Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылындағы Баян Аманқұлованың елді мекенде қой шаруашылығын дамыту арқылы табыс табуды жоспарлап жүргеніне де бірнеше жылдың жүзі болыпты. Үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жанның талабы таудай. Алайда оған өз жобасын тұрғылықты жерінде жүзеге асыру үшін қаражат мәселесі қолбайлау болған көрінеді. Болмаса жайылымдық жері мол тіректі елді мекенде уақ мал өсіру ісін қолға алу жоба авторы үшін таптырмас мүмкіндік екенін жақсы білеміз. 

Кейіпкеріміздің күн тәртібіндегі мәселесі жуырда кәсіпкерлік саласында серпін қалыптастыруды көздейтін мемлекеттік бағдарламаның арқасында шешімін тапты. Жұмыссыз азаматша осыдан бірнеше жыл бұрын “Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы арқылы бағын сынауды жөн деп тапқан. Аққұмдағы жергілікті әкімдік мамандарының кеңесімен өз жобасын әзірлеп, оны комиссия мүшелері алдында қорғауға бел буған еді. Бір қуантарлығы, қайтарымсыз қаржымен қолдау тапқан жобалардың қатарына Баянның да баянды жобасы қосылды. Ол бастапқыда тиісті қаражатқа 13 бас қой мен 1 қошқар сатып алған. 

– Өзім жұмыссыз адаммын. Бірақ қарап отырғым келмейді. Реті келсе, бір кәсіп көзін тауып, салада өзімнің қолтаңбамды қалдыру арқылы табыс тапқым келеді. Ауылдық жерде мал шаруашылығын дамыту қиынға соқпайды. Себебі бізде жайылымдық жер мәселе емес. Осы жағын ойлана келе қой шаруашылығын дамытуды жобаның негізгі тақырыбы етіп алдым. Құрбан айт, Рамазан сынды дәстүрлі мерекелерде уақ малдың өтімді болатынын жақсы білемін. Алайда мен бірінші кезекте мал басын көбейтуге күш салдым. Содан кейін барып өз өнімімді нарыққа шығардым. Жем-шөптен ауылда мәселе бола қоймайды. Сондықтан қыс мезгілінде болмаса, мал азығынан аса таршылық сезінемін деп те айта алмаймын, – дейді Баян Аманқұлова. 

Осыған дейін аталған бағдарлама аясында қайтарымсыз қаржыға ие болғандардың қатарында уақ мал өсіруге талаптанғандар да болып еді. Қазір олардың алды жобасының жемісін көріп те жатыр. Кейіпкеріміздің де алдағы уақытта бастаған ісін дамытуға мүмкіндігі мол. Ол үшін тек қаржыны мақсатты жұмсаса жетіп жатыр. 

Баян Аманқұлова үлкен кәсіпорындар жұмысының бастауы шағын кәсіп болғанын айтады. Өзі де болашақта бұл жобаның ауқымын кеңейтуге күш салмақ ниетте. Тіпті бұл мақсатына қол жеткізсе, өзі секілді жұмыссыз жандардың екі қолға бір күрек табуына сеп боламын деп отыр. Ол үшін үлкен еңбек, талап, қайрат қажет. Бұл қасиеттердің барлығын бойына жиған Баянның бастамасы бізге де ұнап отыр. Себебі мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз қаржы көлемі шектеулі. Ал мұнымен уақ мал өсіру арқылы табыс табуға мүмкіндік мол. 

– Жобаны қорғап болғаннан кейін комиссия мүшелері берілген қаражаттың мейлінше мақсатты жұмсалуы қажеттігін ескертті. Бір жағынан жергілікті салық басқармасына тиісті салығымды да төлеп тұруым қажет екен. Кәсіп бастауыма қолайлы жағдай жасап отырған мемлекеттің мұндай жауапкершілігінен қашпадым. Керісінше заң аясында өзімнің жобамды ауылымда жүзеге асырып, кірісімді еселесем деймін. Алдағы уақытта мал басын арттырып алсам, қосымша жұмыс көзін ашу да ойда бар. Ол үшін кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар көмегіне жүгініп, шаруамның ширауына дем беруім керек. Оны уақыт көрсетеді. Бастысы, іс бастаймын деген жандарға қолайлы жағдай жасап отырған мемлекетке алғысым шексіз. Қазір халықтың көбісі жаппай кәсіпкерлікке бет бұрып жатыр. Мен де солар секілді салада серпін қалыптастырсам деймін. Ал нәтижесін алдағы уақытта көре жатармыз, – дейді жоба авторы. 

Айта кетейік, осыған дейін Жалағашта Баян секілді талапты жандардың бірнеше жобасы қайтарымсыз қаржылай қолдау тапқан еді. Кешегі соңғы комиссия отырысында олардың қатарын тағы 15 жоба толықтырды. Бір қуантарлығы, қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламаның жемісін көріп, өз ісін өрістеткен жалағаштықтар кәсібінің жемісін көріп отыр. Бірі кондитерлік өнім өндіруді қолға алса, енді бірі тез дайындалатын тағамдар әзірлеу арқылы пайда тапсам дейді. Ал аграрлық аймақта мал шаруашылығын өз жобасына арқау еткен Баянның да бұл бастамасы алдағы уақытта жемісін берері анық. 

Тағы да оқыңыз: