Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданында аудан әкімдігі мен Қызылорда облыстық адвокаттар алқасы арасында халыққа құқықтық қызмет көрсету мәселелері бойынша ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Алиев, Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Мейірбек Даубалаев, төраға орынбасары Шадияр Наркешбаев, Төралқа мүшелері Бижан Иманғалиев пен Хасенхан Үсеинов, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік мекеме басшылары, медиаторлар және тиісті сала мамандары қатысты.
Кездесуде Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтарға көрсетілетін құқықтық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.
Қол қойылған меморандум аясында тараптар аудан тұрғындарына құқықтық кеңес беру және көмек көрсету бағытындағы бірлескен жұмыстарды күшейтуді көздейді. Бұл өз кезегінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, туындаған мәселелерді жедел шешуге және тұрғындардың құқықтық мәселелер бойынша қажетті мамандарға қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазалы ауданында 4 адвокат кәсіби қызмет атқарып, тұрғындарға құқықтық көмек көрсетуде. Сонымен қатар, ауданда Билер кеңесі мен кәсіби және кәсіби емес медиаторлар дауларды сотқа жеткізбей, өзара келісім арқылы шешу және қоғамдық келісімді нығайту бағытында жұмыстар жүргізіп келеді.
Аталған меморандум – халыққа құқықтық қызмет көрсетуді жетілдіруге, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға және қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіпті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

