Kyzylorda-news.kz Соңғы жылдары өңірде денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Бірнеше аудан әкімінің тұсында Мырзабай ахун ауылындағы ағайынның талап-тілегі былтыр орындалды. Дәл осы жылы аудандағы қос бірдей ауылға, яғни Жалағаш ауданына қарасты Мырзабай ахун мен Есет батыр ауылдық округіне дәрігерлік амбулаториялық емхана салынып, ел игілігіне пайдалануға берілген болатын. 

Мырзабай ахун ауылында бүгінде 1420 тұрғын бар. Елді мекендегі емдеу нысаны осыдан бірнеше жыл бұрын салынған. Ғимарат ескі, сондықтан денсаулығы сыр берген тұрғындар аудан орталығына барып ем қабылдайтын.  Ал қазір ауыл тұрғындары емделу үшін ауданға атбасын бұрмайды. Себебі басы ауырып, балтыры сыздаған жандар енді бұ­рынғыдай ем іздеп алысқа сабылмай-ақ ауылдық дәрі­герлік амбулаторияның білікті қызметкерлерінің көме­гімен жанына шипа табады. 

Ғимарат ішінде тіркеу орны, аптекалық бекет, қабыл­дау, оқшаулау, физотерапиялық емдеу, егу бөлмелері, ла­боратория, архив, жалпы тәжірибелік дәрігердің кабинеті, әйел­дерді қарау бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де арнайы бөлме жабдықталып, қолайлы жағдай жасалған. Мұнда  1 дәрігер, 1 аға мейірбике, 2 мейірбике,  1 фельдшер, 1 акушер мейірбике, 1 ем-шара жүргізетін мейірбике, 1 зертханашы, 2 кіші аяжан бар. 

Емхана жұмысымен таныстырған медбике Меруерт Болатқызы мұнда 5 орынды күндізгі емдеу стационары да жұмыс істейтінін айтады. Әңгіме барысында ауылдық амбулаторияның күндізгі емдеу стационарында ауыл тұрғындары күнделікті ем қабылдап жатқанын байқадық. Олар ақхалатты абзал жандарға риза екенін айтып, жаңа емхананың пайдалануға берілгенін қуанышпен жеткізді. Солардың бірі – Анар Әзірбекова. Ол бұрын денсаулығы сыр бергенде аудан орталығына барып ем алса, қазір ауылдағы дәрігерлердің бақылауында. Ақжаулықты ананың айтуынша, мұндағы қызмет көрсету сапасы аудандық емханадан еш кем емес. 

Заманауи медициналық құрал-жабдықтардың көме­гімен дәрігерлер экг аппараты арқылы тұрғындардың жүрек ауруын дер кезінде тексеріп, қан арқылы түрлі талдау жұмыстарын жүргізе алады. Сондай-ақ емханада үлкендерге және балаларға арналған ингаляция құралы мен қант диабетін тексеретін құрылғы бар. 

– Күніне 20-ға жуық науқас көбіне қанқысымы, жүрек, қаназдық, тұмау сырқатымен шағымданып келеді. Олар дәрігер тағайындаған ем бойынша күндізгі бөлімнен ем қабылдайды. Біздің басты міндетіміз – аурудың алдын алу, науқастың диагнозын дөп тауып, уақытында ем-шара қолдану. Халықты дәрігерлік тексерістен өткізіп тұру, – дейді мейіргер Меруерт Болатқызы. 

Акушер мейірбике Мереке Ыбраеваның айтуынша, мұнда былтыр 28 әйел жүктілік бойынша тіркеліп, оның 19-ы аман-есен босанған. Ал жыл басынан бері 7 әйел тіркелсе, биыл 5-еуі босанып, үйіне аман-есен шыққан. Жалпы туу жасында 215 әйел бар. Сондай-ақ ауылда мүмкіндігі шектеулі 30 адам бар. Емханада олар үшін де арнайы кабинет қарастырылған. Олар диагноз бойынша тағайындаған ем-шараларды уақытылы қабылдап, үнемі дәрігер бақылауында болады. 

Айта кетейік, амбулатория құрылысын «Бақ-Береке – 2030» ЖШС салды. Емхана Ел Президентінің бас­тамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Ауруы жанына батып келген тұрғындарға қажетті ем-шараларын жүргізіп, дәрімен де, сөзімен де жәрдем беретін мұндағы ақхалатты абзал жандардың еңбегі ерен. 

Тағы да оқыңыз: