Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Qyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігінің алғашқы бас редакторы Елібай Жікібаевтың туғанына 70 жыл толуына арналған «Аймақтық ақпараттық агенттіктерді ЖИ технологиялары арқылы дамыту, модернизациялау және бәсекеге қабілеттілігін арттыру стратегиялары» атты ғылыми жоба байқауының қорытынды отырысы өтті.

Байқаудың негізгі мақсаты – жасанды интеллект технологияларын аймақтық журналистикада тиімді пайдалану жолдарын қарастыру, студенттердің инновациялық идеяларын қолдау және ақпараттық агенттіктердің жұмысын жетілдіруге бағытталған ғылыми-практикалық ұсыныстарды саралау.

Жиынға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығының оқытушылар құрамы, студенттері, «Сыр медиа» ЖШС басшылығы, «Qyzylorda-news.kz» АА ұжымы және Елібай Зұлқарнайұлының әйелі Ұлтусын Агбаева мен бауырлары қатысты.

Жиынның ашылуында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» білім беру бағдарламасының жетекшісі, аға оқытушы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлзира Оралова мен «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев сөз сөйлеп, байқаудың маңызына тоқталды. Олар Елібай Зұлқарнайұлының кәсіби маман ретіндегі қызметі жайлы айтып, журналистика саласындағы цифрлық өзгерістерге бейімделудің, заманауи технологияларды меңгерудің және болашақ мамандардың кәсіби әлеуетін арттырудың өзектілігін атап өтті.

Іс-шараның маңызды бөлігі Елібай Зұлхарнайұлы Жікібаевтың өмірі мен кәсіби қызметіне арналды.

2011 жылы Қызылорда облысында қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Qyzylorda-news.kz» интернет басылымы өңірдегі жаңа медианың қалыптасуына үлес қосты. Басылымның негізгі идеясының авторы – белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Оңғарбаев. Ал интернет газеттің алғашқы бас редакторы қызметіне журналист, сол кезеңде «Караван» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болған Елібай Жікібаев тағайындалды.

Ол кезде интернет басылымдардың жұмысы енді қалыптасып, әлеуметтік желілер бүгінгідей кең таралмаған. Осындай кезеңде жаңа ақпараттық жобаның жұмысын жолға қою, редакциялық ұжымды қалыптастыру және жедел ақпарат тарату ісін ұйымдастыру үлкен жауапкершілікті талап етті. Елібай Зұлқарнайұлы журналистикадағы мол тәжірибесін осы міндеттерді орындауға жұмсап, өңірлік интернет басылымның дамуына еңбек сіңірді.

Кездесу барысында Елібай Жікібаевпен бірге еңбек еткен Насреддин Бахманов естеліктерін бөлісті. Сондай-ақ «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов журналистің кәсіби болмысы мен әріптестік қарым-қатынасы туралы пікір білдірді. Естеліктерде Елібай Жікібаевтың журналистикаға адалдығы, жауапкершілігі және жаңа ақпараттық жобаларды жүзеге асырудағы еңбегін атап өтті.

Айта кетейік, аталған байқауға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Гуманитарлық-педагогикалық институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» білім беру бағдарламасы бойынша журналистика мамандығында білім алатын 3–4-курс студенттері қатысты.

Ғылыми жоба.jpeg

Байқау талаптарына сәйкес, қатысушылар журналистика және медиаменеджмент, IT, дата-журналистика, инновациялық шешімдер мен контент әзірлеу бағыттары бойынша ғылыми жобаларын ұсынды. Жобаларда аймақтық ақпараттық агенттіктердің жұмысын жетілдіру, редакциялық үдерістерге заманауи технологияларды енгізу және медиа өнімдерінің сапасын арттыру мәселелеріне басымдық берілді.

Байқауға барлығы сегіз жоба келіп түсті. Сараптау қорытындысы бойынша олардың ішінен төрт жоба іріктеліп, авторлары қорытынды жиында өз жұмыстарын таныстырды.

Жобаларды бағалау комиссиясының төрағасы Жәнібек Исаев байқауды сараптау жұмыстары туралы сөз сөйледі. Ол жасанды интеллектіні медиа саласына енгізудің теориялық негіздерімен қатар, оның нақты редакциялық міндеттерді шешудегі қолданбалы маңызын атап өтті.

Байқау қорытындысы бойынша 3-орынды Ж-24-1 оқу тобының студенті Қарақат Медетқызы, 2-орынды Ж-23-3 оқу тобының студенті Зейнеп Сәрсенмұратова, 1-орынды Ж-23-1 оқу тобының студенттері Ақбота Сейтқасымова мен Ердос Есқали иеленді. Жеңімпаздарға диплом және қаржылай сыйлық табысталды. Басқа қатысушылар Алғыс хатпен марапатталды.

Елібай Жікібаевтың 70 жылдығына арналған байқау оның журналистика саласындағы еңбегін еске алумен қатар, кейінгі буынның кәсіби ізденісіне жол ашты.

Мұндай іс-шаралар университет пен «Сыр медиа» ЖШС арасында ғылыми және тәжірибелік жұмысты жалғастыруға, студенттердің тың идеяларын қолдауға және өңірлік журналистиканы заманауи талаптарға сай дамытуға мүмкіндік береді.

Ғылыми жоба.jpeg

Тағы да оқыңыз: