және енді берілмек құрылыс нысандарының аудан халқының өмір, тұрмыс, денсаулық сапасына қызмет ететініне сенім мол. Осы ретте ауданымыздағы жағымды жаңалықтың біріне саналған – Жосалы кентінде құрылысы қарқынмен жүріп жатқан "Руханият орталығын" атап айтар едік.
Бұл жайында жыл басында аймақ басшысы "Қызылорда облысының 7 ауданында музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары сынды бірқатар тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі "Руханият орталықтары" салынбақ..." деп жақсы жаңалықты облыс халқымен бөліскен-ді.
Дегендей-ақ, Орталықтың құрылысы көктемде, яғни осы жылдың сәуірінде басталып кетті. Құрылыстың жобалаушы авторы – "РемПроект" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, бас мердігер – "Иман" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып танылған.
Сейсенбіде құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысанның басына барып, құрыш қол құрылысшылармен дидарластық. Ауа-райының ыстығына қарамастан құрылыс жұмысы қызу жүруде. Мұнда "Иман" ЖШС бөлімшесінің бастығы, білікті маман Нұрдәулет Махамбетжанов алдымыздан шығып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
— Ғимарат толығымен монолитті болған соң қазіргі кезде монолит жұмыстарын толық аяқтадық. Нысан екі қабаттан тұрады және жертөлесі бар. Өру, әрлеу, сылақ, төбесін шатырлау, еденін құю сынды жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар өру, электрик, ауа сорғысының жүйесі, терезе орналастыру жұмыстары жүзеге асуда. Құрылысқа қажетті материалдарымыздың барлығы жеткілікті мөлшерде, уақытысында қамтамасыз етіліп тұр. Тауарлар сертификатталған. Жұмыс кұшіне автокран, трактор секілді бірнеше техника жұмылдырылған. Сантехника, су жүйесін тартуға дайындық жасаудамыз. Заттарын реттестіріп, қазуды қолға алып жатырмыз. Нысанда 60 адам жұмыс істеуде. Айлықты уақытында алып тұр. 150 мың теңгеден жоғары еңбекақы белгіленген. Жергілікті жерден жұмыспен қамтылған адам саны 8-ді құраса, олар жұмысшы, күзет, ас мәзірін даярлаушы болып еңбек етуде, – дейді бөлімше бастығы Нұрдәулет Бақытжанұлы бізге берген сұхбатында.
Әрине, құрылыс нысандарының халыққа тигізер пайдасы зор. Әсіресе рухани құндылықтарды әспеттеп жүрген сала мамандарының көңіл-күйін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
— "Руханият" деп аты айтып тұрғандай, қазақ руханиятының алтын діңгегіне айналған Қорқыт ата, Марал баба, басқа да әулие-әнбиелердің жамбасы тиген қасиетті мекенімізде іргелі ошақтың орын тебетіні өте қуанышты жайт. Біздің болашағымыз – жас буын. Орталық олардың тәлімі мен тәрбиесіне де айтарлықтай үлес қосатынына сеніммен қараймын, – дейді кітапхана ісінің білікті маманы Ләйла Сыздықова ойымен бөлісіп.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ