Kyzylorda-news.kz Қазақ әуел бастан бірін-бірі батыр дейтін халық. Сөз қадірін білетін текті халық үшін бұл сөздің астарында терең мән-мағына жатыр. Бір ұлы топқа түссе бүкіл ел болып тақымын қысып, қолдау көрсету сияқты асыл қасиеттерді тұла бойына дарытқан жұрт, жуырда тағы бір баласының жеңіс тұғырынан көрінген сәтіне куә болды. Жуырда ғана Шиелі ауданының орталық алаңында өткен «Алыптар сайысы» жарысында топ жарып, шеберлігімен бас бәйгені қанжығалап ел мерейін өсірген, атадәстүрге адал, ұлттық спортты бала күнінен жанына серік еткен азамат, гір тасын көтеруден Қазақстан Республикасының спорт шебері, Әлем біріншілігінің жүлдегері, ММА спортынан (Битва Титанов) турнирінің чемпионы Қуаныш Шәріпбекұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Қуаныш Шәріпбекұлы, жерлестеріңіздің ыстық ықыласына бөленіп, кезекті жеткен айтулы жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Кіл мықтылар қатысқан «Алыптар сайысы» қалай өтті, көңіліңізден шықты ма? 

– Ассалаумағалейкум! Өзімнің туған жерім, талай алыптарды дүниеге әкелген киелі өңір Шиелімде өткізілген республикалық жарыс мен үшін үлкен жауапкершілікті талап етті. Себебі, сенім артып отырған бауырларым, достарым, жақындарым келіп тамашалады. Ол кісілердің алдында әуелі Алла, одан соң қалың көпшіліктің қолдауының арқасында намысты қолдан бермедік. Бұл жарыстың біздің Қызылорда облысы, соның ішінде Шиелі ауданында өтуінің өзі үлкен жетістік деп білемін. Бүгінде «Алыптар сайысы» Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауындағы V дүниежүзілік көшпенділер ойынының қатарына енгізілген болатын. Осынау жарысты қолға алып, жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ауданның белсенді азаматтары мен орталық мешіт қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіремін. 

– Көпшілік тамсана тамашалаған толағайлар сайысы найза лақтыру, 100 келі тасты құшақтап қашықтықтан жүріп өту, бөрене, гір тасын көтеру сияқты бірнеше кезеңдер бойынша өтті. Осы сайыстардың арасында өзіңізге қай түрі қиынға соқты? 

– Иә, бұл жарыс білектің күшін көп қажет ететіндіктен, арасында қиын сәттері де болды. Жарысқа сайдың тасындай іріктеліп өзге облыстан келген спортшылардың салмағы менен едәуір үлкен. Арба сүйреу кезеңінде 90 келі салмағымның күші аздау болып, дегенмен шыдамдылық танытып соңғы минуттарға дейін қолдан келгенше тырысып, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Алдағы уақытта сала мамандарымен бірлесіп, «Бала толағай» сайысын ауданда жастар мен мектеп жасындағы балалар арасында өткізу жоспарда бар. Келешек ел тізгінін ұстар өскелең ұрпақтың ұлттық спортпен айналысып, үлкен белестерді бағындыруына үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. 

– Қуаныш мырза, осы тұста отбасыңыз жайлы, спортқа басқан алғашқы қадамдар жайында сөз қозғасаңыз? 

– Спортқа деген қызығушылық бала күннен басталды. Ол күндері ауылдық жерде тек қазақша күрес және футбол үйірмесі болатын. Екеуіне де қатысып, жаттықтырушылардың кеңесін тыңдап, жарыстарға шыға бастадық. Мектепті бітірген соң жоғары оқу орнына түсіп, университетаралық спартакиада сайыстарында барлық спорт түрі бойынша бақ сынадым. Университет қабарғасында жүргенде өзіме қатты ұнағаны гір тасын көтеру спорты болды. Бірде спартакиада жарысында гір тасын көтеруге қатысқанымда, ол жерде ҚР аға бапкері Серік Нұрғалиұлы да отырған болатын. Жарыс аяқталған соң қасыма келіп, өзінің жаттығу залына шақырып, талантымды шыңдауға ақылкеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісті. Сонымен 17 жасымда гір көтеру спорт түріне келдім. Отбасымда 3 ағайындымыз. Мен үйдің кенжесі әрі еркесі болып өстім. Менің еркелігімді көтеріп, спортқа келуіме себепкер болған асқар тау әкем Шәріпбек Жандилдаев пен марқұм анам Зағипа Жұманазарованың еңбегі зор. 

– Әрбір ата-ана үшін баласының амандығы, жеткен жетістігі үлкен бақыт қой. Сондықтан әлі де бағындырар белестеріңіз, жеңісті күндеріңіз көп болсын дейміз. Енді алдағы жоспар-мақсатыңызбен бөлісе отырсаңыз. 

– Бүгінгі таңда өзге спорт түрлерімен айналысып, бағымды сынап көріп жүрмін. 2 жылға жуық уақыт болды грэпплинг күресіне қатысып, Азия біріншілігінің қола жүлдесіне ие болдым. Сонымен қатар, елімізде өтіп жатқан «Күш атасын танымас», «Алыптар сайысы» секілді додаларда жеңіс тұғырынан көрініп, тәжірибе жинақтаудамын. Құдай қаласа алдағы уақытта ұлттық спортымыздың дамуына үлес қосып, әлем елдерінің алдында көк туымызды желбіретіп, қазақ жігіттерінің қара күш иесі екенін көрсету мақсаты тұр. Бүгінгі таңда спортпен әуесқой түрде шұғылданып жүрмін. Өзім Астана қаласында «Титан секьюрит» күзет фирмасының директорымын. Алайда, спорт әлемінен бір сәтке қол үзген емеспін. Аллаға шүкір бүгінде спортпен шұғылданып жүрген жастарымыздың қатары күн санап көбейіп келеді. Қайсарлық пен шыдамдылықты қажет ететін ұлттық спортқа қадам басқан барлық бауырларыма сәттілік, жеңіс тілеймін. Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік болсын! 

– Қуаныш Шәріпбекұлы, алтын уақытыңызды қиып, сұрақтарымызға мардымды жауап бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Жеңісті күнде жолыққанша!

 

Сұхбаттасқан М.ИБРАГИМОВ

Тағы да оқыңыз: