Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданы аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) ауруының алдын алу, инфекцияның таралу қаупін төмендету және тұрғындардың санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді залалсыздандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Санитарлық-профилактикалық іс-шараларға аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов, Алға ауылдық округінің әкімі Алмас Бегалиев, аудандық ветеринариялық станцияның мамандары, «Ұлттық сараптама орталығы» Қазалы аудандық бөлімшесінің «Бактериологиялық және паразитологиялық зерттеу» зертханасының қызметкерлері, сондай-ақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысып, жұмыстардың сапалы әрі қауіпсіз жүзеге асырылуын қамтамасыз етуде.

Іс-шара барысында мамандар ауыл тұрғындарымен кездесіп, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының адам денсаулығына тигізетін қауіп-қатері, аурудың таралу жолдары және одан сақтану шаралары туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Тұрғындарға кене шаққан жағдайда қандай әрекет жасау қажеттігі, жеке бас гигиенасын сақтау және мал шаруашылығымен айналысу кезінде қауіпсіздік талаптарын орындау жөнінде жан-жақты ақпарат берілуде.

Сонымен қатар, елді мекендердегі қоражайлар, мал ұстайтын орындар мен аула аумақтарында кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар ауру қоздырғыштарын тасымалдаушы жәндіктердің санын азайтып, індеттің таралу қаупін төмендетуге бағытталған.

Қазіргі таңда Ү. Түктібаев ауылындағы қоражайларды залалсыздандыру жұмыстарын «Ala Comfort» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Жұмысқа арнайы жабдықталған 2 техника мен 8 білікті маман жұмылдырылған. Мамандар бекітілген кестеге сәйкес тұрғындардың өтініштері мен қажеттіліктерін ескере отырып, залалсыздандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыруда.

Жауапты сала өкілдерінің айтуынша, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бағытындағы санитарлық-профилактикалық шаралар аудан көлемінде алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады. Негізгі мақсат – тұрғындардың денсаулығын қорғау, эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығын сақтау және аурудың таралуына жол бермеу.

Осыған байланысты аудан тұрғындарын жеке қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, аула-қоралардың тазалығына тұрақты түрде көңіл бөлуге, малдарды уақытылы дәрілетуге және кене байқалған жағдайда тиісті мамандарға хабарласуға шақырамыз. Аурудың алдын алу – әрбір азаматтың жауапкершілігі мен сақтығына тікелей байланысты.

Залалсыздандыру жұмыстары Қазалы.jpg

Тағы да оқыңыз: