Kyzylorda-news.kz. 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл – күллі қазақ жұртының көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күн. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз жандардың қаны мен көз жасына жуылған тарихтың шерлі беттерінің бірі. Осы жылдары жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімін ұмытпау және оларды мәңгі есте сақтау – бүгінгі ұрпақтың борышы. Осындай мақсатта сәрсенбі күні аудандық қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында және облыстық «Жастар Одақтары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған арнайы іс-шара өтті.
Шараға аудан әкімі Нұржан Ахатов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, сондай-ақ бірқатар сала мамандары қатысты. Ең әуелі өңір басшысы аудан халқының атынан бірқатар зиялы қауым өкілдерімен бірге зұлмат құрбандарын еске алып, олардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Мұнан соң Шиелі жұрты саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Артынша аудан әкімі Нұржан Ахатов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, сондай-ақ нәубетті жылдарда қазақ жеріне қоныс аударылған шешен ұлтының өкілі Мума Закаев сөз алды.
«Кеңестік қызыл империя қазақтың қасіретіне айналды. Жазықсыз атылғандардың басым көпшілігі қазақтың бетке ұстар, көш бастаушы ағартушы, ұлт көсемі болуға лайықты Алаштың арда азаматтары еді. Қаншама нәубет жылдарды бастан кешірген мықтылардың айтқан зары мен кешкен мұңы, жүріп өткен жолдары – бүгінгі ұрпақтың мәңгі есінде сақталмақ. Қазақ халқы сол жылдарда орасан шығынға ұшырағанына қарамастан, өзінің бірегей ұлттық болмысы мен асыл қасиеттерін сақтап қалды. Қатыгездікке бой алдырмай, қанша ғасырлық даналығын да, пайымы мен парасатын жоғалтпады. Ал мұндай ұлттың тәуелісіздіктің шынайы бағасын білмеуі, жүрекпен сезінбеуі мүмкін емес. Сондықтан кейінгі жастар мына бейбіт күннің қандай шығынмен, қанмен келгенін ұмытпауы тиіс», – деді аудан әкімі.
Аудан әкімінің сөзінен кейін қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына арналып құран бағышталды. Айта кетейік, саяси қуғын-сүргін кезінде Шиелі ауданында мыңнан аса адамның басым бөлігі жазықсыз атылып кетті. Ал 1944 жылы 95 адам жер аударылса, 1945 жылы олардың саны 681 азаматқа жеткен. Иә, қанша жасырып, бүркегеніңмен, ақиқаттың аты өшпейді. Оған осы жолы да көзіміз тағы бір мәрте жетті.