Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті QS World University Rankings: Asia 2027 рейтингінде 578-орынға ие болып, өткен жылғы көрсеткішін 15 позицияға жақсартты. Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында университет 22-орынға тұрақтады.
Биылғы рейтинг QS Asia тарихындағы ең ауқымды рейтинг болды. Оған 26 ел мен аумақтағы 1700-ден астам жоғары оқу орны, соның ішінде Қазақстанның 51 университеті енді.
Рейтинг академиялық және жұмыс берушілер арасындағы бедел, ғылыми жарияланымдар мен дәйексөздер саны, оқытушылар мен студенттердің арақатынасы, халықаралық ғылыми байланыстар, шетелдік оқытушылар мен білім алушылардың үлесі, сондай-ақ академиялық ұтқырлық көрсеткіштері негізінде жасалды.
Қорқыт ата университеті академиялық бедел көрсеткіші бойынша 92 позицияға көтеріліп, 307-орынды иеленді. Бұл нәтиже – білім сапасын арттыру, ғылыми әлеуетті дамыту және халықаралық байланыстарды кеңейту бағытындағы жүйелі жұмыстың жемісі. Университет ұжымының бірлескен еңбегі алдағы уақытта да Қорқыт ата университетінің халықаралық білім кеңістігіндегі беделін нығайтуға негіз болмақ.

