Kyzylorda-news.kz Департамент бастамасымен Қоғамдық кеңесі жанынан құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия отырысы өтті.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары А.Ашиков, «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысық филиалының басшысы Л.Бақтыбаева, Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Е.Бәкіров, аталған комиссия мүшелері және облыстың спорт, білім басқармалары басшылары қатысты.
Отырыста, өңірлік Антикор басшысының бірінші орынбасары А.Ашиков облыстың дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы мен оған қарасты мекемелердің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері жөнінде баяндама жасады.
Атап айтқанда, спорт саласында орын алған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, оның ішінде қаржылық жоспарлаудағы, «Қайсар» футбол клубы қызметіндегі және спорт мектептеріндегі тәуекелдер мен проблемалық мәселелері жөнінде жеткізді.
Мысалы, талдау барысында өңірдің бірқатар спорт мектептерінің есепшілері бюджет қаражатын өз есеп шоттарына артық аударып алу, оқу-жаттығу жиындарға бөлінген қаражатты тиімсіз пайдалану, еңбекақы лимитін сақтамау, жаттықтырушылардың жалған дипломмен жұмыс атқару және т.б. фактілері анықталғаны белгілі болды.
Нәтижесінде, бұл салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді жою және алдын алу мақсатында Департаментпен 17 ұсыным енгізілді.
Сонымен қатар, білім беру саласында бюджет қаражатын жоспарлау және игеру барысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу мәселелері талқыланды.
Жиын барысында облыстың Спорт және Білім басқармасы басшыларының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша есептері тыңдалды.
Алдағы уақытта Департаментпен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлескен жұмыс жалғасатын болады.