Kyzylorda-news.kz. Қай кезеңде де қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсуі – елдің өсуі, ұлттың өсуі. Тәуелсіздігіне тәубе етіп, Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр.
Өркениетке қол созған еліміз үшін экономикалық өсіммен қатар елдің рухани бай құндылықтарын да дамыту мәселесі қолға алынды. Заманауи жабдықталған мәдениет ошақтары салынып, ел игілігіне берілді, түрлі бағдарлама негізінде елдің мәдени білімін тереңдету, ең бастысы ел дамуы үшін мәдениеттің де озық деңгейде дамуы қарастырылды. Өнер мен мәдениет егіз ұғым. Бір-бірінсіз жетімсіреп тұратындай. Мәдениеттің мәйегі өнер арқылы дәріптеліп, халықтың құлағына жетіп жатады.
Біз ауылды небір таланттардың түлеп ұшқан алтын бесігі деп білеміз. Ауыл жағдайы түзелсе, ең алдымен елдің жағдайы жақсарғаны, ауыл мәдениеті өркен жайса, бүкіл қазақтың мәдениеті шарықтау үстінде деп түсінетініміз де сондықтан. Осы өлең-жырдың, өнердің ортасына айналып отыруы тиіс қара шаңырақ – ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ауыл-аймақтардың өнерге деген ықыласын, ұлт мәдениетіне деген ілтипатын байқатан мәдениет ошағының бүгінгі жағдайына мемлекет тарапынан мән беріліп келеді. Жаңа ғимаратпен қамтылған осындай өнер ордасының бірі – Қармақшы ауданына қарасты Қуаңдария ауылдық клуб үйі.
Жұмысы жүйелі, ұжымы ұйымшыл өнерлі жандардың ауылға берері мол. Клуб үйінде 4 үйірме жұмыс жасайды. Олар – ән, би, әзіл-сықақ үәірмелері мен «Бірлік» үгіт бригадасы. Барлығына 42 мүше тартылған. Клуб үйінде 3 мәдени қызметкер, 6 техникалық қызметкер жұмыс істейді. Қазір клубты білікті басшы Замира Қамбарова басқарады. Сонымен қатар, клубта «Сырғалым», «Айгөлек» бишілер тобы жұмыс істейді. Қуаңдария ауылдық клуб қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, ашық аспан астында «Жеті қазына» атты клуб қызметкерлерінің облыстық байқауы кең ауқымды дәрежеде өтті. Жобаның мақсаты – қазақтың ұлттық салт дәстүрлерін, ұлттық ойындарын жаңғырту. Аталған жобаға 8 ауданнан клуб қызметкерлері қатысты. Жобаның шарттары – өз өзін таныстыру, видеоролик жасау, асық ату, ләңгі тебу. Аталған жобада бас жүлдеге ие болған, Қазалы ауданы, Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі жанындағы халық театр режиссеры Бақытбек Макеев. Жаңақорған ауданы мәдениет үйі директоры Жәнібек І орынға ие болды. Жүлделі ІІ орынға Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылдық клуб үйінің директоры Байменов Талғат ие болды. ІІІ орынға Жалағаш ауданы ие болды.
Облыстық байқауларға келсек, облыстық телеарналық «Таншолпан» байқауынан Айару Найманова алғыс хатпен марапатталды. Облыстық «Абай шығармалары» байқауынан Айзада Аймырзаева алғыс хатпен, «Қазақтың ұлы тұлғасы» атты облыстық жыр мүшәйраға Серікболсын Жанәбілов қатысып жүлделі ІІ орынға ие болды.Ал аудандық «Таншолпан» байқауынан Айару Найманова облыска жолдама алды. «Бозторғай ХХІІІ» балалар шығармашылығы байқауының аудандық іріктеу турына Қалжан Арайлым көркемсөз жанры бойынша қатысып, алғыс хатпен марапатталды. «Бақытты отбасы, бақытты ел» аудандық фестивальға Әптаевтар отбасы қатысып, диплом алса, аудандық «Ата мен әже – қазақи тәрбиенің бастау бұлағы» атты аудандық байқауға Айсұлтан Бегалы әжесі Роза Мұстафаевамен қатысып, алғыс хатпен марапатталды. Аудандық «Өнер шамшырағы» атты байқауға, ән жанры бойынша Айару Найманова, Ботагөз Асылбек, көркем сөз жанры бойынша Айғаным Аймырзаева қатысып алғыс хатпен марапатталды.
Аймақтық байқау бойынша «Пай пай қазақтың келіндері-ай» атты аймақтық келіндер сайысына Гүлдерай Алдабаева қатысып «Инабатты келін» номинациясымен марапатталды. Өркениетке өз өзегімізден ажырамай, өз мәдениетімізді өгейсітпей ілесу міндет екені даусыз. Ұлттық құндылықтарымыздың бастауы, негізгі тіні ауылда екенін естен шығармауды құнттаған істер жалғасын таба берсін дейміз.