Kyzylorda-news.kz Қоғамның тыныштығын күзетіп, күн-түн демей, уақытпен санаспай жұмыста жүретін полицейлер қауымының да қызметін ерекше құрметке лайық дер едім. Қауіп-қатерге толы қызметін абыроймен атқарып, қызмет бабында қапыда қаза тапқан қоғам күзетшілерінің ерлігі осы сөзімізді қуаттай түспек. Қоғам тыныштығын күзеткен бүтіндей бір отбасының тағылымды жолын мақаламызға арқау етуді жөн көрдік.  

Осы салада жүріп, айтарлықтай еңбегі сіңген Жалағаш ауданындағы Калменовтер отбасының еңбек өтілі 50 жылдан асады. 1956 жылы 26 ақпанда дүниеге келген Табынбай Калменов Мырзабай ахун ауылының тумасы. Ол 1973 жылы аудан орталығындағы №123 орта мектепті бітіріп, сол жылы Н.В.Гоголь атындағы педогогикалық институтына түсіп, 1977 жылы жоғарғы білім алып шығады. 1977-1979 жылдары аралығында Тәжікстан Республикасы Душанбе қаласында Отан алдындағы борышын өтеген.  1979 жылдан бастап зейнеткерлік жасқа дейін ішкі істер саласында әртүрлі офицерлік лауазымда қызметтер атқарған. Еңбек жолында Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімі бастығының кадр жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып, 2002 жылы демалысқа шыққан. Отставкадағы полиция подполковнигі Табынбай Тұяқбайұлы 2019 жылы ақтық сапараға аттанды, артында ел үшін еткен елеулі еңбегі мен ізін жалғар ұл-қыздары қалды. 

Әке жолын қуған, полицейлер отбасында тәрбиеленген жалғыз ұл Дәулет Калменов те бүгінде отставкадағы полиция майоры. 1981 жылы Қызылорда қаласында дүинеге келген ол әкесі секілді саналы ғұмырын қоғам сақшысы болуға арнады. Еңбек жолында ҚР ІІМ-нің  Шымкент қаласындағы училищесінің тыңдаушысы, Қызылорда облысы, Қармақшы АІІб-нің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, Қызылорда облысы, Жалағаш АІІб-нің КЖТІ жөніндегі тобының учаскелік полиция инспекторы, Қызылорда облысы, Жалағаш АІІб-нің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің маманы учаскелік полиция инспекторы, Қызылорда облысы, Жалағаш АІІб-нің КЖт-ның аға  инспекторы, Қызылорда облысы, Жалағаш АІІб-нің  КЖт-ның әскери-қызметтік дайындық жөніндегі аға инспекторы, Қызылорда облысы, Жалағаш АІІб-нің тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі, сондай-ақ бірнеше жыл аудандық тергеу бөлімшесінің бастығы қызметтерін атқарған. Отставкаға шыққаннан кейін облыстық адвокаттар алқасының адвокаты болып қызмет атқарып келеді. Қоғам күзетшісінің өмірлік жары Айгүл Сейтенова да 2006 жылдан бастап Қызылорда облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасында қызмет атқаруда. 

Сонымен бірге осы отбасындағы Салтанат Калменова да – ерлермен қатар ел тыныштығын күзетіп жүрген полицей қыздардың бірі. Ол ер азаматтармен бірлесе талай қылмыстың бетін ашуға, қоғамдағы тыныштықты сақтауға үлес қосып келеді. Үйде мейірімді ана, ибалы ару. Түзде темірдей тәртіпке бағынған сақшы. Аудандық полиция бөлімінің кадр саясаты тобының инспекторы Салтанат Табынбайқызы бала кезінен әкесі сияқты полицей болуды армандаған екен. Ата-анасының қыз балаға бұл салада жұмыс істеу қиын болады дегеніне қарамастан, осы мамандықты таңдап, бүгінде әке жолын жалғап, абыроймен жауапкершілік жүгін арқалап келеді. Қызмет барысында аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің әскери-қызметтік тәртібі мен кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған іс-шараларды жүргізіп, жеке құраманың моральдық-психологиялық ахуалын қалыптастыру мақсатында да жұмыс істеді. 

– Алғашқы кездері бұл қызметке үйрену оңай болмады. Бізде белгілі бір жұмыс уақыты біткенше ғана жұмыста болу деген жоқ. Түнде де жастарды бақылап, көшедегі тәртіпті күзетіп рейдтерге шығып тұрамыз. Арасында  түн ортасында да шақыртулар болып жатады. Осындай жағдайлар, қызметім мені қаттылыққа, ер мінезді болуға тәрбиеледі. Форма кигеннен кейін халықтың қорғаны болуға, мықты сақшы болуға бейімделдім. Осы салаға келгеннен бері көптеген тәжірибеден өттім. Әйел заты болсам да, ең басты мақсатым – қоғамдық тәртіпті күзету, азаматтардың құқықтарын қорғау деп ойлаймын. Өз жұмысымды жауапкершілікпен, адалдықпен атқаруға тиіспін, – дейді Салтанат Табынбайқызы. 

Иә, қоғам тыныштығын күзету, оны асқан жауапкершілікпен атқару оңай емес екені бәрімізге белгілі. Бұл сала ішкі істер органы болғасын ерлер немесе әйелдер деп бөлінбейді. Ереже, тәртіп бәріне бірдей. Салтанат та отбасында әкесінен, ағасынан алған ақыл-кеңесіне құлақ асып, өмірлік тәжірибесіне еңбек жолында арқа сүйеп келеді. Осы салада бұған дейін ҚР ІІМ-нің  Қызылорда қаласындағы училищесінің тыңдаушысы, Қызылорда облысы, МКҚБ-нің ММ-нің полиция батальонының полицейі,  Қызылорда облысы, Сырдария және Жалағаш ауданының батальонының полицейі, Қызылорда облысы, Жалағаш АІІб-нің кадр саясаты тобының инспекторы  болған. Жұмысына деген адалдығы, халыққа қалтқысыз қызметі еленіп, бірнеше мәрте марапат төрінен көрініп те жүр. 

Калменовтер отбасының полиция қызметіндегі еңбек өтілі 50 жылдан асады. Салғырттықты көтермейтін бұл саладағы  әке-ағаларының сара жолын жалғап келе жатқан Салтанат та қоғамның тыныштығын бірінші орынға қояды. 

Тағы да оқыңыз: