Kyzylorda-news.kz. 31 мамыр – Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған Қазақ елін мекендеген халықтың қаза болуына әкеп соққан ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Сонау өткен ғасырдың қойнында қалып бара жатса да, бұл күн өткен сайын жаралы рухымыздың жадында жаңғыра береді.
Таң атысымен Жалағаш жұрты жылдағы үрдіспен аудан орталығындағы «Тағзым» алаңында орналасқан «Қарақұм көтерілісі» ескерткіші алдына жиналды. Жиналған халық ескерткіш алдына гүл шоғын қойып, солақай саясаттың қандықасап жендеттерінің қолымен жазықсыз жазаланған құрбандардың рухына құран бағыштап, бір сәт үнсіздікпен еске алды.
«Дәл осындай зарлы үн XX ғасырдың басында қазақтың жерін жайлап еді. Қайран, қазақ елі... Бүгінгі ұрпаққа айта алмаған, жеткізе алмаған, жан дүниеңді дір еткізетін сырға, мұңға толы тарихи парақтары қаншама. Иә, қазақ халқы бұл дүниеде не көрмеді? Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан бастап, «репрессия» жылдарына дейінгі аралықта халқымыздың осынау кең жаһан далада жойылып кету қаупі тұрған еді. Шүкір, елін сүйген ата-бабаларымыздың жанкештігі, қайраткер, қайсарлығы арқасында біз кең байтақ жерде, ашық аспан астында бебіт ғұмыр кешіп жатырмыз. Сондықтан кейінгі ұрпақ қуғын-сүргіннен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін әрқашан еске алып, ұлықтайды. Біз өткен тарихты ұмытпаймыз. Олардың ерлік жолы үнемі мақтанышпен айтылады. Зұлмат жылдардың жаңғырығы халық жадынан өшпейді. Кешегі арыстардың ізін басар бүгінгі буын аянбай еңбек етпек. Тәуелсіздігіміз баянды болсын, қасіретті жылдар қайталанбасын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деді аудан әкімі Асқарбек Есжанов.
Жаппай ел-жерді ұжымдастыру кезінде солақай саясаттың құрбаны болған, елім-жерім деген ұлтжанды батырлардың тікелей ұрпағы Оспан Жанұзақ ақсақал да «Қарақұм көтерілісі» ескерткіші алдына гүл шоғын қойып, әке аузынан естіген естеліктерін елге тарту етті.
«Кеңес өкіметі орнағаннан-ақ қазақтар әртүрлі қысымға ұшырады. Кеңес билігінің жандайшаптары өз азаматтарын туған елінен бездіріп, сол кездері қазақтардың негізгі күнкөріс көзі болған төрт-түлік малын тартып алып, бала-шағасымен қоса қаңғыртып жіберді. Тәркілеу науқаны аяқталған соң да бай ұрпақтарын қудалауды жалғастыра берді. Соның салдарынан байларды айтпағанның өзінде кедейлердің тұрмыс жағдайы одан бетер қиындап кетті. Солақай саясат халық наразылығын тудырып, жұртшылықтың көтерілісіне ұласады. Кеңес өкіметіне қарсы шығып, наразылық білдіргендер жаппай ұсталып, бірі атылса, бірі жер аударылып, қамауға алынады. Шаш ал десе, бас алатын шолақ белсенділердің заманы туып, жаппай жазалау шаралары жағдайды мүлдем шиеленістіріп жібереді. Міне, біздің ата-бабаларымыз бүгінгі жайма-шуақ күн үшін қандай қасіретті күндерді басынан өткерді. Сондықтан кейінгі ұрпақ Тәуелсіздігіміздің бағасын жақсы түсініп, бағалай білуіміз қажет», – деп Оспан ақсақал аталық ақылын да айтты.
Иә, Кеңес үкіметінің солақай саясатының салдарынан болған нәубет-тен әсіресе қазақтың жоғалтқаны көп. Ашаршылықты айтпағанда 100 мың адам осы қуғын-сүргіннің құрбаны болды. 20 мың адам атылды, олар Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты қазақтың жанашыры, өз Отанының патриоты, біртуар азаматтары еді.
Адам айтқысыз қасірет Жалағаш ауданынан да айналып өткен жоқ, ел 100-ге жуық ер-азаматынан айырылды. 1938-1944 жылдары коммунистік режим өңірімізге кәріс, Еділ бойының немістері, грек, молдаван, шешен, ингуш секілді т.б. мыңдаған өзге ұлт өкілдерін зорлап жер аударды. Мұрағаттық деректерге сүйенсек, 1937-1938 жылдары ақпан айында ауданымызға Қиыр шығыстан 3078 кәріс, 1944 жылдың 10-11 наурыз күндері Жалағаш станциясына Кавказдан 3885 адам, яғни 894 отбасы, оның ішінде 765-і ер, 1065-і әйел, 2055-і балашешен-ингуш күштеп жер аударылып, қоныстандырылған. Десе де көңілі ақ, пейілі таза қазақ жұрты жер аударылғандарды өз ағайынындай қабылдады, олар Жалағаш жерінен өздерінің екінші Отанын тапты деуге әбден болады.
Бір сәт тарихқа көз жүгіртсек, осы қасіреттің бірден бір себепкері Голощекин және оның жандайшаптары қазақ даласындағы сұмдық апат туралы:
«Бұл халықтың қырылғанына біз емес, өздері кінәлі. Еңбектенгісі келмейтін жалқаулығынан қырылып жатыр» деп Сталинге хат жазады. Осылайша, «қазақ жалқау» деген пропагандалық сөз арқылы өздерінің адам төзгісіз айуандықтарын ақтап алмақ болған.
Ал бұл туралы тарихшы, академик Манаш Қозыбаев:
«Голощекин аштан өлмеудің қамын ойлап тентіреген қазақтардың жағдайына бәлендей бас ауыртқан жоқ. Ол өзі республиканы басқарған 8 жыл ішінде бір рет те қазақ ауылында болып көрмепті», – деп Голощекиннің сөзі мен ісінің сәйкес келмегендігін әшкерелеп жазады.
Иә, бүгінгі Тәуелсіздік кезеңінде өмір сүріп жатқан келешек ұрпақ ұлтқа қиянат жасаған осындай сатқындарды әшкерелеп, олардың тарихтағы қылмыстарын айтып, жазуға тиіспіз. Қанды қасаптың қасіретін тартқан ел біздей-ақ болар. Өткеннен сабақ алып, салауат айтып, тіріге тілеулес болайық, ағайын!