Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ардагерлер арасында шағын футбол және үстел теннисінен турнир ұйымдастырылды. Жарысқа Байқоңыр қаласы, Арал және Қазалы аудандары, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларынан арнайы келген жерлестерімізден құралған командалар қатысып, барлығы 70-ке жуық ардагер спортшы бақ сынады.

FB_IMG_1777780535178.jpg

Аудан орталығындағы «Әмір арена» спорт кешенінде өткен жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, аудандық партия филиалының және аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен өзге де сала басшылары қатысты. Олар қатысушыларды Бірлік мерекесімен құттықтап, ардагерлердің басын қосқан игі шараға сәттілік тіледі.

«Бүгінгі жарыс жай ғана спорттық дода емес, ел бірлігі мен достықты, туған жерге деген құрметті айшықтайтын тағылымды шара. Осындай игі бастаманың Қазалы жерінде жоғары деңгейде ұйымдастырылуы баршамыз үшін үлкен қуаныш. Турнирге Байқоңыр қаласы, Арал, Қазалы аудандарының ардагерлері және Алматы мен Астанадан арнайы келген «Замандастар» командасы қатысуда. Бұл елден жырақта жүрсе де, жүрегі туған жер деп соғатын азаматтардың жанашырлығының көрінісі. Жарыс жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйласын. Барша командаларға сәттілік тілеймін. Туған жердің мерейі үстем болсын, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.

Жалпы, қос спорт түрі бойынша жарыс тартысты өтті. Үстел теннисінен І орынды Қазалы ауданының командасы иеленсе, ІІ орын «Замандастар» командасына, ал ІІІ орын Арал ауданының командасына бұйырды.

FB_IMG_1777780526563.jpg

Футболдан І орынды Байқоңыр қаласының командасы жеңіп алса, ІІ орын Қазалы, ІІІ орын «Замандастар» командасына бұйырды.

Жеңімпаздарды аудандық партия филиалының және аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш марапаттап, жоғары деңгейде ойын көрсеткендері үшін қатысушыларға алғыс білдірді. Әр сайыс бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, медальдар, кубоктар және арнайы сыйлықтар табысталды. «Үздік ойыншы» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды. Сондай-ақ қатысушыларға Қазалы ауданы туралы кітаптар мен естелік сыйлықтар тарту етілді.

Тағы да оқыңыз: